Ақтөбеде Ресейдің Nordwind Airlines әуе компаниясына тиесілі ұшақ шұғыл түрде қонды, деп хабарлайды Dalanews.kz Қазақпаратқа сілтеп.
Ұшақ Екатеринбургтен Сочиге бет алған. Алайда жолаушылардың бірі өзін кенеттен нашар сезінгендіктен, экипаж шұғыл қону туралы шешім қабылдаған. Кейіннен белгілі болғандай, жолаушы көз жұмған.
– Бүгін шамамен сағат 12:35-те Екатеринбург – Сочи бағыты бойынша ұшып бара жатқан ұшақ Ақтөбе әуежайына қонды. Бұған жолаушының жағдайының күрт нашарлауы себеп болды. Кейін ол қайтыс болды. Өлім себебін кейін дәрігерлер анықтайды. Boeing-777 ұшағы қазір әлі де Ақтөбе әуежайында тұр.
Жолаушының мәйіті борттан түсіріле ме, әлде рейспен бірге жеткізіле ме – бұл мәселе әзірге шешілген жоқ. Осыдан кейін рейс әрі қарай жалғасады. Дәл ұшу уақыты экипаж шешімінен кейін белгілі болады. Пассажирлер ұшақ бортынан шығарылған жоқ, барлығы салонда, – деді Мәлиев.