Жетісайда жүзім шаруашылығы дамуда

Dalanews 18 окт. 2018 06:49 1257

Түркістан өңірі Жетісай қаласында күзгі жиын-терім науқаны аяқталуға жақын. Биыл жетісайлық шаруалардың егінжайы  түсімді болды.

Биылғы жызда жүзім шаруашылығы өркендеді. Атап айтсақ, Жетісай ауданы Абай ауылындағы «Махарам» шаруа қожалығында 42 гектар жерге жүзім егілсе, соның 26 гектары өнім берген. Ал, қалған 16 гектардағы егілген жүзім көшеті алдағы екі жылда жемісін бермек.

Жалпы жүзім шаруашылығы 50 жылға жуық өнім береді екен. Қожалық басшысы Махарам Нифталиевтің айтып өткеніндей, жүзім бақтарына жұмсалған шығын алдағы 5-6 жылда толығымен ақталуы тиіс.

Шаруашылық жүзімдіктің әр гектарынан 25 центнерге дейін өнім алыпты. Жалпы, жүзімнің 4000-ға жуық түрі бар десек, негізінен мұнда алысқа шыдамды «Тайфы» сорты егілген екен. Жүзімнің бұл сорты қазіргі таңда Ресейге жөнелтілуде. Оның бір келісі – 120 теңгеден саудалануда.

Маусымдық жұмысқа тартылған отыз шақты ауыл тұрғыны алқапқа арнайы көлікпен әкелінеді, түскі аспен де қамтылған. Екі қолға бір күрек тапқан ауыл тұрғындары да дән риза, – деп жазады Оңтүстік Қазақстан басылымы. 

Аудан әкімдігі мамандарының мәлімдеуінше, бүгінде Абай ауыл округіндегі жүзімдік алқаптың көлемі 280 гектарға жеткен. Аудан бойынша мұндай көлемді алқап ешбір округте жоқ.

Абайдағы жүзім жинау науқаны да таяу күндері аяқталып, диқандар ала жаздай еткен еңбегінің жемісін көретін күндер де таяп қалды.


Жалпы, соңғы 3 жылда Түркістан облысы бойынша жеміс-жидек пен жүзімнің егіс көлемі 1,8 мың гектарға артып, 30 мың гектарға жеткен. Оның ішінде жеміс – 19,5 мың гектар, жүзім 10,5 мың гектарды құрайды. Ағымдағы жылы 85 мың тонна жеміс-жидек және 70 мың тонна жүзім жинау жоспарланып отыр. Бұл – республикада өндірілген жүзімнің 72,5 пайызы Түркістан облысының еншісінде деген сөз.

Рекомендовать
Последние новости