Көктөбенің артындағы шалшық. «Юннат» көлі экологиялық трагедияны бастан кешуде

Dalanews 16 окт. 2022 06:38 1344

«Табиғаты сұлу, көркем Алматы» деген әспеттеуге лайық Оңтүстік Астана экологиялық проблемалардан арылмай-ақ қойды. «Қазгидромет» таратқан мәліметке сенсек,  27 қыркүйек пен 3 қазан аралығында ауасы ең көп ластанған қалалар үштігінде Астана, Қарағанды және Алматы тұр. Аталған мерзім ішінде Алматы қаласында ауадағы концентрациялардың рұқсат етілген шектен асып кеткен 123 жағдайы тіркеліпті.

Қаланы басқан қара түтін, лас ауа Алматыны зауыт-фабрикасы көп индустриялды орталықтармен пара-пар еткені көп жылдан бері айтылып келеді. Бұл туралы өз зерттеуінде "Үйде жатпа!" жобасы жазады.
Сөйте тұра, Алматы қаласының 2022-2024 жж арналған бюджетінде экологияға бөлінген қаражаттың нақты сомасына біле алмадық.    «Ауыл шаруашылығы, су, орман, балық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аймақтардың, қоршаған орта мен жануарлар әлемін қорғау, жер қатынастары шығындары 14 539 824 мың теңге сомасында бекітілсін», делінген құжатта.

Айтпағымыз, нақты экологиялық мәселелерді шешуге бюджет қаражатынан қанша ақша бөлінетіні анық көрсетілмепті.


 

Павлодарға сапарында Алматыдағы трамвай желілері жойылып, рельстері алынып тасталғанын қынжыла еске алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та мегаполистің экологиялық мәселесін назардан тыс қалдырған емес.

Дегенмен, қаладағы ауа сапасы қоршаған ортаның жалғыз проблемасы емес. Алматының айналасынан стихиялы қоқыс полигондарын жиі кездестіруге болады.
Бұл - Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың назарынан тыс қалды деп те айта алмаймыз, осы жылы 9-сәуір күні жалпы қалалық сенбілік өтіп, қала әкімімен қатар 60 мыңға жуық тұрғын қатысып, 11 мың тоннаға жуық қоқыс жиналғаны туралы хабарланған еді. Сонымен қатар 10-қазан күні Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің студенттері мен оқытушылары – барлығы төрт мың адам, EcoStudentKZ республикалық челленджіне қатысып, Бутаковка шатқалы мен Көк Жайлау үстіртін қоқыс пен жапырақ қалдығынан тазартып, 80 текше метр қоқыс шығарған болатын.

Дегенмен, мұндай бір реттік шаралар қаланың экологиялық мәселелерін түбегейлі шешуге қауқарсыз секілді.

Айта кету керек, Алматы маңындағы таулар Іле Алатау мемлекеттік ұлттық паркінің қарамағында болғандықтан, сонымен қатар туристердің жиі баратын орындары да көп болғандықтан, ол аймақтың қоқыстан таза болуына үнемі көңіл бөлініп отырады.

Ұлттық саябақ аумағына кірмейтін (Ұлттық саябақтың ұзындығы 120 шақырым, ені 30 шақырымға созылып жатыр), қала аумағы санала тұра әкім-қаралардың назарынан тыс қалып, қоқыс басқан аймақтар бар.


Соның бірі «Юннат» көлі аумағы. Zhatpa.kz жастар сайтының еріктілері арнайы барып, көлдің қандай жағдайға душар болғанын көріп қайтты. Кейбір деректерде ежелгі атауы – Қамыссай деп жазылған. Ал, «Юннат» аталуына көл маңында Кеңес дәуірінде болған «Юнный натуралист» пионерь лагері себепкер болса керек. Көктөбеден шығысқа қарай бірнеше сай бар. Алғашқысы Көлсай аталады, мұнда осы аттас ауыл орналасқан, одан әрі тағы өрлесеңіз айналасын қамыс пен тал көмкерген шағын ғана көлге кездесесіз. «Юннат» көлі осы.
"Юннат" көлі

«Көлсай» ауылының тұрғыны Андрей есімді азаматтың айтуынша 30 жылдай бұрын бұл көлге шомылу да, балық аулау мүмкін болған екен.

Ал,  қазір көлден гөрі аумағы үлкендеу шалшық суға айналғандай. Өйткені судың түбі де, айналасы да таза емес. Балық аулауға да, шомылуға да тиым салынған. Көлдің жарты аумағына дейін биік дуал қоршау тұрғанына қарап, жеке меншікке өтіп кеткен бе деген күмән туады.





Әдетте мұнда велоспортты серік еткендер келеді. Өйткені осы көлден бөктерлей көтеріліп, велосипедпен Бутаковка шатқалына дейін жетуге болатын бағыт бар.



Әлеуметтік желілердегі жазбаларды шолсақ, 2020 жылғы карантин тұсында, сол уақытқа дейін көпшілік үшін беймәлім болып келген бұл  көлге келушілер қарасы артқан секілді. Көлді және оны айнала қоршаған жасыл желек пен тұмса тыныштықты тамашалаушылар саны қазір де азаймаған секілді. Алайда, мұнда демалуға емес қоқыс тастауға келетіндей, барлығы.



Көлдің айналасында келушілер үшін ешбір жағдай жасалмаған, отыратын орындар да, қоқыс жәшіктері де жоқ. Дегенмен, бұл экозиянкестерді ақтайтын аргумент емес екені де аян.


«Юннат» көлі маңындағы қоқыс қалдықтары

«Юннат» көлі Достық даңғылынан жоғары, Оңдасынов көшесі арқылы және Әл-Фараби даңғылына шығатын айналма жол арқылы «Көлсай» ауылын басып өтіп те, баруға болады. Алайда, қай тараптан болса де келушілер назарын аударатын тағы бір орын бар. Ол, әйгілі «Көктөбе» мұнарасын ту сыртынан тамашалау мүмкіндігін сыйлайтын алаңқай.
«Көлсай» ауылының жоғарғы жағынан көрініс

Әдемі көріністі мұнараның ар жағында мұнартып тұрған қара түтін ғана бұзып тұрған жоқ. «Көктөбеге» көз салатын алаңқайдың өзі туристерді қызықтырар орын емес, стихиялы қоқыс полигонына айналған. Қол созым жерде Алматы қаласы, Медеу ауданына қарасты «Көлсай» ауылы тұр.
«Көлсай» ауылы

Бір сөзбен айтқанда, «Юннат» көлі мен Көлсай ауылы қоқысқа былығып жатқандай әсер қалдырады.
«Көлсай» ауылының жоғары жағындағы стихиялы қоқыс полигоны

«Көлсай» ауылынан қалаға шығар тұсынан тағы бір қоқыс полигонын байқауға болады. Біз келгенде мұнда балалығы «Юннат» көліне шомылумен өткен Андрей есімді жергілікті тұрғын темір қалдықтарын теріп жүр екен. Суретке түсіруімізге қарсы болды.
Қоқыстан темір-терсек жинап жүрген Андрей

Оның айтуынша мұнараның дәл астында құрылыс қалдықтары полигонының пайда болғанына бірнеше жыл болған. Қазір бұрынғысынан азайыпты. Соның өзінде бірнеше төбешікті көруге болады. Ал, Андрей бір қап темір-терсек жинап алыпты. Шашылған қоқыс төмендегі аядай бұлақты ластап жатыр.


«Көктөбе»  мұнарасы астындағы стихиялы құрылыс қалдықтары полигоны

Осылайша, Алматының көркі болған «Көктөбе» ту сыртындағы қоқысты көпшілік көзінен жасыру үшін тұрғандай.



Ал, бір кездері айналасын қамыс пен қоқыс басқан «Юннат» көлі қараусыз қалған жетімнің күйін кешуде.
«Юннат» көліне барар жолда шашылған қоқыс

Алматының түбіндегі көлді сақтай алмасақ, басқа өңірлер туралы сөз қозғаудың өзі артық.


Рекомендовать
Последние новости