Жұмысына салғырт қараған қазақстандық компания мемлекетке 1 млрд теңге қайтарды

Қаракөз Амантай 10 июл. 2024 11:08 2910

"Жетіген" аэродромында жөндеу жұмыстарын жүргізуге тиіс болған "K-Dorstroy" компаниясы мемлекетке 1 млрд 67 млн теңге қайтарды. Бұл туралы Бас әскери прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында Қорғаныс министрлігінің "K-Dorstroy" АҚ-ға арызы қаралды. Нәтижесінде 1 млрд 36 млн теңге аванс пен тұрақсыздық үшін 31 млн теңге өндірілді.

Компания Алматы облысы Іле ауданындағы "Жетіген" аэродромының ұшу алаңына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге тиіс болған. Бірақ келісімшарт талаптарын орындамай келген.

Бас әскери прокуратура бірқатар шаралар қабылдап, әділет органдарына қадағалау актісін енгізді. Нәтижесінде келтірілген шығын толық көлемде өтеліп, борышкер мемлекет кірісіне 1 млрд 67 млн теңге аударды.

Еске салайық, 2020 жылдың 10 сәуірінде Қорғаныс министрлігіне қарасты мекеме мен "К-Дорстрой" АҚ арасында Алматы облысы Іле ауданы "Жетіген" әуеайлағының ұшу алаңының элементтерін күрделі жөндеу бойынша шарт жасалды. Үш жылдық келісімшарт сомасы 12,2 млрд теңгеден асты: 2020 жылы компания 137 млн теңгеге, 2021 жылы 7 млрд теңгеге және 2022 жылы 5 млрд теңгеге жұмысты орындауға тиіс еді

2022 жылдың 13 сәуірінде қосымша келісімге қол қойылды, оған сәйкес шарттың қолданылу мерзімі 2023 жылғы 30 қарашаға дейін ұзартылды.

2022 жылдың 10 қазанында шарттың қолданылу мерзімін 2025 жылдың 30 қарашасына дейін ұзартуды көздейтін тағы бір қосымша келісім жасалды. Ал қаржыландыру бастапқы 12,2 млрд теңгеден 23,9 млрд теңгеге дейін көбейді.

2022 жылдың 29 маусымында "К-Дорстрой" АҚ-ға 1 млрд 36 млн теңге сомасында аванс төленді.


Рекомендовать
Последние новости