“Келісілген сценарий ме?”. Журналист Таяу Шығыстағы шиеленіске талдау жасады

Қаракөз Амантай 25 июн. 2025 15:26

Журналист Нұрмұхамед Байғараев Таяу Шығыстағы соңғы қарулы қақтығысқа байланысты өз талдауын ұсынды. Оның пайымынша, Израиль мен Иран арасындағы шиеленіс логикалық шегіне жетіп, қақтығыс өзара келісілген сценариймен тоқтаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“21 ғасырда Таяу Шығыстағы ең мәнсіз қысқа соғыстың бірі өзінің логикалық межесіне жеткендей. Трамп бірнеше рет соғыс аяқталды деп мәлімдеді. Иран мен Израиль содан кейін де 1-2 рет өзара ракета алмасты. Осымен тоқтағандай”, — дейді ол.

Ол соғыстың басталуына себеп ретінде МАГАТЭ-нің Иран уранды 90 пайызға дейін байытты деген мәлімдемесін келтіреді. Байғараевтың айтуынша, бұл ядролық қаруға дайындықтың белгісі ретінде қабылданып, Израиль соғыс қимылдарын бастап кеткен.

“Яғни, соғыстың мақсаты Иранның ядролық объектілерін бұзу, сөйтіп қару жасауға мүмкіндік бермеу еді. Соғысқа АҚШ-ты араластырды. Сонда да, меніңше, АҚШ пен Израиль бұл мақсатына жете алмады. Тек бағдарламаны бірнеше ай не 1 жылға шегерді”, — деп атап өтті ол.

Байғараев Иранның жауабы әлсіз болғанын, олардың зымырандарының басым бөлігі АҚШ-тың Ирактағы базалары мен теңіздегі кемелері арқылы қағып түсірілгенін алға тартты. Кейбір зымырандар ғана Израиль аумағына жеткен.

Сондай-ақ ол АҚШ-тың Ирандағы үш ядролық нысанға соққы жасағанын, алайда бұл соққылар тиімді болмағанын айтты.

“МАГАТЭ Фордо аймағында радиация тарамады деп хабарлады. Яғни, зақым тимеген. Себебі ол таудың түбінде орналасқан. Оған қоса, кеше CNN АҚШ-тың әскери барлау қызметі де Иранның байытылған ураны да, центрифугасы да аман деген құпия мәліметін жариялап жіберді. Демек, Трамптың нысананы жойдық дегені жалған болып шықты”, — деді ол.

Журналист Иран жауап бермейді деп болжағанын, бірақ АҚШ-тың Дохадағы базасына 14 зымыран атылғанын атап өтті. Оның 13-і әуеде жойылған. Бұл шабуылдың келісілген сипатта болғанын АҚШ президенті Трамптың өзі де мәлімдеген.

“Соғыстың соңы өзара келісілген сценариймен жүргендей. Онда менің болжамым дәл келді. Өйткені Иран қазір АҚШ-қа ашық шабуылдайтын хәлде емес екені анық”, — дейді ол.

Байғараевтың сөзінше, Иран Ормуз бұғазын жаппаған. Егер жапқан жағдайда, бұл әлемдік мұнай нарығына үлкен соққы болар еді. Бұл да жағдайдың келісілген сценарий бойынша өрбігенін көрсетеді.

“Келісім жасауға екі ортада Қатар әмірі біраз еңбек сіңіріпті. Өз астанасындағы АҚШ әскери базасын құрбан етуге келісімін де берген сияқты”, — дейді журналист.

Ол бұл соғысты “мәнсіз” деп атауының себебін де түсіндірді. 

“Израиль қарсыласын жүгендемек болды. Мақсат-мұраты осы болды. Бірақ дегеніне жете алмады. Есесіне, үш тарап өзара қаншама ракета атты. Әрбірінің құны 1,5–5 миллион доллар аралығында. Дрондар арзан: 20 мың – 50 мың доллар. Қаншама кісі көз жұмды, ғимараттар қирады”.

Ол ChatGPT арқылы шамамен 2,5–3,5 миллиард доллар көлемінде шығын болғанын есептеткенін айтып өтті. Бұл қаржыны ғылым мен медицинаға салу әлдеқайда пайдалы болар еді деген пікірде.

“Енді үш тараптың да билігі өз халқына ‘жеңдік’ деп мәлімдеп жатыр. Себебі соғыстан абыроймен шыққысы келеді. Меніңше, еш тарап жеңбеді. Тек Трамптың подписчик саны артты. Болды”, — дейді Нұрмұхамед Байғараев.

Сөз соңында журналист билікке діни немесе саяси фанатизмге берілген тұлғалардың келу қаупін де атап өтті.

“Халықтың уақытын ұрлайды, өз идеологиясын таңады. Елдің ресурсын дамуға емес, саяси мақсатқа жұмсайды”.


Рекомендовать
Последние новости