"Кайдзен стратегиясы...". Кентау трансформатор зауыты қалай көтерілді?

Dalanews 22 нояб. 2018 05:41 1060

Вице-премьер Ерболат Досаевтың айтуынша, отандық бизнес тендерге телміріп отырмай, экспортқа шығуға тырысуы тиіс. Мемлекет өз тарапынан тауарын шетел нарығына шығарғысы келетін кәсіпкерді қолтығынан демеуге әзір.

Картинки по запросу KazakhExport экспорт

Экспорттаушыға қаржылай әрі заңдық тұрғыдан көмектесетін – KazakhExport сақтандыру компаниясы жұмыс істейді біздің елде. 

KazakhExport-тың көмегіне жүгінген 60-қа тарта отандық компания шетелдік нарыққа шығуға мүмкіндік алды осы күнге дейін.



 – «Қазақстанда жасалған» тауарлар бірталай мемлекеттің дүкен сөрелерінде тұр осының нәтижесінде. «Бұл ел шикізатқа тәуелді, қыл аяғы ине сабақтайтын жіп өндіруге де жарамай отыр» деген түсінікті бұздық, бастысы.

«Қазақстанда жасалған» өнімдер сыртқы нарықта өз тұтынушысын тапты. Бірақ, бұл аз. Тым аз. Өнімін экспорттағысы келетін кәсіпкердің қатары толыға түскенін қалаймыз. Ұлттық экономиканы тығырықтан шығарудың бір тетігі осы


 – дейді компания мамандары.

Айтпақшы, еске сала кетелік ел қойнауындағы қазба байлықты шетелге тасып табыс табатын кәсіпорындар KazakhExport-тың әріптесі атана алмайды. 

KazakhExport-пен қойын-қолтықтасып жұмыс істейтін кәсіпорынның бірі – Кентау трансформатор зауыты.



«Қала мен Дала» газетінің Түркістан өңірін аралаған апталық сапары барысында арнайы ат басын бұрып, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысқанбыз. Қазақстандағы ең ықпалды 50 кәсіпкердің бірі  Сайдолла Қожабаев іргесін қалаған Alageum Electric холдингісінің құрамына кіреді бұл зауыт. 

Трансформатордың 400-ге тарта түрін өндіреді екен. Айына 1000 дана трансформатор әзірлеп шығарады. Тауары сыртқа нарықта тәп-тәуір сұранысқа ие. «Кентау трансформатор зауытының» таңбасы бар құрылғылар ТМД-ға түгел таралады.


Экономиканың барлық тармағы – электр энергетикасынан бастап, металлургия, көлік құрастыру, транспорт, мұнай-газ кешені, тұрғын-үй коммуналдық саласына дейін трансформатор құрылғыларымен қамтамасыз етеді. Экспорттың шекарасы кеңігені Кентау қаласының көркеюіне де оқ ықпал етуде.  

“Қаланың көсегесін көгертіп отырған осы зауыт”, – дейді жергілікті жұрт.  Мыңнан астам адамды жұмыспен қамтығаны өз алдына, қала бюджетінің 70 пайызы зауыт төлеген салықтан құралады.



«Былтырғы жылдың 8 айында ғана трансформатор зауыты 12 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Бұл 2016 жылдың дәл осы аралықтағы көрсеткішінен 50 пайызға артық», – деді бізге КТЗ техникалық директоры Нұрбол Тілемісов. 

Өндіріс орнын басына аяғына дейін бір сүзіп шықтық. Жұмысшылармен тілдестік. Трансформатор жасаудың әділ тәсілдерімен таныстық.

Бірден көзге түсетіні, тәртіп бар. Тап-тұйнақ тазалық бар. Жүздеген адам жұмыс істейтін жерде айғай да жоқ, шу да жоқ. Әр зат өз орнында тұр. Әркім өз жұмысын біледі. Алған зат тұрған орнына қайтады.  Бос тұрған құрылғы жоқ. Құны 1 миллион еуродан асып жығылатын технологиялардың тілін тез меңгеріпті зауыт ұжымы.

Сөйтсек мұндағы жұмыс ережесі жапонның Кайдзен басқару үлгісіне бағыныпты. Стратегия қағидасы өзін-өзі үздіксіз жетілдіруге, дамытуға саяды екен. Кайдзенге бағынған кәсіпорын бірінші кезекте тұтынушының ойлайды, оның талғамынан шығуды мақсат тұтады. Бұған басшылық қана емес, жұмысшылар да үлес қосуы тиіс.



Кайдзеннің жолымен жүретін кәсіпорынның ең басты капиталы – адам.

Кәсіпорын жұмысынан шикілік шықса, бірінші кезекте кінәлінің соңына түсу Кайзденнің түсінігіне жат, керісінше кемшілікті бірлесіп шешу басты орында тұрады. Жапонның бірталай кәсіпорны осы стратегияның айтқанымен жүріп, жетістікке жеткен дейді.

Трансформатордың көкесін де осы арадан көрдік. Бір ғана былтырғы жылы зауыт – электрлі мотор, генератор, трансформаторларды қоса алғанда 10 988 дана өнім өндіріпті.



Биліктің бизнес өкілдеріне қарата «шетелдік нарыққа шығыңдаршы» деген өтінішін жерге қалдырмай,  іс жүзінде орындаған – осы Кентау зауыты. Өнімді экспорттауды трансформатор зауыты Досаевтың сөзінен көп бұрын бастап кеткен. Өндірген өнімінің 40 пайызын Ресейге, Қырғызстанға, Өзбекстан мен Тәжікстанға экспорттауда қазіргі таңда.

Мұнымен шектелмек емес. Биылғы жылы кәсіпорын Ауғанстан нарығына кірді. Жыл аяғына дейін Кентау зауыты ауған нарығына жалпы құны 10 млн. доллардың трансформаторларын тасымалдап тастамақ.


«Осыған орай Ауғанстанға арналған трансформаторлардың жаңа түрін әзірледік. Бұл елдің электр энергиясының заманауи жүйесіне көшкені кеше ғана. Сол себепті оларға трансформаторлардың жаңа түрлерін жеткізетін боламыз, – дейді зауыттың сату бөлімінің директоры Мұхтар Кенжебеков.

Кәсіпорынның ауған нарығына шығуына KazakhExport-тың шарапаты тиген.



Зауыт төрағасы Хайрулла Қожабаевтың айтуынша, Ауғанстанға трансформатор тасымалдау идеясы алғаш 2014 жылы көтерілген.

– KazakhExport ауған тарапы пен Alageum Electric арасындағы келісімшартты сақтандырды. Осының нәтижесінде өз тауарымызды сатып алушыға емін-еркін жеткізуге мүмкіндік алдық. 2014-2016 жылдардың аралығында KazakhExport сақтандырған трансформатор зауытының келісшарт сомасы 945 млн. теңгені құрады, – дейді ол.



Ілгеріде айттық, мұнда құны миллион еуродан асып жығылатын технологиянрың түрі-түрі бар деп. Бұлардың тілін түсіну үшін сырттай оқып білгеннің аздық ететіні көрініп жатыр. Оның үстіне жұмысшылардың дені жастар.

– Дәл солай. Оқу білімді тәжірибемен ұштаған маңызды. Осы мақсатта зауыттың іргесінен өз колледжімізді ашқанбыз. Мұнда 500-ге тарта студент дуальді оқыту жүйесі бойынша білім алады. Оқу мен тәжірибені қатар алып жүргесін құрылғыларды қолдануға келгенде қиналмайды. Осының нәтижесінде еңбек өнімділігін арттырдық. Соңғы 20 жылда зауыттағы өндіріс көлемі 20 есеге өсіпті, – деді Н.Тілемісов.



Зауыттағы тіршілік күндіз-түні дамылдамайды. Кәсіпорындағы мыңнан аса адам үш ауысыммен жұмыс істейді мұнда. Айтпақшы, Назарбаев биылғы Жолдауда мемлекеттің экспорттаушыларға бұрынғыдан да көбірек көңіл бөлетінін айтты. 

Alageum Electriс холдингіне қарасты кәсіпорындар мұны жақсылық белгісі дейді.



– Мемлекеттің экспортты қолдауға бағытталған бастамалары бір ізге түсті. Экспортты қолдауға бөлінген қаржы көлемі 500 млрд. теңгеге жетті.

Мемлекет басшысы экспортты айта келе мұндағы жол шығыны мәселесіне тоқталып өтті. Бұл талай кәсіпкерді толғандырып жүрген сауал-тұғын, – дейді Нұрбол Тілемісов.

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ


 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости