Кәсіптік-техникалық білімнің өрісі кеңейіп келеді

Dalanews 10 нояб. 2017 13:22 1037

Экономиканы дамыту үшін не істеу керек? Инвестиция қажет. Оған дауымыз жоқ. Арнайы даму бағдарламаларының болуы тиіс. Құдайға шүкір, аймақтық, республикалық, салалық даму бағдарламаларынан кенде емеспіз. Инновацияға иек артқан экономиканы құруға ең бірінші кезекте білікті маман қажет. Осы факторды маңызын түсінген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін дамытып, елімізде қолынан іс келетін жұмысшы мамандар шоғырын қалыптастыру керектігін айтқан болатын. Өз кезегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мектепті бітірген жас азамат бірінші мамандығын тегін алатын болады. Біз осыдан бастайтын боламыз. Үкімет осыған кірісуі керек. Қазақстанның жас азаматтары білімді, еңбекқор, бастамашыл болуы тиіс. Жұмыс пен сұранысы бар өңірге батылдықпен барулары керек. Егер шеберліктің шыңына жете білсеңіздер – мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен адамның өмір сапасы озады, тұрмысы жақсы болады. Ең ақыры бүгінгі жасап жатқан жақсылықтарымыздың барлығы – жастар болашағы үшін», – дегені есімізде. 

Қазір жастардың кәсіптік-техникалық білім беретін орта буынды оқу орындарында жастарды мемлекет есебінен оқыту ісі сәтті жүзеге асып жатқаны белгілі. Иә, бізге ешкім білікті мамандарды сырттан әкеліп бермейді. Білікті маман қазақ топырағында пайда болуы тиіс. Қазіргі таңда «Кәсіпқор» холдингі кәсіптік-техникалық мамандарды дайындауға ден қойып отыр. Холдинг аймақтарда орта деңгейлі мамандар даярлайтын  кәсіптік білім беретін орта буынды оқу орындарын құрып жатыр.


лсіздік жылдары елімізге шетелден көптеген инвесторлар келіп, қаржы құйып, жұмыс істеді. Олар әлі де табысты жұмыс істеуде. Инвесторлар елімізге тек қана ақша әкелген жоқ. Сонымен қатар олар өздерімен бірге заманауи технологияларды да әкелді. Енді біздер инвесторлар әкелген технологиялардың тілін білетін білікті мамандар даярлауға күш салуымыз керек.


Тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасы негізінен еліміздің аймақтарын қамтып отырғаны көңіл қуантады. Бүгінде арнайы бағдарлама бойынша республикамыздағы 800-ден астам колледжде 101 мыңға жуық жастар оқып жатыр. Бұған қоса қысқа мерзімді курстарда 61 мың адам алғашқы кәсіби білім алып үлгерген. Аймақта бәсекеге қабілетті жұмысшы мамандарды даярлау, өңірдегі еңбек нарығын толықтыруда техникалық кәсіптік білім беру саласына айрықша мән беріліп отыр.

Экономикасы қарқынды дамыған кез келген кәсіптік білім беру ісіне жете көңіл бөледі. Өйткені, кәсіптік білім алған мамандар ертеңгі күннің экономикаға қызмет етіп, елдің әлеуетін арттырады. Қазіргі таңда Қазақстан кәсіптік білімнің ел экономикасында алатын орнын түсініп, бұл бағытта жұмыстар қолға алынуда. Бүгінде кәсіптік білім қоғамдағы орнын айқындап үлгерді. Осыдан біршама уақыт бұрын жастар кәсіптік білімнен гөрі жоғары білім алғанды жөн санаушы еді. Қазір керсінше кәсіптік мамандықты игеріп, ел экономикасын өркендетуге ынталы жастардың қатары артып келеді. Жастардың арасындағы осындай стереотипті бұзу оңай болған жоқ.

Бұл бағытта «Кәсіпқор» холдингі көптеген жұмыстар атқаруда. Қажырлы жұмыстардың арқасында қазір холдингтің  кәсіптік білім беретін оқу орындарына түсуге ықыласы ауған жастардың қатары жыл сайын артып келеді.

Кәсіптік білімнің қоғамдағы орнына қатысты мына бір жайтты айта кетуіміз керек. Бүгінде экономиканы өркендету үшін қабылданған индустриалды-инновациялық бағдарламаны іске асыру үшін жүздеген, мыңдаған кәсіптік-техникалық мамандар қажет. Осы бір жайттан-ақ қазіргі таңда еліміз үшін орта буынды кәсіптік мамандардың қаншалықты қажет екенін аңғаруға болады. Қазір ата-ана орта буынды білікті маман қоғамдық өмірімізде қаншалықты маңызға ие екенін түсінді.

 

Ермек Күзенбаев, «АРЕС Petrotechnic жоғары техникалық мектебінің директоры:

– Біздің мектеп мұнай-газ саласына қажет үш мамандықты дайындауда. Мамандықтар – кен орындарын пайдалану;  бақылау, өлшеу құрылғылары және автоматика; мұнай-газ өндіру технологиясы деп аталады. Бұл еліміздегі мұнай-газ өндірісі үшін аса қажет мамандықтар. Студенттер түске дейін мектепте алған білімін түстен кейін өндірісте қалай іске асатынын нақты іс жүзінде сынақтан өткізе алады. Түлектеріміздің өндірістік тәжірибеден мұнай компаниялары мен өзіміздің өндірістік іс-тәжірибелік базада өтуіне барлық жағдай қарастырылған.

Өндірістік іс-тәжірибелік базамызда мұнай-газ өндірісінің соңғы үлгідегі құрал-жабдықтары орнатылған. Бір сөзбен айтқанда, шеберханамызда білігін шыңдаған жастар нақты өндірісте қалай жұмыс істейтінін көзбен көріп, көңілге түйіп шығады. Қазақстандағы ірі мұнай компанияларымен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатқанбыз. Осы ретте мына бір мәселені айта кетудің мәні зор деп есептеймін. Мектебіміздің ішінен Индустриалдық кеңес құрылған. Көптеген мұнай компаниялары осы кеңестің белсенді мүшесі.

Бүгінде өндірістік технологиялар жыл өткен сайын дамып, өзгеріп жататынын өздеріңіз білесіздер. Заман талабына сай маман даярлау үшін өзіміздің модульдық бағдарламаларымызды осы кеңестің талқысына салып, содан кейін ғана қабылдаймыз. Индустриалдық кеңестің өкілдері модульдық оқу бағдарламасымен мұқият танысып, өздерінің ұсыныстарын айтады. Бұдан кейін біздер ұсыныстарды басшылыққа алып, модульдық бағдарламаларды қайтадан дайындап, сол бағытта маман даярлауға кірісеміз. Біздің модульдық оқу бағдарламамыз қатып қалған стандарттармен шатастыруға болмайды. Егер өндірістік технологияда қандайда бір өзгерістер орын алса, Идустриалдық кеңестің мүшелерімен кеңесіп, тиісті өзгерісті енгіземіз. Осылайша модульдық бағдарламаларымызды өзгертіп, өзіміздің білім беру ісінің маңыздылығын ұдайы сақтап отырамыз.

Бүгінде Канададан келген 21 нұсқаушы сабақ беруде. Оларға жергілікті екі мұғалімнен бекітілген. Өзіміздің мұғалімдер әзірге тағылымдамадан өтушілер болып саналады. Олар өздерінің мамандықтары бойынша өзінің оқу жоспарын, оқу-әдістемелік құралдарын жасайды. Бұған қоса, Канадаға барып біліктілік курстарынан өтіп келді. Мұнда келгенде де біліктілік курстарынан өтіп отырады. Осылайша тағылымдамадан өту бағдарламасынан өткеннен кейін барып мұғалім мәртебесіне ие болады. Бүгінде жергілікті 8 мұғалім осы мәртебені иеленіп, өз беттерімен шетелдік инструкторларсыз сабақ беріп жатыр. Жалпы осылайша екі-үш жыл көлемінде шетелдік мұғалімдерді толық жергілікті мамандармен алмастырамыз деген жоспарымыз бар. Шетелдік нұсқаушылар қасындағы жергілікті екі тағылымдамадан өтуші әрі кетсе үш жыл көлемінде барлық тағылымдамадан өтіп, шетелдіктердің деңгейіне көтерілуі тиіс.

Дайындаған Дариға АСҚАР

Рекомендовать
Последние новости