"Кезінде Назарбаевты мақтай бермей, бетіне айтқанда, амал жоқ түзелер еді" - тарихшы

Көркем Алдабергенова 18 мар. 2024 10:37 4281

Белгілі жазушы, тарихшы Қойшығара Салғараұлы экс президент Нұрсұлтан Назарбаевты кезінде мақтап, бүгінгі күні даттап жүргендер туралы пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz

"Кезінде айт. Сонда сен Назарбаевты сыйлайтын едің, сонда Назарбаев өзі сияқты жемқорларды жинамайтын еді. Амал жоқ, түзелетін еді. Мен қазір кезінде айттым десем мақтанған сияқты боламын. Өйткені оған куә адам жоқ. Осы данышпандар кезінде неге айтпады? Кезінде мен айттым. Құдай көріп тұр ғой, бетімнен қағып көрген жоқ. Еркелетті, тыңдады.

"Қазақтың тарихы Қытайда жатыр дейді, соған сен бар" деген. Қытайға барған сапарында келісіп келіп, бір адамды жіберемін деген - Назарбаев. Үш аудармашыны дайындап, көлігімен жіберген – Назарбаев", - дейді тарихшы Bilgen Durys YouTube-арнасына берген сұхбатында.

Қойшығара Салғараұлы Назарбаев билікте болған жылдары ол туралы әртүрлі сөз айтылғанын жеткізді.

"Алғашқы 5-10 жылда "Құдай біздің бағымызға берген адам" болды. Содан кейінгі он жылда "өзі жақсы, бірақ төңірегі толған оңбаған ғой" деді. Содан кейінгі он жылда "қу сөз ғой" деді. Халықтың берген бағасы", - дейді жазушы.

Айта кетейік,бұған дейін мемлекет қайраткері, ғалым Жақсыбек Құлекеев экс президент Нұрсұлтан Назарбаевты кешіруді сұраған болатын.

"Елбасы да пенде, ол да әке. Ол да ата. Немере, шөбере сүйіп отыр. Отбасының айналасындағыларға қатысты қоғамда айтылып жатқан пікірлерге о кісі алаңдамайды екен, қынжылмайды екен деп айту өте қиын. Ол да ет пен сүйектен жаралған адам ғой. Меніңше, о кісіні дәл қазір табалаудың қажеті жоқ. Қолымыздан келетін болса, егемендік үшін, келешек ұрпақ үшін о кісінің жақсы атын сақтап қалған дұрыс.

Елбасы мен оның айналасында жүрген адамдардың озбырлығын немесе қылмыстық әрекетін бөліп қараған жөн деп ойлаймын. Президенттің ұстап отырған саясаты да сондай. Мемлекет үшін, болашақ ұрпақтар үшін, егемендіктің туын берік қылу үшін Назарбаевтың атқарған рөлі өте жоғары. О кісіні қазір қорлайтын болсақ, ол – егемендікті қорлағанмен бірдей нәрсе.

Сондықтан бұл тұрғыда мен халықтың елбасыға кешірімді болғанын қалар едім. Ал отбасының жақын мүшелері мен отбасыға жақын азаматтар, жақындығы болмаса да сол кісінің жанында жүріп көп пайдасын көрген азаматтар бар. Солардың ісін кешіру-кешірмеу жасаған іс-әрекеттеріне, қылмысына байланысты", - деді Құлекеев. 


Рекомендовать
Последние новости