Кәсіпкер Кеңес Рақышев құрдымға кеткен компаниясы туралы айтты

Көркем Алдабергенова 29 нояб. 2024 09:27 106789

Кәсіпкер Кеңес Рақышев Instagram-ға бәсекелес бола алатын Mobli компаниясына инвестиция салған кезін еске алды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Рақышев кәсіпкер Руслан Шәйекеннің подкастында айтып берді. 

Кеңес Рақышевтің айтуынша, Mobli-да қазіргі уақытта Instagram-да танымал (мысалы, stories сияқты) функциялар болған.

"Біз керемет қарқынмен өстік, бірақ Instagram күтпеген жерден стратегиясын өзгертті, сондай-ақ компанияға Марк Цукерберг инвестиция салды, ал бізге қаржы жетпеді", – деді ол.

Біршама уақыттан кейін Рақышевке Mail.ru-дан Mobli-ді 250 миллион долларға сатып алу туралы ұсыныс түскен. Кәсіпкер бұл мәміледен бас тартқанын және мұндай шешім қабылдағанына өкінетінін мойындады.

Айта кетейік, 2024 жылы Instagram компаниясының құны 100 миллиард долларды құрап отыр.

Еске салайық, бұған дейін Кеңес Рақышев Кайман аралдарында тіркелген компания акционері атанғанын жазған едік. Ол жеке меншік иесі болып табылатын "Fincraft Group" ЖШС Tethys Petroleum Limited мұнай-газ компаниясының 15,16% акциясын сатып алды. Бұл туралы 26 қарашада Қазақстан қор биржасы сайтында жарияланған ақпараттан белгілі болды. 

Fincraft Group құрамына БТА банкі, Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектеп, Nordland Petroleum Inc., Equus Petroleum Limited, Shoqan Academy және Beineu Petroleum Limited енеді.

Tethys Petroleum — Қазақстанда жұмыс істейтін, дегенмен Кайман аралдарында тіркелген мұнай-газ компаниясы. Оның негізгі қызметі шикі мұнай мен табиғи газ кен орындарын сатып алу, барлау және игеру болып табылады.

"2023 жылдың соңында Tethys Petroleum Қазақстанда төрт келісімшартқа: Қызылой кен орнын өндіруге, Аққұл кен орнын өндіруге (газ келісімшарттары), Аққұл кен орнын барлауға (Дорис мұнай кен орнын және басқаларын қамти отырып), сондай-ақ Құл-Бас кен орнын барлауға және игеруге қол жеткізді. Tethys Petroleum құрамына 100% үлесі бар сегіз еншілес ұйым кіреді: Tethys Kazakhstan SA, Transcontinental Oil Transportation srl, Tethyda Limited, TPL Holdings Limited, DMS Services LLP, Tethys Aral gas LLP, Kul-Bas ЖШС, Tethys Services Kazakhstan LLP. Сондай-ақ, компания Аралдағы мұнай терминалының 50% үлесіне ие", деп жазады Forbes.kz.

Қаржылық есептерге сүйенсек, 2023 жылы Tethys Petroleum 9,7 миллион доллар, 2022 жылы 12,3 миллион доллар табыс тапқан. Ал 2024 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша компанияның таза кірісі небәрі 44 мың долларды құрапты.

Tethys Petroleum Торонтодағы TSX Venture Exchange қор биржасында бастапқы листингке ие (дамушы компаниялар үшін венчурлық капиталдың қоғамдық алаңы). Сондай-ақ, Қазақстан қор биржасында (KASE) да тіркелген.

Кеңес Рақышев Forbes-тың ең бай бизнесмендер рейтингісінде 19-шы орында тұр (2024). Оның байлығы 435 миллион долларға бағаланады.


Рекомендовать
Последние новости