Жетісулық кәсіпкер келіншек мемлекеттің қолдауымен жайма қақ өндірісін жолға қойды

Dalanews 28 авг. 2023 18:09 1427

Жетісу облысындағы Әйелдер кәсіпкерлігінің өңірлік орталығы еңбекқор да талантты жандардың арман-мақсаттарын жүзеге асыруға жәрдемдесіп келеді. 2022 жылы орталыққа көмек сұрап жүгініп, тиісті ақпарат алғаннан кейін ісін бастауға бел буған кәсіпкер Алмагүл Мұратбек биыл жеміс-жидектен жайма қақ жасауды қолға алды.

Оған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде бизнес-идеясын іске асыруға берілген 5 млн теңге сомасындағы грант зор көмек болды.

Алмагүл Мұратбек ханым грантқа қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, үй жағдайында қақ өндірісін жолға қоя бастады.

Осылайша Ескелді ауданынан шыққан кәсіпкер ханым "Qonaq Kade" брендінің негізін қалай бастады. Қазір жергілікті жеміс-жидектерден қақтың бірнеше түрін жасайды. Оның дәмді, ең бастысы табиғи әрі пайдалы өнімдеріне деген сұраныс қазірдің өзінде артып отыр.

– Өз бизнес-идеямды жүзеге асыру үшін Алматы қаласынан Ескелді ауданының Қаратал ауылына көшіп келдім. Өйткені мұнда жергілікті фермерлер құлпынай мен таңқурайды жақсы өсіреді. Кейде текелілік тұрғындардан да жидектер сатып аламын. Негізі фармацевт маманмын. Бірақ бизнеспен айналысып, пайдалы өнім шығарғым келді. Бұл мақсатыма мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жеткіздім, – дейді кәсіпкер.


Оның айтуынша, қақ өндіру қарапайым процесс, оны кез келген әйел үйінде жасай алады.

– Қай-қайсымыз да бала кезімізде алмадан қақ жасағанбыз, мен де солардың бірімін. Бірақ қазір арнайы құрал-жабдықтардың арқасында жұмыс бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеді. Әрине, азық-түлік жинауға, жеміс-жидектерді жууға, тасымалдайтын ыдыстарға салуға көп уақыт кетеді. Бірақ блендерді пайдалану уақытты едәуір  үнемдейді. Мұнан соң дайын қоймалжың 10-12 сағатқа дегидраторға кептіру үшін жіберіледі. Осы уақыт аралығында басқа шаруаларыңызбен айналысуыңызға болады.



Нарықта жайма қақ өте қымбат. Дегенмен бізде өсетін жеміс-жидектердің түрі көп. Сондықтан жыл бойы сапалы әрі пайдалы жергілікті өнім өндіруді жолға қойып, тұрақты табыс алуға болады, – дейді ой бөліскен Алмагүл Мұратбек.

Жақында Алмагүл Мұратбек «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпазы атанды. Сол сияқты «Қорғас» ХШЫО аумағында өткен халықаралық көрмеге қатысып қайтты.

Бүгінде шағын бизнесін жүргізіп, екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы өткізетін мастер-класстар шеңберінде тәжірибе алмасуға белсенді қатысады. Алдағы уақытта кооператив құру есебінен өндірісін ұлғайтып, жұмысшылар санын арттырып, үлкен нарыққа шықсам деген жоспары бар.

Рекомендовать
Последние новости