Кафканың трагедиясы

Dalanews 01 дек. 2016 15:30 916

Неміс поэзиясымен аралас, еврей теологиясын іздейтін ерекше әлемге алғаш сапар шеккен адам, кенет өзінің елестер патшалығында адасып қалғанын аңғарады. Бірде ол шындыққа мүлде жанаспайтын, кейде тіпті таңғажайып нақтылыққа бөленген мәтінге ұқсайды. Не десект те, неміс Богемасынан шыққан еврей ақылды әрі өткір неміс прозасын жазған.

Авторы: Герман Гессе

Бұл шығармалар, француз жазушысы Жюльен Гриннің  – сірә сол кездегі Кафкамен салыстыруға тұрарлық жалғыз қаламгердің – кітаптарындағыдай қорқынышты түстерді еске салады. Олар, адамдар мен басқа да мақұлықтардың аласапыран, ережесі түсініксіз Ізгіліктің иелігіндегі, шығатын жолы жоқ, өмірге қауіпті ойын әлемін таңғаларлық шынайылықпен суреттейді. Бұл ойынның ережесін түсіну үшін бір адамның өмірі жетпейді. Оның ережесі таңғаларлық әрі қиын, өзінің тереңдігімен, мағынасымен ерекшеленеді. Кейде, тіпті, сыртқы күштердің әсерінен ол жердегінің барлығы тұрақсыз көрінеді. Сен өзіңді қолыңмен ұстауға мүмкін емес, көзге көрінбейтін, түсінікке сыймайтын құдіреттің қасында тұрғандай сезінесің. Ол жердегі адамдардың айтуынша онда негізгі заң бар. Олар күңгірт болса да өздерін қорғансыз сезінеді. Олар өз ішінде адасып кеткендіктен кімге бойұсынарын білмейді. Құдайдың сыбырлап, ізгілікке шақырғанын естиді, жақсылық жасағысы келеді, бірақ оған апарар жолды таппайды. Көптеген жаратылыстар мекендеген, оқиғаларға бай, поэтикасы ғажап, айтып жеткізу мүмкін емес астарлы әңгімелерге толы Кафканың әлемін түсінбестік пен үрей құрайды. Кафка тұңғиық, рухани дағдарысты алдын ала сезінген, жалғыз өзі ішінен толғатып жүріп, біз енді ғана түсінуге өреміз жететін шығармаларды өмірге әкелген.

kafka1Жазушының ерекше тиянақтылықпен жазған шығармаларын, өлер алдында жоюды талап еткені туралы азырақ ойлансақ жауабын табу қиынға соқпайды. Кафка өз мәселелерімен басы қатқан, аракідік өзінің тіршілігіне, рухына, сеніміне күдіктенген жалғыз адамдардың заманында өмір сүрген. Олар мекендеген әлемді бөтен санап, бос кеңістікке Құдайдың құпиясын сезінетіндей қарайды, кейде адамдарға да күдігі артып, өз тіршіліктеріне деген күмәні күшейе түседі. Міне, осыны есепке ала отырып, өз еңбегіне өлім жазасын кескен қаламгерді түсінуге болады. Әрине қоғам қабылдамаған қаламгердің түйіні жоқ, проблемаға толы туындыларын адамзаттан арылтуды қолдайтындардың барына шәк келтіруге болмайды. Тіпті, Кафка сияқты жазушылар мен осындай жағдаяттарға толы заманның өмірде мүлдем болмағаны жақсы. Бірақ, бұл симптомдарды жою заманға да, адамға да көмектесе алмайды. Осы ретте біз сезімтал, күдікке толы шығармаларды сақтап қалған жазушының досына рахмет айтамыз. Егер олар шынымен жойылған болса, оқырмандар ілім іздеп, тереңге шөгуді қажет деп есептемес еді. Тұңғиықты көрсету және түсіндіру әдебиеттің бір міндеті болып табылады.

Кафка жанынан безген адам. Әрине, ол ондай сезімдерді жиі кешкен, үмітін үзген. Бірақ, Құдайдан немесе шынайы болмыстан үмітін үзбеген ол, өзіне деген сенімді жоғалтқан, адамның Құдаймен байланысқа түсуін, тура мағынасында жанасуына күмәні басымырақ болған. Оның шығармаларына арқау болған басты мәселе осы, әсіресе «Қамал» (Замок) романында. Романдағы кейіпкер ешқашан көрмеген, кезікпеген Мырзасының назарын аударуды армандайды, бойұсынып, қызмет еткісі келеді. Кафканың барлық шығармаларындағыдай бұл ертегінің де ақыры қайғылы. Кейіпкер Мырзасын таппайды, оның өмірінің мәні жоғалады. Оқып отырғанда міне-міне кезігіп қалатындай, құлды рақымшылық күтіп тұрғандай сезіледі, алайда оны көруге дәрежесі жетпейді, ол әсіре белсенділік танытып, ыждағаттанған сайын өз жолын өзі кес-кестейді.

«Діндар» жазушылар өз кейіпкерлерімен бірге адасып, біраз қиналғаннан кейін, кейіпкердің дұрыс есікті ашқанын көріп, тынысы кеңейіп, өздері де жеңілдеп қалар еді. Кафка олар сияқты алысқа сандалмайды, ол көп жазушыларда кездеспейтін, адамның есі шығатын тереңдікке шөгеді.

Өз туындыларынан теріс айналуды жөн көретін, сананасын күмән торлаған, ізденімпаз адам – хас талантты жазушы болған. Айта алмаған ойын ойлап тапқан тілі, символ мен тәмсілдер әлемі арқылы жеткізген. Тіпті, осының барлығы болмаған күннің өзінде адамдар оны шеберлігі үшін ғана бағалайтын еді.

Бұл туындылардың бізге жеткені үлкен бақыт.

Үрейге толы қорқынышты, кейде шексіз қуантатын рухы биік, маңызды сұрақтар көрініс тапқан бұл шығармалар жәй ғана құжат емес. Бұл шынайы, тап-таза шығармашылық қуат жасаған символдар, көркем болмыс пен қиялдың жемісі. Шығармалардың авторын қызыққа қатты беріліп кеткен деп санауы мүмкін, бірақ қайталанбас қиял мен оның тілді сезінуі жеткізу формасына мінсіз көрік берген.

Оның діндарлығынан еврей кескіні байқалады. Бірақ оның алған білімі арқылы біз көбірек христиандық, батыстық ықпалдың басым екенін көреміз. Ол өз махаббаты мен құмарлығын талмудқа емес, Паскаль мен Кьеркегорға арнаған. Себебі кьеркегорлық ортадағы болмыс туралы сұрақ, оны басқа мәселелерге қарағанда көбірек алаңдатып, ұғыну проблемасы сияқты азап шеккізген. Оның бар трагедиясы – ал ол өте трагедиялық жазушы болған – түсінбестік, нақтырақ айтсақ, адам мен адамның, тұлға мен қоғамның, адам мен Құдайдың арасындағы жалған түсінбестік. «Заң алдында» деген қысқа ғана шығармасы осы мәселені толықтай ашып көрсетуге шақ қалған. Өлегеннен кейін жарық көрген «Құбылыс» (Процесс) пен «Қамал» (Замок) романдары осы шығармамен тығыз байланысты. Қиындықтан дал болған біздің заманда, Кьеркегор мен Ницшенің туындыларымен бірге прагалық жазушының таңғаларлық шығармалары да бір қатарда болады. Ол өз заманының проблемасын сәуегейлік тұспалмен анық айтқан, ауыр толғаныстар мен қиындықтарға назар аударған. Ештеңеге қарамастан ол өзінің шығармаларында бізге көптеген қиындықтардың ғана емес, қолында сұлулық пен жұбаныштың есігін ашар кілті бар, Құдайдың қалаулысы болып қала береді.

Аударған Санжар БЕКЖАНОВ,


«Солақайлар» әдеби клубы


 

Рекомендовать
Последние новости