Кентауда концентрат байытатын цех іске қосылмақ

Dalanews 16 мая 2017 16:41 896

Алдағы тамыз айында Түркістан-Кентау тас жолының орташа жөндеу жұмыстары аяқталады.  Қазір мұнда  қарағандылық «Самал» ЖШС-гі құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аталмыш жобаға республикалық бюджеттен  548 млн. теңге бөлінген. Екі қаланы қосып тұрған тас жолдың жалпы ұзындығы 26 шақырымды құрайды.  1981 жылы салынған жолға бұған дейін 2007 жылы ғана  орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Араға 10 жыл салып, қайта жаңарып жатқан жолдың  құрылысына 40-қа жуық жергілікті тұрғын атсалысуда.

Кентау қаласына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев құрылыс жұмыстарын сапалы әрі қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.

Осыдан кейін облыс әкімі қаладағы «Статус эверест» ЖШС–нің жұмысымен танысты.  2016 жылы желтоқсан айында іске қосылған цех  қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеумен айналысады. Кәсіпорын флэкс, гранула өндіреді. Жобаның жалпы құны -  100 млн теңге.  Заттай түрдегі қуаттылығы жылына 800 тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеуге қауқарлы.  Аталған цехта 25 адам жұмыспен қамтылған.

«Шикізаттан тапшылық көрмейміз. Пластиктің үш түрін қайта өңдей аламыз. Егер өнімдерімізге сұраныс артса,  өнім көлемі мен жұмысшылар саны да арта түспек», - дейді «Статус эверест» ЖШС- нің директоры Санжар Сүлейманов.

Кеншілер қаласында биылғы жылдың шілде айында түрлі-түсті металдардың концентратын байытатын «Кентау полиметалл» ЖШС-гі өз жұмысын бастағалы отыр.  Жобаның жалпы құны 650 млн. теңгені құрайды.  Заттай түрдегі қуаттылығы жылына  - 15000 тонна дайын концентрат шығару.

«Шикізат ретінде Ақтөбе облысында орналасқан «Юбилейный» алтын кен орны мен Созақ ауданындағы «Күмісті» шашыраңқы алтын орындарының рудаларын пайдаланамыз. Инвестициялық жоба екі кезеңнен тұрады. Жоба толығымен жүзеге асып, іске қосылғанда «Қазмырыш» АҚ және «Қазақмыс» АҚ қарасты өндірістік кәсіпорындарын дайын өніммен қамтамасыз ететін боламыз», - дейді «Кентау полиметалл» ЖШС-нің  инженер –құрылысшысы Азамат Сүлейменов.

Қазіргі таңда серіктестік «Мырғалымсай» кен орнының бұрынғы ғимаратын сатып алған. Бүгінде мұнда негізгі өндірістік цехтардың монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Кентау қаласындағы индустриалды мүмкіндіктерді тиімді пайдалануымыз керек. Ол үшін үздік ғылыми жобаларды әзірлеп, бұрынғы жұмысы тоқтап қалған кен орындарының болашағын сарапқа салғанымыз жөн. Сондықтан таяу арада бұл мәселені қайта қарап, нақты қадамдар жасайтын боламыз», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Құрал-жабдықтардың басым бөлігі Қытай елінен сатып әкелінген.  Егер жоба толығымен іске асса,  110 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости