Жетісуда «Жамбыл әлемі» 30 томдығының тұсауы кесілді

Dalanews 03 дек. 2021 08:56 918

Бүгін Алматы облысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың «Жамбыл әлемі» 30 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Ақын музейіндегі бұл шарада шығармашыл жастармен кездесу ұйымдастырылып, руханият тақырыбында өзара пікіралмасу өтті. Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы үйлестірілген жиынға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қырғыз елінің делегациясын бастап келген Қырғызстан Мемлекеттік хатшысы Сүйүмбек Касмамбетов қатысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Алдымен ресми қонақтар Жамбыл Жабаев пен Нұрғиса Тілендиевтің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып тағзым етті. Мұнан соң ақын музейінде Алматы облысы әкімідігінің Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп шығарған 30 томдық «Жамбыл әлемі» кітаптарының тұсауы кесілді.

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев еліміздегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өзінің заңды жалғасын «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасынан тауып жатқанын, еліміздің әдеби-мәдени өміріндегі елеулі бастамалар, жастарды қолдау шаралары туралы айта келе Жамбыл бабаның қазақ пен қырғызға тең тұлға екенін тілге тиек етіп, көрші елден арнайы келген ресми қонақтардың қадамына құт тіледі. Содан соң жастарға қарата:

– Шығармашыл жастар Жамбыл ақынның рухына тәу етсін, өздеріңізді баба рухы қолдап жүрсін деп бүгін осы шараны арнайы жыр алыбының  музейінде өткізіп отырмыз. Сіздер тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның әр түкпірінде шығармашылықтарыңызды шыңдап, көптеген табыстарға қол жеткіздіңіздер. Біз сіздерге зор үмітпен қараймыз. Жамбыл бабамыз туын көтерген қазақ пен қырғызға тең өнер айтыс – нағыз тәуелсіздіктің, азат рухтың символы. Сондықтан рухани ішкі тәуелсіздігіміз үлкен жетістіктерге жол бастайды. Президентіміз айтқан креативті индустрия бағытын дамытуға, заманауи технологияларды қолдана отырып, жаңа жобаларды іске асыруға сіздердің мүмкіндіктеріңіз мол. Оған мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдаулар бар, – деді Қырымбек Көшербаев.

Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы С.Касмамбетов көрші елдегі Жамбыл Жабаевтың насихатын, жас ұрпақтың тәрбиесіндегі, екі ел арасындағы рухани байланысты нығайтудағы ақынның рөліне тоқталды.



Сол сияқты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоқты Райымқұлова  және басқа да лауазымды тұлғалар ақынның мерейтойлық шарасының өнерлі жастарға берер тағылымын сөздеріне арқау етті.

Өз кезегінде Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев өңірде Жамбыл Жабаевтың мерейтойына бағытталып өткізілген шараларға қысқаша тоқталып өтті.

– Міне, өздеріңізбен бірге Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалды музейінде еліміздің келешегін кемел ететін республикамызға белгілі жас ақын-жазушылармен кездесіп, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасымен бірлесіп шығарған «Жамбыл әлемі» 30 томдығының тұсаукесер рәсімін салтанатты түрде атқарып отырмыз. Бұл ғасырдан ғасырға мұра болып қалатын әдеби алтын қор деп санаймын. Ұлыларымызды ұлықтайтын игі істеріміз көп болсын! – деді Қ.Бозымбаев.

Кездесуде белгілі айтыс ақыны Жандарбек Бұлғақов, ақын, «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім меңгеруші Мирас Асан, танымал өнерпаз, «Made in KZ» тобының жетекшісі Бауыржан Итикеев, Солтүстік Қазақстан облысы Ғ.Мүсірепов ауданындағы ауылдық кітапхананың кітапханашысы Николай Вербовский және басқа да бір топ таланатты жастар өз ойларын ортаға салды. Солардың қатарында республикалық телеарналарда жас қаламгерлердің шығармашылығын насихаттайтын арнайы хабар болса, жас кітапханашылардың кітап оқу мәдениет қалыптастыруға ықпал ететін жобаларына мемлекеттік гранттар берілсе, мектепте 1-7 сыныптарға қазақ күйлерінің тарихы оқытылса, елімізде «Азия дауысы» сияқты халықаралық өнер байқауын өткізуді қолға алса деген тәрізді көптеген ұсыныс-пікірлер айтылды. Олардың әрқайсысына Қырымбек Елеуұлы ой қосып, халықтың рухани жаңғыруына ықпал ететін бұл ұсыныстардың барлығы да тиісті салалармен бірлесіп талқыланып, ескерілетінін жеткізді.

Кездесу соңында ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай кездесуге келген әр өнерлі жасқа Жамбыл баба рухы дарысын деген ниетпен бір-бір домбырадан сыйға тартылды.

Жалпы, бүгін таныстырылған «Жамбыл жолы» 30 томдығын Алматы облысының әкімдігі Жазушылар одағымен бірлесіп шығарды. Оған облыстық бюджеттен 114 млн. теңге бөлінді. Онда ақынның өмір тарихы, шет тілден аударылған шығармалары, музыкалық мұрасы, Жамбыл Жабаев туралы зерттеулер, естеліктер, ақынның ұстаздары Сүйінбай, Қабан жырау, Майлықожа, замандастары, шәкірттері туралы деректер мен шығармалары, Ж.Жабаев туралы көркем шығармалар, Жамбылдың талантты ұрпақтары жайлы және басқа да деректер енгізілген.

Рекомендовать
Последние новости