Көлік министрі Марат Қарабаев отандық тасымалдаушылардың шетелдік компаниялардың мүддесін қорғады деген айыптаулары мен шағымдарына жауап берді. Министр атап өткендей, бұл наразылықтар жаңа құжат күшіне енгеннен кейін екі санаттағы тасымалдаушылар тарапынан туындаған. Біріншісі – бұрынғы монополистер, ал екіншісі – бланк сатуды кәсіп еткендер, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Өкінішке қарай, бұған дейінгі бұйрықтарымызда шетелдік рұқсат бланкілері “тарихи жады” негізінде бөлінетін. Яғни, кім бұрын алса, сол компаниялар сол көлемде – 70%-ға дейін бланк алатын, қалған 30%-ы ғана өзгелерге тиесілі болатын. Қазір бұл монополиялық жүйе жойылды", – деді Қарабаев.
Министрдің айтуынша, енді шетелдік рұқсат бланкін алу үшін соңғы алты айда нақты жүк тасымалдағанын дәлелдейтін құжаттар – тауар номенклатурасы талап етіледі.
“Соның нәтижесінде шетелдік рұқсат бланкілерін алуға құқығы бар автокөлік құралдарының саны 90 мыңнан 33 мыңға дейін азайды. Яғни, бұл 57 мың автокөлік құралы шын мәнінде тасымалмен айналыспаған, тек құжат арқылы пайда тапқысы келген”, – деп түсіндірді министр.
Бұрын шетелдік рұқсат бланкісі бос күйінде берілетін, деп қосты министр. Қазір бұл құжатта компанияның атауы мен көлік нөмірі көрсетіледі, бұл оны қайта сатуға жол бермейді. Сонымен қатар бланкінің әрекет ету мерзімі 30 күнге дейін қысқартылды.
“Бұрын бұл бланк 100 күнге дейін жарамды болатын. Оны алғаннан кейін қолданбай, нарықтағы сұраныс артқанын күтіп, кейін жасырын нарықта 3-5 мың долларға дейін сатып отырғандар болды”, – деді министр.
Марат Қарабаевтың мәлімдеуінше, бұл өзгерістердің арқасында Еуропаға тасымал бағасы 12-14 мың доллардан 7-9 мың долларға дейін төмендеген.
Айта кетейік, бұған дейін көлік министрі Марат Қарабаев Президенттен сөгіс алғанын қалай қабылдағанын айтқан еді.
Министрдің пікірі
Сенат дәлізінде Марат Қарабаев саяси мемлекеттік қызметкер екенін және Мемлекет басшысының шешімдерін талқылауға құқығы жоқ екенін мәлімдеді.
"Президент алдымызға қойған тапсырмаларды уақтылы және сапалы орындау үшін бәріміз бірге жұмыс істейміз. Мемлекеттік органның бірінші басшысы ретінде өзіме көрсетілген сенімді ақтау үшін бар күшімді саламын", - деп жауап берді Қарабаев.
Бұған дейінгі жағдай
Еске салайық, 14 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің көлік-логистика саласын дамыту мәселелері жөніндегі отырысы өтті. Көлік министрі Марат Қарабаевтың және бірқатар орталық мемлекеттік органдар басшыларының баяндамалары тыңдалды.
Мемлекет басшысы көлік саласындағы ахуалды сынға алды. Қордаланған проблемалар мен белгіленген межелердің орындалмауы жаңғырту жұмыстарын жүргізуге кедергі келтіріп отырғанын айтты.
Жиын соңында Президент министр Марат Қарабаевқа жұмыс барысында жіберген кемшіліктері үшін сөгіс жариялады.
Мемлекет басшысы көлік-логистика саласындағы проблемаларды шешуге қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырды.