Жылусыз қалған Саран. Энергетика министрлігі мәлімдеме жасады

Кәмшат Тілеухан 17 окт. 2024 10:06 1392

Сарандағы барлық үйлер мен әлеуметтік нысандар жылуға қосылды. Жылу көздері қажетті отынмен қамтамасыз етілген. Қаланың барлық өндірістік нысандары өндірістік бағдарламаларға сәйкес жұмыс істейді. 2024 жылы 17 қазанда Энергетика министрлігі осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қазандықтардың, орталық жылу көзінің, сондай-ақ жылу желілері мен әлеуметтік нысандардың жағдайын тексеріп, жедел штаб отырыстарын өткізді.

"Қазір резервте тұрған барлық жергілікті қазандықтар дайындалып, іске қосылды. Жылуды толық көлемде берілуде. Біз барлық қазандықтарда жылу беру температурасын бақылаудамыз. Қосымша қазандықтармен кеңейту қажет болған жерлер де жақын арада кеңейтілетін болады. Тұрғындар бұрын болған екі қазандық бойынша сұрақ қойды, бұл үйлер басқа жұмыс істеп тұрған қазандықтарға қайта қосылды", – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Арнайы комиссия құрылып, оның құрамында энергия қадағалау өкілдері, өңірлік және басқа да ведомстволардың басшылары, Қарағанды облысының ТЖД бірлесіп жұмыс жасауда. Орталық жылу көзін жөндеу кезінде жабдықтарды жеткізуші зауыттың мамандары шақырылды.

"Біз барлық жылу көздерін аралап, жылумен қамту схемасын қалпына келтіру жұмыстарының барысына жеткілікті түрде егжей-тегжейлі талдау жасадық. Келесі шешім қабылданды: орталық жылу көзі іске қосылғанға дейін қаланы жылумен қамтуды жергілікті қазандықтар қамтамасыз етеді. Барлық әлеуметтік нысандар жылумен қамтамасыз етілген, барлық өндірістік нысандар өндірістік бағдарламаларға сәйкес жұмыс істеуде", — деді Алмасадам Сәтқалиев.

Үйлерге жылу беру аяқталуда. Жағдай энергетика министрлігі мен облыс әкімдігінің бақылауында екені нақтыланады.

Айта кетсек, Саран қаласындағы қазандық 2024 жылдың 13 қазанында іске қосылды. Ақауға байланысты қазандықтың жұмысы аяқ-астынан кілт тоқтатылды. 15 қазанда Премьер-министр Олжас Бектенов Сарандағы жылыту маусымындағы жағдай Үкіметтің бақылауында екенін айтқан болатын.


Рекомендовать
Последние новости