“Көшу қиындап жатыр”. Иран қазақтары Тоқаевтан көмек сұрады

Қаракөз Амантай 11 июл. 2025 14:42

Ирандағы қазақ диаспорасының өкілі, Иран қазақтары қауымдастығының төрағасы Тайып Бегей Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Ол Ирандағы төтенше жағдай мен көші-қон мәселелеріне байланысты Мемлекет басшысынан көмек сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Иранда төтенше жағдай екенін білесіздер. Сізге Иран қазақтары туралы шағын ақпарат берейін. Біздің мұнда келгенімізге 100 жыл болды. Бірақ өз салт-дәстүр, тілімізді, мәдениетімізді сақтадық. Құдайға шүкір, 91-ден бері Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алып, біздің Иран қазақтары да 93-тен өз еліне, ата жұртына көшіп бастады. Бұл көште 30 жылдың ішінде жылда 30 үй, 20 үй, 50 үй өз ата жұртына көшіп жүрді”, — дейді ол.

Алайда оның айтуынша, кейінгі жылдары қазақ диаспорасының тарихи Отанына оралуына бірқатар кедергі туындаған.

“Иран қазақтарының құжаттарының ішіне “қазақ” деген ұлтымызды жазған жоқ. Тек қазақтар емес, басқа ұлттардың құжаттарының ішіне де жазған жоқ. Сондықтан біз бұрын Қазақстанға баруға Ирандағы Қазақстан Республикасының елшілігі және консулдығы бізге бір анықтама беретін еді. Бірақ 4 жыл болды, сол тоқтады. Енді баруға “қазақтығыңызды дәлелдетіңіз” дейді. Бұл бізге көшуге үлкен проблема болып жүр”, — деп қосты ол.

Оның айтуынша, бұған дейін Иран қазақтарына үш жылға тегін диаспора визасы берілетін. Алайда қазір бұл да тоқтаған. Соның салдарынан туыстық байланыстар үзіліп, Қазақстанға барып-келу мүмкіндігі шектеліп отыр.

“Ирандағы қазақтардың Маңғыстауда, Қазақстанның басқа да өңірлерінен ағайындары, туыстары бар. Олардың туыстарына баруы қиын мәселе болып тұр”, — деді ол.

Осыған байланысты ол Қазақстан Президентіне үндеу жасады.

“Енді біз, Иран қазақтары, Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраймыз. Бізге қайта анықтама мен диаспора визан берсе, басқа мәселені Қазақстанға барып шешеміз”, – деді ол.


Рекомендовать
Последние новости