Жетісу облысында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай жасанды интеллектінің көмегімен мурал салынды. Жаңа арт-нысан Текелі қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлердің бірінің шырайын кіргізді,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Жобаның ерекшелігі сол, жасанды интеллект арқылы жасалған бейнені суретшілер бір тәуліктің ішінде үйдің қабырғасына бейнелеп шыққан. Муралдың салтанатты ашылуында Абай шығармаларынан көркем оқулар ұйымдастырылды, сол сияқты ойшылдың жастарға арналған ЖИ көмегімен жасалған бейнеүндеуі көрсетілді.
Жергілікті тұрғындар бұл іс-шараның өте әсерлі болғанынан айтады.
– Біздің буын Әуезовтің «Абай жолы» романымен, Абайдың «Қара сөздерімен» өстік. Мурал жасау идеясы маған ұнады. Өйткені заманауи технологияларды пайдалану арқылы жастар өз тарихын, ата-бабамыздың мұрасын, ұлы тұлғаларды ұмытпай, қайта жаңғыртады. Қазіргі гаджеттер мен жаһандану дәуірінде жас ұрпақ өз тамырынан ажырап қалмауы керек. Тіпті муралдың жанынан өтіп бара жатып-ақ, көпшіліктің Абай кім болғанын білгісі келетіні сөзсіз, – дейді Текелі қаласының тұрғыны Гүлмира Серікхан.
«Жетісу жастары» КММ директоры Шамиль Ванкеевтің айтуынша, жыл соңына дейін Талдықорған қаласында тағы екі мурал салу жоспарланып отыр, оның біреуі Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына арналса, екіншісі «Адал Азамат» жобасы аясында жүзеге асырылады.
– Ұлы Абайға арналған мурал – бұл ақынның рухани мұрасына көрсетілген құрмет қана емес, сонымен қатар шабыт көзі, жастарға үлгі, әрі өңірдің мәдени дамуына қосылған маңызды үлес, – деп түйіндеді Ш. Ванкеев.