Жетісу облысында жаңа су электр станциясы пайдалануға берілді

Ақтоты Жапатова 09 июн. 2025 11:37

Жетісу облысының құрылғанына үш жыл толуына орай өңірде жаңа су электр станциясы пайдалануға берілді. Қора өзенінде салынған бұл ГЭС – өңірдегі жаңартылған энергия көздерінің 18-ші нысаны. Жаңа ГЭС-тің жылдық қуаты 26 МВт,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Ескелді ауданының Қора өзеніндегі ГЭС-3 нысанын іске қосу салтанатында алдымен станция құрылысы туралы фильм көрсетіліп, ҚР Энергетика министрінің орынбасары Сұңғат Есімхановтың  бейнеқұттықтауы берілді. Сондай-ақ іс-шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов облыстың құрылғанына 3 жыл толуына және жаңа нысанның ашылуына орай құттықтау тілегін білдірді.

- Қора өзеніндегі ГЭС-3 нысанын пайдалануға беру – Қазақстанның энергетика саласын дамытудағы ауқымды стратегияның бір бөлігі. Жалпы гидроэнергетика елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарып, парниктік газдар шығарындыларын азайтуға қол жеткізуге ықпал етеді. Сондықтан бұл нысан – сенімді энергия көзі ғана емес, сонымен қатар экологияны сақтауға деген маңызды қадам. Қора өзеніндегі ГЭС-3 жобасы инфрақұрылымды дамытуға және жергілікті халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді деп сенеміз. Су электр станциясының жұмысы жемісті болып, өңіріміздің дамуына үлес қосуына тілектеспін, - деді Ә. Қанағатов.

Өз кезегінде  жобаны жүзеге асырушы «Қора ГЭС-2» ЖШС-ның директоры М.Тукенов пен құрылтайшысы «АСПМК-519» ЖШС бас директоры А. Сычов сөз сөйлеп, атқарушы орган мен бизнестің әріптестігі, кәсіпкерлік саласына көрсетіліп отырған қолдаулар жайлы айтып, энергетика саласын дамытуға әрдайым дайын екендіктерін жеткізді.

«Облыстың 3 жылдығына сый ретінде бүгін Құрбан айт мерекесінде Текелі қаласындағы саябақты реконструкциядан өткізуге 50 млн. теңге бөлетінімізді жеткізгім келеді. Біз бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін естен шығармаймыз», - деді ол.   

Мұнан соң қызыл тетік басылып, ГЭС символдық түрде іске қосылды. Ресми қонақтар ГЭС-тің жұмыс процесімен танысып, ішін аралап көрді.

ГЭС бастығы Ілияс Хамитовтің айтуынша, жобаға 10,5 млрд. теңге жеке инвестиция тартылып, 21 тұрақты жұмыс орны құрылды.

- Бұл станцияда мамандар тәулік бойы екі ауысыммен жұмыс істейді. Жұмыс негізінен автоматтандырылған. Мамандар тек қондырғылардың жұмысын бақылап отырады. Станцияда Австрияда жасалған гидроагрегат қондырғылары орнатылған. Қазіргі кезде австриялық мамандар екі жылдық сервистік қызмет аясында қондырғылардың дұрыс жұмыс жасауын қашықтан қадағалап отыр. Ары қарай өзіміздің мамандар жұмысты толықтай өздері жүргізеді. Жалпы бұл ГЭС электр энергиясына жыл сайын артып келе жатқан қажеттілікті қамтамасыз етуге, электрмен жабдықтаудың сенімділігі мен сапасын арттыруға, экологиялық жағдайды жақсартуға, сол сияқты жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы халықтың әл-ауқатын көтеруге ықпал етеді, - дейді ГЭС бастығы.

Жаңа нысанға тұрақты жұмысқа орналасқан мамандардың бірі - текелілік Асхат Хамитов.

- Өзім Текелі қаласында тұрамын. Текелі қаласының кәсіптік колледжін бітірдім. Колледжді бітірген соң бірден «Қора ГЭС-2» ЖШС-ға жұмысқа тұрып, бір жылдан бері осында еңбек етемін. Осы өңірден өз мамандығым бойынша жұмыс табылғанына қуандым. Мұнда гирдотехника қондырғыларының слесарімін. Маған өз жұмысым ұнайды. Жас маман ретінде тәжірибе жинап, көп нәрсе үйрендім, - дейді А. Хамитов.  

Қазіргі кезде облыста Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Сарқан аудандары мен Текелі қаласында белгіленген қуаттылығы 225,4 МВт болатын жалпы саны 17 жаңартылған энергия көздері (ЖЭК) нысаны жұмыс істейді. Бүгінгі ашылған станция – өңірдегі 18-ші ГЭС. Жыл соңына дейін белгіленген қуаттылығы 20,6 МВт болатын, жалпы құны 10,4 млрд. теңгелік 2 су электр станциясының жобасын аяқтау жоспарлануда.

Атап өтсек, жыл басынан бері Жетісу облысында өндірілген электр энергиясы 247,3 млн. кВт/сағ, оның ішінде ЖЭК үлесі – 191,8 млн.кВт / сағ, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16%-ға артық.


Рекомендовать
Последние новости