Жетісуда модификацияланған картоп крахмалын өндіретін зауыт салынады

Dalanews 12 июн. 2021 17:02 1010

Алматы облысында өңір экономикасына 26 млрд теңге шамасында инвестиция тартып, жылына 45 мың тонналық дайын өнім шығаруға қауқарлы модификацияланған картоп крахмалын өндіретін зауыт салынады. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың «Катада TRANS GROUP» ЖШС компаниясы өкілдерімен кездесуі барысында белгілі болды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оңтүстік кореялық заманауи құралдарды пайдаланатын жаңа өнеркәсіп орны Ұйғыр ауданы аумағында орналасады. Бұл жобаны отандық «Катада TRANS GROUP» ЖШС компаниясы Оңтүстік Корея инвесторы – «ISA. Co. LTD» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырады.

Зауытты шикізатпен толық қамту үшін жыл сайын 120 га жерге картоп егу керек. Жылына шамамен 200 мың тонна картоп өңдеу жоспарланған. Картоп крахмалынан бөлек зауытта жылына 5700 тонна көлемде картоп шырыны, 2100 тонна картоп протеині, 5 мың тонна мал азығы шығарылады.

Кәсіпорын іске қосылғанда 80-нен астам жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар инвесторлар жыл сайын 10 жыл бойы жергілікті халықтың арасынан 7 маманды тұрақты түрде оқытып отырады.

«Катада TRANS GROUP» ЖШС директорының орынбасары Серғазы Шалқарбековтің айтуынша, зауытты 18 ай ішінде салып, іске қосу жоспарланған, яғни келесі жылдың күзінде өндірістік желі пайдалануға беріледі. Жалпы картоп крахмалы азық-түлік, медикаменттер, косметикалық құралдар, қағаз, құрылыс материалдарын өндіруге кеңінен қолданылады. Бұл - өте пайдалы әрі нарықта сұрасынысқа ие шикізат.

Презентацияны тыңдағаннан кейін Амандық Баталов тиісті жауапты тұлғаларға экономикалық тиімділігі жоғары осы жобаның сапалы жүзеге асырылуына жан-жақты қолдау көрсеуді тапсырды.

– Бұл – Ұйғыр ауданының экономикалық дамуына серпін беретін өте іргелі кәсіпорын. Қажетті инфрақұрылымдар жүргізу жағынан мемлекеттік қолдау көрсетеміз. Зауыт іске қосылса, жаңа жұмыс орындары ашылып, өңір бюджетіне салық түсімі артады. Яғни тұрғын үйлер, жаңа мектептер, ауруханалар, басқа да қажетті әлеуметтік нысандар салуға мүимкіндік молаяды деген сөз, – деді Амандық Баталов жиын соңында.


 

Рекомендовать
Последние новости