Конституцияға енгізілетін өзгерістер әрбір азаматтың өмірін өзгертеді – А.Оралов

Dalanews 31 мая 2022 02:05 819

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов Павлодар облысында зиялы қауыммен, ауыл жастарымен, зауыт жұмысшыларымен, ҚХА өкілдерімен, спортшылармен, БПҰ төрағаларымен және партия активімен бірқатар кездесу өткізді, – деп хабарлайды Dalanews.kz партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баянауыл жастарымен кездесуде Асхат Оралов Ата Заңға енгізілетін түзетулер азаматтардың сұранысына оның ішінде, неғұрлым демократиялық, әлеуметтік-әділ қоғам құру талабына толығымен жауап беретінін атап өтті.

– Елімізде соңғы рет конституциялық референдум 1995 жылы өтті. Яғни, тәуелсіз Қазақстанда туған жастар үшін бұл – алғашқы тәжірибе. Сондықтан әркім өз пікірінің маңыздылығын және ел болашағы үшін жауапкершілікті сезіне отырып, 5 маусымда дауыс беруі керек. «Жаңа Қазақстанды» құратын дәл осы жастар және бұл жолдағы алғашқы қадам – референдумға қатысу. Конституцияға енгізілетін өзгерістер әрбір қазақстандықтықтың өміріне әсер етеді, – деді Асхат Оралов.

Өз кезегінде, биология пәнінің жас маманы Бөгембай Бахитденов азаматтардың еліміздің қоғамдық-саяси өміріне араласуын күшейтуге бағытталған Президент ұсынған реформалар бағытын толығымен қолдайтынын атап өтті.

– Мен 5 маусымда сайлау учаскесіне барамын. Өйткені біз, жастар, барынша белсенділік танытып, өзіміздің азаматтық борышымызды орындауымыз керек деп санаймын, – деді Бөгембай Бахитденов.


Баянауыл ауданының зиялы қауым өкілдерімен кездесуде жергілікті тұрғындардың референдумға ұсынылған түзетулердің мәні туралы толыққанды хабардар екені айтылды.

Ақсу қаласында партияның Атқарушы хатшысы ферроқорытпа зауытының жұмысшыларымен кездесіп, алдағы түзетулердің маңызын талқылады. Зауыт қызметкерлері Конституцияға енгізілетін өзгерістер қазақстандықтардың өміріне әсер ететіндіктен, әрбір азамат 5 маусымда дауыс беруге қатысуы керек деп есептейді.

– Конституция – бәріміз үшін маңызы зор елдің басты заңы. Алдымыздағы айтулы күні Президент ұсынған реформаларды көпшілік қолдайтынына сенімдіміз. Осындай тағдыршешті мәселені өзіміздің шешуге құқығымыздың болуы – өте құнды, – деді зауыт ардагері Николай Сухотерин.

Павлодарда Асхат Оралов өңірдің зиялы қауым өкілдерімен және ақсақалдарымен де жүздесті. Жиынға қатысушылар 5 маусымда облыс тұрғындары сайлау учаскелеріне барып, жаппай дауыс беретіндерін жеткізді.

ҚХА этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен, облыс жастары және спортшыларымен өткен кездесулерде конституциялық өзгерістердің мән-маңызы мен оның еліміздің тұрақты дамуына тигізетін әсері жайында сөз қозғалды.

– Барлық түзетулер Парламент арқылы өтсе де, заңды болар еді. Бірақ жалпыұлттық референдум өткізу – бұл халықтың құқықтық мәдениетін арттыратын еліміздің тарихындағы маңызды оқиға, – деп атап өтті Павлодар облысының фин-угор этномәдени орталығының төрайымы Ольга Николашина


Сонымен қатар, бастауыш партия ұйымдары төрағаларымен және аймақтағы партия активімен кездесу өтті. Бүгінгі таңда облыста 220 партия ұйымына біріккен 48 мыңға жуық партия мүшесі бар.

Осы күні партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев электролиз және мұнай-химия зауыттарының ұжымымен кездесіп, өндіріс қызметшілерін референдумға белсенді қатысуға шақырды.

Рекомендовать
Последние новости