Кәсіпкер: "Мақтарал ауданы – бал араны бағуға өте қолайлы"

Dalanews 18 окт. 2018 07:44 870

Бал – бала денсаулығы үшін таптырмайтын ем. Ал бал өндірісімен айналысу бір жағынан табысты, енді бір жағынан сауапты іс. 

Бұдан бұрын Мақтарал ауданы «Мақталы 1» ауылындағы «Азамат» шаруа қожалығының иесі Тіллә Қалдарбекова «Ырыс» микро кредиттік ұйымынан 4,5 миллион теңге несие алып, бал араны бағуға арналған 2 тележка сатып алғанын хабарлаған едік. 

«Азамат» шаруа қожалығының жұмысын жүргізіп отырған Марат Мұратовтың айтуынша, аралардың бір ұяшығынан жылына 40 литр бал алады екен. Мұндағы 3 тележкадағы 300 ұяшықтан жылына 15 тоннаға жуық бал алып жатыр.

«Аралар суыққа төзбейді. Мақтарал ауданының ауа-райы басқа аймақтарға қарағанда әлдеқайда жылы әрі мұндағы жауын-шашынның аз болуы – бал араны бағуға өте қолайлы. Сондай-ақ, кермек, жантақ, жыңғыл, мақтаның гүлі сияқты т.б. аралар нәр алатын өсімдіктер мұнда өте көп»



- дейді Марат Мұратов.

Бал араның өніміне деген сұраныс өте жоғары. Балды Мақтаралдың мектептері мен балабақшалары-ақ толықтай сатып алады екен. Өнімнің литрі – 1000 теңге. Тіпті, 4-5 есе қымбат бағаға Қытайдан жүз тонна экологиялық таза балға тапсырыс келген. Қожалық сол сұранысты өтеу үшін жұмыс жасап жатыр.

Сондай-ақ, «Техас балы» қауымдастығы да «Азамат» шаруа қожалығының балын жиі сатып алады.

«Бір ұяда бір аналық ара, бірнеше жүз аталық Ара және 100 мыңға дейін жұмысшы ара болады. Ұрғашы ара ұяда ұрпақ өсіреді. Ол аралардың ішіндегі ең ірісі, жыл маусымына қарай денесінің ұзындығы 20-25 мм, ал салмағы 150-300 мг-ге жетеді. Тәулігіне 2-3 мың, маусымына 200 мыңға жуық ұрықтандырылған жұмыртқа салады. Ұрықтанған жұмыртқадан ұрғашы, жұмысшы және аналық аралар, ал ұрықтандырылмаған жұмыртқадан тек еркек аралар шығады» – дейді Марат Мұратов.

Араны бағудың еш қиындығы жоқ. Тек көкқұс деп аталатын құстан қорып, балын уақытында жинап алып отыру керек екен.

Рекомендовать
Последние новости