Жеке басымның амандығы үшін алаңдаймын

Dalanews 12 апр. 2017 08:44 1042


ҚР Ішкі істер министрі Қ. ҚАСЫМОВҚА,

ҚР ҰҚК Төрағасы Кәрім МӘСІМОВКЕ,

ҚХР-дың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі

Чжан ХАНЬХУЭЙГЕ

 

Мен Сіздерге бұл хатты жеке басымның амандығын сақтау үшін шарасыздан жазып отырмын. Өйткені, соңғы екі жылым  тергеу мен соттың ортасында өтті. Мені сотқа сүйрегендерден көрген құқайым, жәбір-жапам туралы еске алудың өзі ауыр...

Менің аты-жөнім – Масипхан Қонай. 04.11.1969 жылы Қытай Халық республикасы Күнес ауданында дүниеге келгемін. Ұлтым – қазақ. 2004 жылы Атажұртқа қоныс аударып, кәсіпкерлікпен айналыстым. Әзірге Қытай Халық Республикасының азаматымын. Тұрақты тіркеуге тұрып, ыхтиярхат алып, екі елдің арасында сауда жасадым.

2004 жылы талдықорғандық Асқар Алмабекұлы Тұтубаева деген жігітпен танысып, біраз жыл бизнес-әріптес болдым. Алғашында бірлесіп, кірпіш зауытын аштық. 2006 жылы бұл зауыт Асқар Тұтубаевтың иелігіне өтіп кетті. Одан кейінгі жылдарда да біздің сауда жайындағы байланысымыз үзілген жоқ. Мен Асқар Тұтубаевтың берген тапсырысын Қытайдан тасып берумен айналыстым. Осы барыста арамызда қомақты ақшаның алыс-берісі жүргені рас.

[caption id="attachment_25728" align="alignright" width="366"] Асқар Тұтубаев[/caption]

2015 жылы сәуір айында сол Асқар Тұтубаевтың туған інісі Бақытбек Тұтубаев менің үстімнен ақшамызды бермей жүр деп, Алматы облысы Іле аудандық полиция бөлімшесіне арыз беріпті. Құқық қорғау органдары арқылы тұтқындатып, Іле ауданының уақытша қамау орталығына мені үш күн қаматты. Ақыры, Қытай паспорты мен «Лексус 470» көлігімді кепілге алып, босатты. Содан бері Қытайға бара алғам жоқ. Ол жақта шешем қайтыс болды. Бүкіл бизнесім тоқтады. Қазақстандағы екі компанияма бұғау салынып, өзім ертіп келген Қытай инвесторлары еліне қайтып кетті. Қыруар шығынға баттым.

Екі жыл бойы тергеу, одан кейін сот өтті. Мен бұл жақтың заңын білмеймін, жазуын танымаймын. Соттың ұзаққа созылу себебі сол еді.

Жуырда сот басталған болатын. Сот процесі басталмай тұрып менің қорғаушыларым тергеу кезінде көп қателіктер болғанын айтып, істі қайта тергеуді өтінген еді. Бірақ оған мүмкіндік берілмеген. Соттың 6-отырысында судья істі қайта тергеуге жіберді. Тергеу кезінде өрескел заңбұзушылықтар болып, тергеудің біржақтылы жүргендігі сот барысында анықтала түсті. Енді іс қайта тергеледі.

Мен не үшін өзімнің бас қауіпсіздігімнен алаңдаймын? Оған бірнеше себеп бар.

Біріншіден, 2015 жылғы тергеу кезінде Бақытбек Тұтубаев тергеушінің көзінше мені ұрып-соғып, қорқыту арқылы 92 мың АҚШ долларына қолхат жаздырып алды. Сол жазған қолхаттың түпнұсқасын судья қанша сұраса да олар көрсете алмады. Олар істі қайта тергеуге жіберген орайды пайдаланып, тағы да маған қысым жасай ма деп қауіптенемін. Өйткені, бұрынғы қолхаттың заңсыз екенін олар өздері түсініп отыр.

Екіншіден, мен 2007 жылы цемент әкеліп берем деп 60 мың долларды Асқар Тұтубаевтан алғанмын. 2009 жылы жазған қолхатымда да Асқардан 60 мың доллар алдым деп жазып бергем. Олар сол кезде Үрімжіге Баха деген үшаралдық рэкеттің адамдарын жіберіп, 60 мың долларды алып кеткен болатын. Демек, өздері келмей, бандит жіберуі – мемлекеттік қызметкердің жасайтын тірлігі емес! 2009 жылы берген қолхатымды 2015 жылы тауып алып, мені қайталай төлетуге әрі соттатуға күш салып отыруы да олардың Заң шеңберінен шыққандығы, өктемдігі деп есептеймін. Мұндағы түсініксіз жайт, менің үстімнен арызды ақша берген Асқар Тұтубаев емес, Бақытбек Тұтубаев беріп отырғандығы. Мұның  заңсыз екенін тергеу кезінде де айтқан едім, ешкім мән бермеді.

Менің алаңдайтыным, қазір Асқар Тұтубаев талдықорған қаласы әкімінің орынбасары. Ол лауазымды қызметте отыр. Кезінде Қытайға «беделді жігіттерді» жіберген Асқардың айналасында әлі де оның сойылын соғар «белсенділер» жоқ дегенге ешкім сенбейді. Солар арқылы менің өміріме қауіп төндіре ме деп уайымдаймын.

Үшіншіден, тергеу кезінде де, сот барысында да Бақытбек Тұтубаев мені қорқытып-үркітумен келеді. Үнемі айтатын сөзі: «Сені түрменің түбінде шірітемін, сен бізді білмей жүрсің» дегенге саяды. Ол бұл райынан әлі қайтқан жоқ... Осы сот ісі бойынша ақпарат алуға барған журналистердің өзіне «газеттерің мен сайттарыңды жаптырып тастаймыз» деп Б. Тұтубаевтың қорғаушылары сес көрсетті. Заңды білуге тиіс қорғаушылар (адвокат) солай деп отырса, Тұтубаевтардың ықпалы талай жерге жететіні ғой. Алдағы тергеу кезінде тағы да маған рухани қысым жасалмасына кім кепіл? Онсыз да екі жыл бойы үрей мен қорқыныштың ортасында өмір сүріп келемін.

Төртіншіден, Асқар Тұтубаев менің үстімнен тағы үш адамға еш дәлел-фактсіз арыз түсіртіп отыр. Олардың қолында ешқандай құжат, қолхат жоқ. Олардан ақша алды деген уақытта мен Қазақстанда болмағанмын. Соны тексеріңдер деп тергеушілерге қанша мәрте айтсам да, олар бұған көңіл аудармады. Енді болатын тергеуде тағы қандай қитұрқы әрекет ойлап табатындарын болжай алмаймын.

Мен Сіздерден осы оқиғадан хабардар болып, тергеу барысында әрі сот шешімі шыққаннан кейігі менің өміріме де қауіп төнбеуіне ықпал етулеріңізді сұраймын!

 

Құрметпен, МасипханКонай

 



Рекомендовать
Последние новости