"Кешірім сұрамаймын". Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек сотта ақталып шықты

Қаракөз Амантай 12 июн. 2025 12:01

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбекке қарсы “іскерлік беделді қорғау” туралы азаматтық талап-арыз сотта қаралды. Сот шешімі депутаттың МӘМС жүйесіндегі заңбұзушылықтарға қатысты айтқан мәлімдемелері нақты фактілерге негізделгенін көрсетті. Бұл туралы депутат Мұрат Әбенов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Медициналық мекеме “Салауатты Астана” ЖШС Базарбекті іскерлік беделге нұқсан келтірді деп айыптаған. Алайда сараптама қорытындылары мен сот шешімі бұл уәждерді негізсіз деп таныған.

“Бұл шешім – әділеттің жеңісі деп есептеймін. Басында-ақ бұл даудың бедел туралы емес екені белгілі болды”, — деді Мұрат Әбенов.

Оның айтуынша, қоғам әлдеқашан бұл ұйымдардың жүздеген миллион теңге көлеміндегі қаражатты заңсыз иемденіп, азаматтардың ем-домына бөлінген қаржыны мақсатсыз пайдаланғанынан хабардар болған.

“Жарты жыл бұрын Мемлекеттік аудит жоғары палатасы ресми түрде бұл заңбұзушылықтарды жариялап, медициналық мекемелердің басшылығы сол актілерге өз қолымен қол қойып, жүздеген миллион теңгеге қатысты заңбұзушылықты мойындаған. Қызмет көрсетілмей тұрып қаражат алғандарын дәлелдейтін деректер үшін айыппұл да төледі. Яғни, Бақытжан Базарбек бұл жайды ашып айтпас бұрын-ақ олар кінәларын жанама түрде мойындап қойған”, — деп қосты ол.

Айтуынша, Базарбектің Мәжілісте бұл фактілерді ашық атағаны кейбіреулерге ұнамай, оған қысым көрсету, үркіту, істі әрі қарай қазбалаудан бас тартқызу әрекеттері басталған.

“Алайда менің әріптесім Бақытжан Базарбек әділет жолында тайсалмай, ашық күресуден қорықпайтын адам. Бұған дейін де ол Жоғарғы сот төрағасын сынға алып, құқықтары тапталған адамдарды қорғады. Үш жыл бұрын үлкен лауазымды тұлғалар құрылыс компаниясын қолдап шыққан кезде де, Базарбек шегінбеді. Соңында оның айтқаны шын болып шықты”, — деп қосты ол.

Депутат Бақытжан Базарбек те бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, мәселенің тек жеке басына бағытталған емес, жүйелік сипаттағы мәселе екенін атап өтті.

“27 қаңтарда Үкімет сағатында мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі қаржылық заңбұзушылықтар туралы Жоғарғы аудиторлық палатаның қорытындысынан нақты деректер келтірдім.

Сол күні-ақ аты аталған медициналық мекемелер тарапынан шағымдар түсе бастады”, — дейді ол.

Базарбектің сөзінше, "Салауатты Астана" ЖШС сотқа жүгінсе, "Шипагер" ЖШС сотқа дейінгі шағым жолдаған.

“2025 жылғы мамырда Астана қаласының ауданаралық азаматтық соты істі тоқтатып, сараптамаға жіберді.

2025 жылғы 2 маусымда Алматыдағы сараптама орталығының филологиялық және құқықтық қорытындысы шықты. Сарапшылар менің сөздерімнен іскерлік беделге нұқсан келтіретін жағымсыз тұжырымдар таппады.

12 маусымда сот “Салауатты Астана” ЖШС-нің арызын қанағаттандырудан бас тартты!

Бұл істе терең үңілуге, медициналық ұйымдардың МӘМС аясында алған қаражаттары мен құжаттарын зерттеуге мүмкіндік туды. Жүйедегі кемшіліктерді көріп шошыдым”, — дейді ол.

Заңнамалық түзетулер мен бақылау құзыреті

Базарбектің айтуынша, бұл оқиға тек бір шешіммен шектелмей, нақты өзгерістерге бастау болған. Ол әріптестері Мұрат Әбенов және Ирина Смирновамен бірге МӘМС жүйесін жетілдіру бойынша заң жобасын дайындап, Денсаулық сақтау министрлігіне бақылау функцияларын қайтаруды ұсынған. Мәжіліс бұл түзетулерді екі оқылымда мақұлдаған.

“Енді министрлік лицензиясыз қызмет ететін ұйымдарды анықтап, олардың жұмысын тоқтата алады”, – деді Базарбек.

Депутат сот процесінде өзін қорғаған заңгерлерге де алғыс айтты.

“Осы күресте менің қорғаушыларым — елімізге белгілі адвокаттар Мұрат Әмитов, Мұрат Муталиев, Бахтияр Ғалымжанов, Мәди Қошықбаев ерекше еңбек етті. Біз күнде кездесіп, сағаттап стратегия ойластырдық. Адвокаттардың кәсіби әрі тиянақты жұмысы – жалған айыптауларға берілмейтін ең мықты жауап.”, — деп қосты ол.

Сондай-ақ ол Адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаевқа және қолдау білдірген журналистерге – Ботагөз Омарова, Михаил Козачков, Сандуғаш Дүйсеноваға алғысын жеткізді.

“Ал арызданушыларға айтарым – Базарбекпен соттасқанша, науқастарды емдеумен айналысқан дұрыс”, — деп сөзін түйіндеді ол.

Еске салайық, бұған дейін Денсаулық сақтау саласындағы былықты ашқан депутатқа қысым көрсетіліп жатқаны туралы жазған едік. Бұл туралы журналист әрі қоғам белсендісі Ботакөз Омарова мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл жағдай — тек Базарбекке емес, елдегі әділдік іздеген кез келген белсенді азаматқа жасалған қысым.

“Журналист, қоғам белсендісі немесе халық қалаулысы миллиардтаған ақшаның қайда кетіп жатқанын зерттеп, ашық айтса — бірден қысымға ұшырайды, кибербуллингке тап болады, артынан сотқа сүйрелейді. Бұл — өте алаңдататын сигнал”, – дейді Омарова.

Мәселенің мәні неде?

Журналистің айтуынша, 2024 жылдың қаңтар айында Бақытжан Базарбек Денсаулық сақтау саласындағы заңбұзушылықтарды анық көрсеткен өткір депутаттық сауал жолдап, онда үш басты мәселеге назар аударған.

“Бірінші мәселе — бюджет қаражатын жымқыру. Медициналық мекемелер тиісті қызметке лицензиясыз-ақ миллиардтаған теңге алып отырған. Бұл – мемлекеттік қаражатты заңсыз иемдену деген сөз. Әңгіме 9 миллиард теңге туралы болып отыр.

Екінші мәселе — лицензиялардың болмауы. “Салауатты Астана” ЖШС және “Шипагер” ЖШС медициналық қызметтерді, соның ішінде акушерлік қызметті де лицензиясыз көрсеткен. Бұл — денсаулық сақтау туралы заңды тікелей бұзу. Егер науқастардың денсаулығы мен өміріне зиян келген жағдайлар анықталса, мәселе тіпті қылмыстық жауапкершілікке дейін жетеді.

Үшінші мәселе — бақылаушы органдардың әрекетсіздігі. Жоғары аудиторлық палата мен Бас прокуратура бұл мәселені формалды түрде ғана атап өткен, бірақ шындықты ашып айтпаған. Іс жүзінде, мәселені жабулы күйде қалдырған”, — дейді ол.

Омарованың сөзінше, депутаттың дәл осы сауалында айтқан “Аушвиц”, “Биркенау”, “Бухенвальд” сөздері — дау-дамайдың өзегіне айналған.

“Бұл тарихи атаулар арызданушылар тарапынан "іскерлік беделімізге нұқсан келтірді" деп бағаланған. Ал миллирдтаған қаражаттың заңсыз жұмсалуы жайлы мәліметтерге қатысты ешқандай шағым түсірілмеген.

Ең қызығы, депутат келтірген деректер – Жоғары аудиторлық палатаның өз ақпараты. Бірақ Әлихан Смайыловты кім сотқа бере алады? Ол бұрынғы премьер, Президент Тоқаевтың жақын айналасындағы тұлға. Сондықтан Базарбекті қысымға алу әлдеқайда оңай болып тұр”, — дейді ол.

Журналист Ботакөз Омарова бұл оқиғаға байланысты келесі нақты сұрақтарды қойды.

• Лицензиясыз қызмет көрсеткен ЖШС және сол заңбұзушылыққа жол берген тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғалды ма?

• Лицензиясыз мекемелерге қаржы қалай аударылып келген? Ол құжаттарға кім қол қойды?

• Бюджет ақшасы қайтарылып жатыр ма?

• Денсаулық сақтау министрлігі, МӘМС қоры, Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасынан біреу жауапқа тартылды ма?

• Бұл ақшаны тиімсіз пайдалану ма, әлде 9 миллиард теңгені ашық түрде жымқыру ма?

Осы сұрақтарға жауапты Антикор басшысы Асхат Жұмағали, Бас прокурор Берік Асылов және Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов беруі тиіс деп есептейді автор.

Сондай-ақ ол Мәжіліс төрағасы мен әріптестерін Базарбекке бағытталған соттық қысымға тосқауыл қоюға шақырады.

“Ерлан Жақанұлы!

Бүгінде Мәжіліс – халықтың әділдікке деген үмітін арқалап отырған жалғыз органға айналды. Осы жерде өткір мәселелер көтеріледі, осында ғана шындық айтылады. Ықтимал жемқорлық тақырыбын көтерген депутатты сотпен қорқытып-үркітуге жол беруге болмайды. Шаталовқа жасалған қысымға қалай жол берілмесе, дәл солай Базарбекті де қорғау қажет”, — деді ол.

Қорытындылай келе ол Бақытжан Базарбектің жеке ұстанымына байланысты сөз қозғады. 

“Бақытжан Жұмабекұлы!

Сіздің депутаттық сауалыңыз – адалдықпен, заң аясында және халықтың мүддесі үшін жасалған қадам. Сізден кешірім сұрауды талап ету – сіздің саяси карьераңызды тоқтатуға жасалған ашық шабуыл. Халық сіздің жағыңызда. Сізге сенім де, абырой да бар. Ерте ме, кеш пе, Антикор, Бас прокуратура мен Қаржылық мониторинг агенттігі МӘМС пен Денсаулық сақтау қоры мәселесін терең зерттейтіні анық”, — деп қосты ол.

Бұл жағдайдан кейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек өзіне қарсы сотқа арыз берген тараптардың кім екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы кейбір мекемелер депутаттың атына сотқа шағым түсірген. Бұл туралы ол Жоғарғы аудиторлық палатаның үкіметтік сағатында айтып өтті. Сол жиында депутат МӘМС жүйесіндегі кемшіліктерге қатысты нақты деректер келтірген болатын.

“Сол мәліметтермен келіспеген медициналық ұйымдардың бірі мені сотқа берді. Тағы бір мекеме сотқа дейінгі тәртіппен наразылығын білдіріп отыр. Олар ар-намысы мен беделіне нұқсан келді деп санайды. Маған: «Кешірім сұра, әйтпесе адвокат пен сараптама шығындарын өндіріп аламыз» деп талап қойып отыр. Мен бұған келіспеймін. Айтқан пікіріме олар филологиялық сараптама жүргізген екен. Біз де енді өз тарапымыздан лингвистикалық қорытынды аламыз”, – деді депутат.


Рекомендовать
Последние новости