Көп балалы отбасы – қоғам байлығы

Dalanews 05 апр. 2021 03:53 1478

Кербұлақ ауданында 14-ші сәбиін дүниеге әкелген алтын құрсақты "Батыр ананы"   аудан әкімі Ғалиасқар Сарыбаев құттықтады.

Кербұлақ ауданында 10 қыз 3 ұл тәрбиелеп отырған алтын құрсақты "Батыр ана"   Гүлнәз Жеңісбайқызы 14-ші сәбиін дүниеге әкелді. Он бес жасында тұрмыс құрған Гүлнәз 27 жыл отбасылық өмірінде 14 бала тәрбиелеп, 3 немере сүйіп отырған көпбалалы ана.

Әр отбасы – өзінше бір мемлекет. 42 жасында он қыз, төрт ұлдың анасы атанған алтын құрсақты ана барша қазақ әйелдеріне үлгі-өнеге. Балалардың арасында егіздер де, үшемдер де жоқ. Жас аралықтары жақын, үлкен қызы – 26 жаста, 22 қызы Айжан бүгінгі күні спорттың бір түрі ережесіз жекпе-жектерге қатысып жүлделі орындарға ие болып жүр, бес баласы мектеп қабырғасында білім алып жатса, үш баласы балабақша жасында.



Баланы 9 ай көтеріп, толғатып туу әрине, бұл әйел адам үшін үлкен ерлік. Сол сиякты  көп баланы дүниеге алып келуде қажымас қайсарлықты, психологиялық, физикалық күштілікті қажет етеді. Және бала санын көбейту ол ұлттық құндылығымызды арттыру, мемлекетіміздің демографиялық тұрғыдан өсіп — өнуіне, халқымыздың саны артып, жағдайымыз жақсаруына септігін тигізеді.

«Адам өміріндегі – ең үлкен қуанышы бала сүю», - деп Бауыржан Момышұлы айтқандай балалы болу бақыт, ал көп балалы болу одан да үлкен бақыт болса керек. Бала үйіміздің берекесі, көз қуанышымыз, жүрегіміздің жұбанышы және ұлтымыздың баға жетпес құнды қазынасы десекте болады.



"Бала өмірдің мәні мен сәні. Одан бас тарту үлкен күнә. Денсаулығым жеткенше бала туудан қашпаймын, 15-ші баланы жоспарлап отырмыз. Қазақ «баланы жастан» дегенді бекер айтпайтын шығар. Үлкен қызым мұғалім «Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда жүреді»  сондықтан алдыңғы ұл-қыздарды жақсылап тәрбиелесең, соңғылары соларға еліктеп, еріп кетеді деп ойлаймын", - деді Гүлнәз Жеңісбайқызы.

Бүгінгі таңда Кербұлақ ауданында 481 «Алтын алқа», 557 «Күміс алқа» иегерлері, 1395 көпбалалы ана тұрады. Олардың ішінде I тоқсан бойынша 229 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады.

Раушан БИСЕМБЕКОВА,
Кербұлақ ауданы әкімінің
баспасөз-хатшысы 


 

 

 

Рекомендовать
Последние новости