Жезқазғанда пәтерлердің бірінен аса қатыгездікпен өлтірілген анасы мен қызының денесі табылды

Кәмшат Тілеухан 13 авг. 2025 15:46

Жезқазған қаласындағы пәтерлердің бірінен аясыз өлтірілген 59 жастағы әйел мен оның 17 жастағы қызының денесі табылды. Анасына жеті жерден пышақ сілтелген болса, ал қыз сыммен тұншықтырылғанға ұқсайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Almaty.tv мәліметтеріне сәйкес, қыз Астанадағы халықаралық колледждің екінші курсында оқыған.

Ұлытау облысы полиция департаментінің (ПД) баспасөз қызметі кісі өлтіру бойынша екі фактіге сәйкес, қылмыстық іс қозғалғанын нақтылады. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы қылмысты жасады деген күдіктіні ізін суытпай ұстады.

"Жауап алу кезінде ол өзінің кінәсін мойындады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды", - дейді Ұлытау облысы ПД баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта, тергеушілер атап өткендей, болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған жедел-тергеу іс-шараларының кешені жүргізілуде.

"Тергеу барысы полиция басшылығының ерекше бақылауында", деп нақтылайды Ұлытау облысы ПД баспасөз қызметі.

Бұған дейін Алматы облысында ерлі-зайыптыны өлтіріп, үйін өртеп жіберген қылмыскер іздестіріліп жатқанын хабарлағанбыз.


Рекомендовать
Последние новости