Перизат Қайраттың біліміне қатысты дау әлеуметтік желіні тағы шулатты. Кезінде әлемнің ең беделді жоғары оқу орындарының бірі Кембриджге түскенін айтып, мақтанған қыздың білімі аяқталмаған орта деңгейінен аспай қалғаны жұртты таңғалдырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"За нами уже выехали" арнасы Перизаттың оқу жолын толықтай зерделеп, қызық фактілерді анықтады. Белгілі болғандай, Перизат Кайрат 9-шы сыныпты Ақтаудағы мектептердің бірінде аяқтаған. Сол кезде ол Кайрат емес, Қасенғалиева деген фамилияны иеленген екен.
"2006 жылы Ақтаудағы Маңғыстау облыстық өнер колледжіне хор дирижері мамандығына оқуға түсіп, екі жылдан кейін Алматыдағы Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжіне ауысқан. Бірақ көп ұзамай, 2008 жылдың қазанында "өз еркімен" оқуын тастап кеткен. Колледж басшылығының айтуынша, оның тәртіпке қатысты ешбір ескертуі болмаған", - дейді дереккөз.
Сотта мемлекеттік айыптаушы Мәдина Оразалина "Тұран-Астана" (TAU) университетіне қатысты құжаттардың бар екенін айтқан еді. Алайда аталған оқу орны редакция сұрағына "Перизат Қайрат біздің университетте ешқашан оқыған емес, диплом да алған жоқ" деп кесіп айтты.
"Бұған қоса, Перизат Қайрат 2015-2016 жылдары Малайзиядағы Ноттингем университетінде білім алғанын Instagram парақшасында жиі жариялаған. Шын мәнінде, оның қолында тек сол университеттің кіру рұқсаты болғаны анықталды. Бірақ ол оқу орнына 9 сыныпты бітірген куәлікпен түсу мүмкін емес: толық орта немесе арнаулы орта білімі қажет", - деп қосты арна.
Бүгінде Перизаттың анасы Ғайни Қасенғалиева да, оның жанындағы танымал блогер құрбылары да журналистермен сөйлесуге құлықсыз, байланысқа шықпай отыр.
"Олар сотталушының өміріндегі осы бір түсініксіз тұстарды анықтап беруге септігін тигізер еді. Бұл мәселеге қатысты сот талқылауы 23 шілдеде жалғасады. Қазірше жұрттың көкейінде жалғыз сұрақ тұр: "Қайырымдылықпен аты шыққан Перизат Кайраттың білімі жайлы шындық енді толық ашылар ма екен?..", - дейді дереккөз.