Kaspi-ге қарсы ақпаратық шабуыл сәтсіз аяқталды — сарапшы

Dalanews 25 сент. 2024 17:00 2417

Қазақстандық қаржы сарапшысы Айбар Олжай кейінгі күндері көпшілік арасында талқыға түскен тақырып — Kaspi акцияларының арзандағанын жан-жақты сараптады. Аталған кейске ұқсас жағдай қашан болғанын, немен аяқталғанын және алдағы уақытта не болуы мүмкін екеніне эксперттік пікірін білдірді деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстан сынды бейтаныс елден бейтаныс компаниялар Nasdaq сынды америкалық биржаға шығып жатқанда ең алдымен «аюлар» қатты қуанады. Аюлар дегенде орманда жүрген аң туралы айтып отырған жоқпын. Биржадағы спекулянттардың акция құнының арзандауынан пайда табатын тобын «аюлар» дейді. Ал акция қымбаттаса пайда табатындар — «бұқалар».

Аюлардың ішінде «шортселлер» деген топ бар. Олар акция құнының құлдырауын басқалар сияқты күтіп жүрмей, түрлі ақпарат, фейк зерттеу, қауесет жасап, тарату арқылы осы құлдырауға барынша ықпал етеді. Америкалық шортселлерлер жұрт біле бермейтін елдерден келген, АҚШ инвесторлары танымайтын компанияларды нысанаға алады. Ресейге санкция салынғалы бері Еуразиялық экономикалық одақ елінен шыққан кез-келген компания туралы «қайталама санкция алдында тұр» деп ақпарат таратсаң, биржа дүр ете қалатыны анық. Шортистерге қызмет ететін Culper Research та осы әдісті пайдаланып Каспиді жәукемдемек болды. Алғашқы екі күнде Каспи акцияларының бағасын тіпті 16 пайызға түсіре алды. Биржадағы басқалар ақымақ емес, сондықтан артынан акция құны тез қалпына келді.

Гинденбург оқиғасы

Сарапшы осы ретте Hindenburg Research шортистер тобының Фридом Финансқа жасаған шабуылын еске алды. 2020 жылы Hindenburg Research Tesla-ға бәсекелес болуға тиіс деп саналған, капитализациясы 28 миллиард долларға жеткен Nicola стартапын зерттеу жасау арқылы әшкерелеп, оның акцияларын 75 пайызға құлатқан еді. Соның арқасында 263 млн доллар пайда көрген. Айбар Олжайдың есебінше, Hindenburg Research қанжығасы кем дегенде 50 миллион долларға майланған болса керек.      

«2023 жылы Hindenburg Research атақты миноритарлық акционер Карл Айканның Icahn Enterprises, Twitter негізін қалаушы Джек Дорсидің Block төлемдер компаниясы мен үнді миллионері Гаутам Аданидің Adani Group алпауытына шабуыл жасады. Сол кезде аталған компаниялардың ортақ капитализациясы 99 миллиард доллар жоғалтқан. S3 Partners мәліметтері бойынша, Icahn-дегі барлық ашық шорттар идеал жағдайда 56 миллион табыс бере алған. Бұдан Hindenburg Research жартысын тапты деп топшыласақ, Adani Group бойынша 50 миллион доллардың шамасында табыс, Block пен Twitter жағдайында шамамен 5 миллион доллар пайда келген. Биржада әр нәрсенің тегін жасалмайтынын ішіңіз сезетін шығар» дейді сарапшы.

Осыдан соң әлемдік алпауыттарды шертіп жүрген Hindenburg Research Nasdaq биржасында листингтелген, қазақстандық Freedom Holding Corp. туралы зерттеу шығаруды дұрыс деп табады. Бірақ осы жолы Hindenburg Research оңбай қателесті. Зерттеу материалы жарық көрген күні нарықтағы котировкалар сәл құбылды да, артынан Freedom өсе бастады. Шорт-сквиз сценарийі орын алып, шортшылар кемінде 8 миллион доллар жоғалтқан. «Каспи кейсінде де шортистер түк таппаған сияқты. Бекер уақыт пен энергия құртты» дейді қаржы сарапшысы.

Kaspi-ді құлату мүмкін бе?

«Kaspi акцияларының құнында тұрған ештеңе жоқ. Экожүйе үшін бастысы активтер көлемі мен бизнестің рентабельділігі, яғни тиімділігі мен табыстылығы. Бұл жөнінен Каспиде проблема жоқ.

Бүгінгі таңда Kaspi.kz компаниясының активтері 7,1 триллион теңгені құрайды. Бұл бір жыл бойы бүкіл Қазақстан бойынша жиналатын салықтың тең жартысы. Масштабты елестеттіңіз бе? Енді қараңыз. Жыл басынан бері Kaspi.kz тапқан таза табыс 460 миллиард теңгеге жетті. Яғни 9 айда 460 миллиард болса, жыл соңына дейін 600 миллиард теңгеге жетуі тиіс. Бұл 1 миллиард доллардан асады. Өтімділік резерві мол мұндай қаржы ұйымын құлату мүмкін емес. Екінші жағынан мемлекет те оған жол бермейді.

Басшысы Михеил Ломтазде осымен алтыншы рет үздік СЕО атағын алған және бүгін акционерлеріне кезекті дивиденд төлеген Kaspi.kz қазақ еліндегі ең тұрақты үш компанияның тізіміне кіреді.

Сондықтан, уайымдамай, каспи қосымшасын ашып, QR арқылы төлеп, баяғыдай алаңсыз өмір сүре беріңіз. Олар сіз үшін істейтін нәрсені істейтініне күмән жоқ. Тек басы-көзі жоқ кредит ала бермеңіздер» деп тәмамдады сарапшы.

Еске сала кетсек, бұған дейін Kaspi.kz акцияларын құлдыратқан зерттеуде не айтылғаны туралы жазған едік. 

Жазба автордың рұқсатымен басылды. 


Рекомендовать
Последние новости