Жетісай диқандары қырыққабаттың алғашқы өнімін Ресейге экспорттай бастады

Ақтоты Жапатова 14 апр. 2025 11:55 363

Жетісай ауданы, Ж.Ералиев ауылдық округіндегі «Орынбай ата» шаруа қожалығы қырыққабаттың алғашқы өнімдерін көршілес Ресей еліне экспорттауды бастады, деп хабарлайды Dalanews.kz
 
Жетісай – негізгі табысын ауыл шаруашылығы саласы құрайтын аграрлы аймақ. Ерте көктемнен бастап тыныс-тіршілігі қайнап жататын өңірде шаруалар үшін еткен еңбектің бейнеті ақталып, қырманның берекелі болуы бірінші орында.
«Шаруа қожалығымызға тиесілі 3 гектар жердің 1 гектарына ақпан айының соңында қырыққабаттың ерте пісетін «Магнус» сортын ектік. 45-50 күнде пісетін «Пекинка» қырыққабаты бүгін алғашқы өнімін беруде. 1 гектарға егілген 32 мың түп көшеттен өндірілген өнім ойдағыдай болып отыр. Бұл кеткен шығындарымыз бен төккен теріміздің толықтай ақталғанын білдіреді. Қырыққабатты Ресей федерациясының Пермь қаласына жөнелтіп жатырмыз», - дейді «Орынбай ата» шаруа қожалығының төрағасы Нұрлыбек Жайынбаев.
«Магнустың» әр келісін егістік басынан 250 теңгеден саудалап жатқан шаруа жақында 2 гектар егістігіне еккен «Зарисма» орамжапырағынан да өнім алатынын айтады. Одан бөлек, тағы 6 гекатарға қауынның «Аэропорт» сортын егуге дайындалып жатыр.
 
 
Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастар бөлімінің мәліметінше, Жетісай ауданында биыл 1158 гектар аумаққа ерте пісетін қырыққабат егіліп, болжам бойынша 50 мың тоннаға жуық өнім алу жоспарлануда.
 
«Зарисма», «Валикор», «Магнус», «Ринда», «Заказ» сынды қырыққабат сорттары егілген алқаптың 893 гектарына су үнемдеу технологиясы енгізілген.
 
Былтыр аудан диқандары 1287 гектар жерге қырыққабат дақылын егіп, гектарынан орта есеппен 30 центнерден өнімін өндірген. Негізінен ерте пісетін қырыққабаттың басым бөлігі Ресей, Белоруссия және Еуропа елдеріне экспортталады.

Рекомендовать
Последние новости