"Кешірім сұрамаймын": Абзал Құспан үлкен резонанс тудырған мәлімдемесіне байланысты түсініктеме берді

Қаракөз Амантай 21 мая 2024 14:06 8624

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырған мәлімдемесіне байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жақында ол Астанадағы қазақ азаматтарының өз тіліне деген құрметсіздігін айыптап, оларды "арсыз, намыссыз қазақтарға" балаған видеосын парақшасында бөліскен еді. Осы тұста "Голос народа" басылымы заңгерден істің мән-жайын анықтап, аталмыш видеода әлеуметтік алауыздық пен тіл кемсітушілігі орын алған-алмағанын сұрап көрді.

"Иә, бұл аздап эмоцияға берілген мәлімдеме болды. Бірақ соған қарамастан біреуден кешірім сұрайтын ойым жоқ. Мұның себебін де түсіндіре аламын. Маған ренішін білдірген таныстарым мен әріптестерім де болды. Осы тұста оларға да: "Мен бұл жерде нақты біреуді меңземедім, алайда өз сөздерім үшін ешкімнен кешірім сұрамаймын" деп айттым", - дейді Абзал Құспан.

Оның пікірінше, қазақ тілі бойынша туындап жатқан сұрақтар – қазіргі заманның өзекті мәселесі.

"Жаңаөзен, Қаңтар қанды оқиғалары... Неліктен орын алды? Мен бұл мәселені терең зерттедім, сондықтан жақсы білемін. Осының бәріне мемлекет неге жол берді? Себебі бір кездері олар әлеуметтік желінің қазақтілді сегментін бақыламады", - деді мәжілісмен.

Сонымен қатар қазақтілді авторлар мен блогерлер де өз жазбаларында қазақ тілінің мәселесін үнемі көтеріп келеді. Дегенмен Абзал Құспан атап өткендей, оларды орыстілді аудитория сирек естиді. Диалогтың жоқ болуынан қазақтілді ортада радикализация деңгейі жоғары.

"Қаңтар оқиғасынан кейін ғана халық бұған баса назар аудара бастады. Ескі Қазақстанда бұлай болмаған. Сондықтан мемлекеттің бұл көзқарасын жиі сынға алдым. Парақшамда бұған қатысты көптеген мәлімдемем мен жазбам бар. Ал қазір олар қазақ тіліндегі контентке мониторинг жүргізе бастады. Сондықтан қазақтар үшін қарапайым болып көрінетін әңгімем, осылай дүйім жұртты дүрліктіріп жіберді", - дейді Абзал Құспан.

Сонымен бірге ол аталмыш мәлімдемесі барша қазақстандыққа қатысты емес екенін, оның тек қазақ ұлтының өкілдеріне арналғанын атап өтті.

Абзал Құспанның айтуынша, намысы бар әр қазақ артынан ерген ұрпағын қазақ тілінде сөйлеуге міндеттеуі керек.

"Тарихқа көз жүгіртсек, КСРО кезінде облыс орталықтарында қазақ тілінде оқытатын мектептер болмаған. Тіпті, астанамыз Алматының өзінде жалғыз қазақ мектебі болды. Айтпақшы, бұл мектеп сатирик Шон Смаханұлы бастаған қаламгерлердің арқасында ашылған.

Ал олар қаланың басқа жерінде тұрса да балаларын дәл осы мектепке берді. Оларды мұндай қадамға не итермеледі? Бұл ең алдымен құрмет еді. Олар ұлдарының ана тілінде білім алуын қалап, сол кезде тіл үшін күресе білді.

Енді бізге не жетіспейді? Бізде балабақшалар бар, қазақ тілінде оқытатын мектептер мен университеттер де көп. Жетіспейтіні – осы құрмет.

Егер әрбір адам баласының ғана емес, ұлтының да болашағына алаңдаушылық танытса, ең болмағанда баласын мемлекеттік тілде азды-көпті сөйлетуге баулуы керек деп ойлаймын", – дейді ол. .

Заңнамаға келетін болсақ, заңгер Абзал Құспан астаналықтардың моральдық мәртебесін анықтау арқылы Қылмыстық кодекстің 174-бабын (әлеуметтік, ұлттық әрі діни алауыздықты қоздыруға бағытталған қасақана әрекетттер) бұзбағанын және оны  жауапқа тартуға жол жоқ екенін алға тартты.

"Мен қазақтар туралы айтып отырмын. Мен орыстар не басқа ұлт өкілдері туралы айтып отырғаным жоқ. Бұл тек біздің ішкі мәселелеріміз", - деп түсіндірді ол.

Депутат өз жазбасында Астана саябақтарының бірінде көп адам жиналған бейнероликті бөліскен еді. Азаматтық кодекстің 145-бабына сәйкес, қандай да бір адамның келісімінсіз жеке азаматтың, ал ол қайтыс болған жағдайда мұрагер келісімінсіз оның бейнесін пайдалануға ешкімнің құқығы жоқ. Дегенмен депутат бұл бап бойынша да заң бұзбағанына сенімді.

"Мен біреудің бет-жүзін көрсетіп,  нақты біреуге  қол меңзеп: "Осы адам сөйлемей жүр және ол намыссыз" деп айтқаным жоқ. Мен жалпы түрде айттым, нақты адамдарды көрсетпедім. Бұл жерде Азаматтық кодекстің бұзылғанын көрмеймін.

Бұл кез келген адам блог жазып, сөйлей алатын қоғамдық орын", - деп түсіндірді заңгер-депутат.

Естеріңізге сала кетейік, жақында депутат Астана саябақтарының бірінде демалып жүрген сәтінен видео жолдаған еді. Бейнекадрларда қазақ азаматтарының, аға буын, орта жастағы отбасылы азаматтардың, тіпті балалардың қазақ тілінде сөйлемейтінін айыптайды. Ұлттық тәрбие мен тәлімнен жұрдай болған қазақтарды да тілге тиек етеді.  

"Астанаға өңшең намыссыз, арсыз қазақтар жиналады білем, дәл Астанадағыдай өз тілінен безген өресіз ата-аналарды еш жерден көріп, еш жерден кездестірмеппін!", - деген болатын заңгер.

Автордың видеосы қызу талқыға түсіп, көптеген желі қолданушыларының ашу-ызасын тудырды. Қолданушылар мұндай құбылысты "мәңгүрттікке" балап, тіл саясатының дұрыс жүргізілмей отырғанын, туған тілді талап етуге келгендегі заңның солқылдақтығын жазғыруда. 


Рекомендовать
Последние новости