Комиссия мүшелері: Аралық шешім – жердi 49 жылға жалға берудi Парламентке ұсыну керек

Dalanews 18 июн. 2016 04:15 881

Жер реформасы жөнiндегi комиссия мүшесi Дос Көшiм жердi 49 жылға жалға берудi қайта бастау керек деп есептейдi. Осы ұсынысты қазiр Парламентке енгiзе беруге болады. Бұл ойын ол Алматы облысында өтiп жатқан Жер реформасы жөнiндегi комиссияның көшпелi отырысында айтты, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.

Отырыста сөз алған Комиссия мүшесі, жұмыс тобының жетекшісі Дос Көшім, қазірдің өзінде белгілі бір аралық шешім шығаруға болады деп есептейді.

«Менiң ойымша, бiр аралық шешiм шықты және оны Парламентке беру керек сияқты. Ол – жердi жалға берудi қайта ашуымыз керек. Өйткенi, қазiр жердi жалға беру тоқтатылды ғой. Осы жерде сөйлеген азаматтардың бәрiнiң бiр нүктеден қосылған жерi – жердi 49 жылға жалға берудi әрi қарай жалғастыру қажет. Ешкім осыған қарсы болған жоқ, қайта бәрінің айтатыны осы. Осыны бiздiң аралық шешiм ретiнде Парламентке беруге болады», – дедi Дос Көшiм.

Бұдан бөлек, комиссия мүшесiнiң айтуынша, инвестиция мен жердi шетелдiктерге жалға беру мәселесiн шатастырмаған жөн.

«Менiң америкалық бiр жолдасым «1 млн доллар инвестиция берсем, бес жылдан кейiн жыл сайын маған 100 мың доллар қайтарып тұра ма?» деп сұрайды. Ол инвестиция салып, содан пайда табамын дейдi. Ал бiздiң қазiр айтып жатқанымыз - жердi шетелдiктерге жалға бермеу мәселесi. Бәрiн анықтап алайық. Инвестиция салу мен жалға берудің басын ашып алайық», – дедi ол.

Дос Көшімнің осы ұсынысын, Комиссиядағы тағы бір жұмыс тобының жетекшісі Мұхтар Тайжан да қолдады. Ол да жерді қазақстандықтарға 49 жылға жалға беруді қолдайды және оны Парламентке ұсыныс ретінде енгізуге болады деп есептейді. Тек жері тым көп, латифундитерге қатысты өз пікірін айтты.

«Жері 100 мың гектардан асып жатқан латифундистерге шара қолдану керек. Ол қандай? Мысалы, жерді жалға бергенде немесе сатқанда белгілі бір шектеу болуы керек. Егер сол шектеуден 2 есе көп жер алса, салықты да 2 есеге көбейту керек, үш есе көп пе, онда салықты да үш есеге көтеру керек. Міне, сонда біз латифундистерді де бақылап ұстай алатын едік», – деді М.Тайжан.

Айымгүл ӘБІЛЕВА

 

Дереккөзі: BNews.kz

 

 

Рекомендовать
Последние новости