Жетісу облысында спорт саласына бөлінген қаржының заңсыз жұмсалуы анықталды

Қаракөз Амантай 26 нояб. 2024 15:46 498

Жастар спорт мекемелерінің әкімшілік қызметкерлеріне жалақыны заңсыз арттыру нәтижесінде мемлекетке 604,6 миллион теңге көлемінде шығын келген, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Саян Ахметжановтың айтуынша, спорт саласына бөлінген қаржыны игеру барысында бірқатар заңбұзушылықтар орын алған. Әкімшілік қызметкерлер мен жаттықтырушылар негізсіз үстеме қаржы алып келген.

"Спорт клубтарының әкімшілік қызметкерлеріне олардың лауазымдық қызметіне сәйкес келмейтін жалақы төленген. Бұл сома 604,6 миллион теңгеге жеткен. Бұған қоса, заңсыз тағайындалған сыйақылар да анықталды. Ревизиялық комиссия қазіргі таңда 737 миллион теңгені мемлекетке қайтару туралы шешім қабылдады," – деді Саян Ахметжанов.

Сондай-ақ, спортты дамыту дирекциясы арқылы чемпиондарға көтерме сыйақы ретінде бөлінген 84 миллион теңге де заңсыз деп танылып, қысқартылған.

"Біздің ұсыныстарымыз негізінде жергілікті атқарушы орган еңбекақы қорын қайта қарап, оны ҚР ПП №1193 стандарттарына сәйкестендірді," – деп толықтырды Ахметжанов.

Қазіргі уақытта қаржының мақсатты және заңға сәйкес пайдаланылуын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасуда.


Рекомендовать
Последние новости