"Желтоқсан кенеттен басталған жоқ...". Қазақ қаламгері оған қатысы бар адамның атын айтты

Dalanews 15 дек. 2020 18:23 1400

Журналист-жазушы Қайым-Мұнар Табеев "Желтоқсан оқиғасы кенеттен басталған жоқ, оған Орталық комитет хатшысы, МҚК генералының қатысы болуы мүмкін" деп тұжырымдайды. Dalanews.kz-ке жариялаған зерттеу мақаласында қаламгер сол тұстағы партия ОК хатшысы, қауіпсіздік комитетінің генерал-майоры Зақаш Камалиденовтың жоспарын жария етеді.

Оның айтуынша Камалиденов Мәскеудің сырттан адам әкелуіне қарсы болған, әрі оның алдын-алуға тырысқан.



"Желтоқсан оқиғасының кенеттен басталмағаны, оған Орталық комитет хатшысы, МҚК генералының қатысы болуы мүмкін деген тұжырымды айтуымызға негіз бар деп ойлаймыз. Себеп – партия басшылығына Мәскеудің сырттан адам әкелуі. Камалиденовтың жолын байлауы.

Мен Мұхтар Шаханов басқарған Парламенттік комиссияның сарапшылар тобында жүргенімде, «ақ «Волга» мінген белгісіз адамдардың» жастар жатақханаларын аралап, үгіт жүргізгенін талай рет естідім. Оған мән бермегенім де рас.


Ал, енді ойлап қарасам, 17 желтоқсанда таңғы сағат 8 жарымда алаңға студенттердің жиналуы кездейсоқтық емес екен. Комиссия алаңға ең бірінші болып Алматы театр және өнер институты, КазГУ, СХИ, АЗВИ студенттері шыққанын анықтады", – дейді Табеев.

Оның пікірінше кеңестік студенттерді қазіргі студенттермен салыстыруға болмайды. Олар «октябрят-пионер-комсомол» ұйымдарында тәрбиеленіп, белгілі бір тәртіпке үйренген. Біреулер көз жеткізе сендіріп айтпаса, өз беттермен жиын өткізуге, көшеде ұрандатуға бара қоймайды. Себебі, бұл коммунистік идеологияға жат нәрсе.

"Сондықтан, оларды бір түн ішінде митингіге дайындау, “Лениндiк ұлт саясаты жасасын!”, “Әр республикаға – өзiнiң басшысы!” сияқты плакаттарды әзірлеу оңай шаруа емес. Тиянақты ұйымдық жұмыстың нәтижесі екені анық", – деп тұжырымдайды мақала авторы.

Қаламгер осы арада Желтоқсан оқиғасын зерттеген Парламенттік комиссия материалындағы мына бір ақпаратқа назар аударады.

"16 желтоқсан күні түнге қарай Мемлекеттiк Қауiпсiздiк комитетiнің кезекші пултіне қазақ студенттерінің Пленум шешiмiне наразылық ұйымдастыруға әрекеттеніп жатқаны туралы алғашқы мәлімет келіп түскен.

Бұл туралы Орталық Комитетке хабарланған Бірақ, бірінші хатшыға жетпеген. Оны орта жолдан ұстап қалған кім? Әрине, идеология жөніндегі орынбасары Камалиденов!


Қолдан сусып бара жатқан биліктен айырылып қалмау үшін оған дәл осы бүліншілік ауадай қажет еді", – дейді Қайым-Мұнар Табеев.

Қаламгер Dalanews.kz-ке Желтоқсан оқиғасын зерттеген Парламент комиссиясындағы Зақаш Камалиденовтың түсiнiктемесiн тауып берді. Мұнда былай делінген:

“Таңертеңгiлiк 9.00-де мен Оталық Комитеттiң бөлiм меңгерушiлерi А.Устинов, Е.Асанбаев, К.Смайыловты ақылдасуға шақырдым. Бiз терезеден Брежнев алаңы жақтағы тас мiнберге таяп келе жатқан 150-200-дей кiсi шоғырын көрдiк. Шақырылғандардың ешқайсысы да алаңдағы болып жатқан жиынның мәнiсiнен хабардар емес екен. Мен бөлiм меңгерушiлерiне өз қызметкерлерiн алаңға жiберту жайында шұғыл тапсырма берiп, сонан соң Шулико, Меңдiбаев, Князев, Мирошникке телефон шалдым. Бұл кезде мiнбердiң маңайына басқа да адамдар топ-тобымен келе бастады. Бiрiншi хатшының терезесiнен алаң мүлде көрiнбейтiндiктен, Г.В.Колбин жолдас идеология хатшысы отырған бөлмеге (Камалиденовтың кабинетiне – Авт.) шақырылды».

Табеевтің айтуынша Камалиденов осы арқылы “Колбинге қазақтар қарсы болып жатыр!" дегенді көрсеткісі келген.

"Жергілікті жағдайдан хабары аз жаңа басшылық алдында бар-жоғы екі жүз адамдық шоғырдың іс-әрекетін осыншалықты үрей туғызардай етіп көрсетудің не қажеті болды? “Колбинге қазақтар қарсы болып жатыр!» дегенді ұғындыру үшін бе?

Әрине, тек сол үшін. Камалиденовтің түпкі көздегені – Кремльдің асығыс қабылдаған шешімін өзгерттіру болғанында шәк жоқ. Ендеше, бір күнде алаңға лап қойған студент жастардың бір қарағанда стихиялы көрінетін шеруін сырттай бағыттап, бақылап, қадағалап отырған Камалиденовті «Желтоқсан оқиғасын тұтандырушы, нөмірі бірінші арандатушы» деп жорамалдауға болады", – дейді ол.

Оның пікірінше қазіргі күні «Жастарды алаңға мен алып шықтым. Жатақхананы мен араладым. Плакаттарды мен жаздым» деп, кеуде соғып жүргендер көп. Оларға сене беруге болмайды.

"Құпия тапсырманы орындағандар бұйрық беруші бастығының келісімінсіз ешуақытта өзін-өзі әшкерелемейді.

60 мыңдай адамды жинау, түн қараңғысында жүк көліктерімен алаңға жәшік-жәшік арақ жеткізу, наркотик тастау, оқ-дәрі, ракетница тиелген әскери машинаны қалдырып кету сияқты арандатушылық әрекеттер жай адамның қолынан келмесі анық.


Менің архивімде Желтоқсан кезінде ерлік көрсеткендері үшін орден, медальмен, грамотамен марапатталған 5 мыңдай прокуратура, ішкі істер, қауіпсіздік қызметкерлерінің тізімі жатыр.  Марапатқа ұсынылатындар партияның ОК келісімімен ғана әзірленетінін ескерсек, Камалиденовтің жансыздары да осы тізімде болуы ықтимал", – дейді Қайым-Мұнар Табеев.

Мақаланың толық нұсқасын төмендегі сілтемеге өтіп оқи аласыз:


https://dalanews.kz/58560

Рекомендовать
Последние новости