"Көріпкел шындықты айтып тұрған жоқ": Байжанов тосын мәлімдеме жасады

Сағыныш Сардарова 24 апр. 2024 12:22 5901

Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында шымкенттік көріпкел жауап берді. Алайда осы іс бойынша екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов куәгердің жауаптарында шындыққа сәйкес келмейтін тұстары бар екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
 
Адвокат Назкен Құсайынова Бақытжан Байжановтан Бишімбаев көріпкелмен нақты қай уақытта сөйлескенін сұрады.
 
"Мен қазір бәрін тыңдап отырмын. Бірінші қоңырауды сағат 14.00-де шалған. Ол кезде мен болған жоқпын. Сағат 15.51-де қоңырау шалғанда, мен жанында (Бишімбаевтың жанында – еск.) тұрдым. Бәрін естіп тұрдым.
Оның жауабы маған көмектесе ме, жоқ па, білмеймін. Бірақ ол шындықты айтып тұрған жоқ. Ол дәрігер немесе жедел жәрдем туралы айтқан жоқ. Өйткені мен Бишімбаевтың жанында тұрып, бәрін естіп тұрдым.
Ол "миы шаршаған, ұйықтап алсын, біраз уақыттан кейін оянады, кейін үйге қайтасыңдар" дегенді қайталаумен болды. Мен осылай естідім", - деді ол. 
 
Байжановтың айтуынша, бұдан кейін де көріпкелден жедел жәрдем, дәрігер туралы әңгіме естімеген.
 
Бүгін сот отырысы басталар алдында прокурор Айжан Аймағанова көріпкел жеке деректерін жария еткісі келмейтінін айтып, судьядан оның тек дауысы естілуіне жағдай жасалуын сұрады. Өйткені көріпкел өзіне қысым жасалып жатқанын мәлімдеген.
 
Көріпкел Бишімбаевты 1,5-2 жылдан бері анасы арқылы білетінін айтты.

"Екі айда бір рет қоңырау шалып, жұмысы, кәсібі туралы сұрайтын. Мен тарологпын, ол бірдеңе білгісі келсе, "қарап көріңізші" деп жүгінетін", - деді ол.

Сонымен қатар, көріпкел марқұм Салтанат Нүкенова қайтыс болған күн туралы баяндап берді.

"Ол хабарласты. Нақты уақыты есімде жоқ. Менің қолым бос емес еді. Бірақ тұтқаны көтердім. Ол "Салтанат екеуміз қатты мас болып, төбелестік" деді. Бұл шамамен түстен кейінгі уақыт еді. 15.00-16.00 еді. Оның ішімдік ішкені байқалып тұрды. Қатты мән бермедім. Ол "қарап беріңізші" деді. Мен "дәрігерге хабарлас, жедел жәрдем шақыр" дедім. Ол "қайта-қайта қарап көріңізші" деді. Өте қысқа әңгіме болды. 30 секундтай. ..."Кеше қатты ішіп, қатты төбелестік" деді. "Мен не істейін?" дедім. Дауысы күндегідей емес еді, әр сөзін таңдап айтты. Мен "жедел жәрдемге хабарлас" дедім", - дейді куәгер.


Рекомендовать
Последние новости