Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында мемлекет басқарудың жаңа үлгісі, жаңа экономикалық және теңгерімді аумақтық даму, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, қолжетімді әрі сапалы білім, денсаулық сақтау саласын дамыту, экология және биологиялық әркекілікті қорғау, цифрландыру реформасы, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуы, ұлттың жаңа болмысы сынды мәселелерге тоқталып, алдымызда ауқымды әрі күрделі міндеттердің тұрғандығын, соларды жүзеге асыру үшін тың тәсіл, жаңаша ойлау, жалпы ұлттық ынтымақ және өзара қолдау қажеттігін атап көрсетті. Жолдауда қазіргі міндет-халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, сол арқылы тұтас ұлт сапасын арттыру, адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру жағына басымдық берілген.
«Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Мен халқымыздың бойында әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын.Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымызда өзгеру керек. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруы тиіс»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қай кезде де ұлттық құндылық¬тарға бет бұрып, әсіресе халқымыз-дың біртуар тұлғаларының сөзіне зор мән беріп қарайтын Қасым-Жо¬март Кемелұлы бұл жолы ұлт ұста¬зы Ахмет Байтұрсынұлының мына бір танымал сөзін келтіре кетіпті. «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» дейді.
Ұлт ұстазының сонау ХХ ғасырдың басында айтқан сөзі күні бүгінге дейін маңызын жойған емес, дәл осы уақыттың да талабымен терең үндесіп жатыр.
«Біріншіден, жиырма бірінші ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн. Екіншіден, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет. Үшіншіден, кез-келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс. Төртіншіден, темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек. Бесіншіден, әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділеттілік – әсіресе, ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет. Алтыншыдан, бізге керегі – адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Бәріміз нағыз қазақты дәл осындай кейіпте көргіміз келеді. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз. Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ, ұлт сапасын арттыруға атсалысу. Жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керек»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жолдаудағы Тоқаевтың бұл сөзі бүгінгі өлшеммен қарағанда аса көрегендік.
Ұлы реформатор Ахмет Байтұрсынұлы: «Халықтың тіршілігін жақсартуды бала тәрбиесінен бастау керек, өйткені билік басқару, халық тек біліммен түзеледі»-деген. Осы өсиетке сәйкес, білім мен тәрбие саласындағы жұмыстардың сапасын арттыру, жан-жақты дамыту мәселелерін шешуге барынша назар аударылып, күш салынды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында «Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет»,-деді. Айта кетерлік, осыдан екі жыл бұрын елімізде «Балалар жылы» аталып өтілді. Сол жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бекітіліп, оның аясында 2026 жылға дейін 842 мың оқушыға арналған 400-ге жуық мектеп салу жоспарланды. Былтыр Қазақстанда 388 мыңнан астам сәби дүниеге келген. Мұндай демографиялық серпін әлеуметтік мәселелер туындатпас үшін балалар инфрақұрылымын дамыту, балалардың өсуімен дамуына қолайлы жағдай жасау бойынша жүйелі, ойлы және қарқынды жұмыстар ойластырылды. Статистикаға сүйенсек, 2023 жылдың 1 қазанына дейін елімізде 78,5 мың орындық 77 мектеп ашылған. Жалпы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы ел аумағында 2 кезеңмен іске асады. Бастапқысы бойынша биыл жыл соңына дейін 217 мектептің құрылысы аяқталуы тиіс. Оның 98-і бірінші қыркүйекке дейін пайдалануға беріледі. Тағы 152 нысан 2025 жылға жоспарланған.
Президенттің тапсырмасымен елімізде "Ұлттық қор – балаларға" жобасы қолға алынып, жүзеге асырылды. Биыл жыл басында 6,9 млн баланың есепшотына 100,52 доллардан түсті. Жалпы сомасы – 695 миллион доллар.
2022 жылы 2 жаңа қызықты бастама қабылданды. Балалар амандығының индексін әзірлеу және өңірлерде балалар құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымдары енгізілді. Бұл бастамаларды сапалы жүзеге асыру шынымен «Бауырмал» болатын, олардың амандығын сөзсіз басымдық ететін институттық ортаны қалыптастыратыны даусыз.
Елімізде соңғы жылдары қалыптасқан білім беру жүйесіндегі өзгерістер Мемлекет басшысының жағдайды жақсы түсінетінін және дамудың жаңа үлгісіне қалай жүйелі бағыттауды білетінін көрсетеді. Үкімет құрылымында білім және ғылым саласын басқаратын екі ведомство пайда болды. Дәлірек айтсақ, бір бейінді министрліктің орнына екеуі, яғни Оқу- ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылды. Бұл қадам арқылы білім мен ғылымға жеткілікті көңіл бөлініп, мемлекеттік деңгейде жағдай жасалды. Бұл абсолютті негізделген көзқарас. Қарапайым тілмен айтсақ, мектептегі білімде сапа болмаса, онда сапалы ғылым болмайды. Ауыл мен қала, әр түрлі әлеуметтік топтар арасында білімге қатысты қолжетімділік алшақтаса, әлеуметтік және материалдық теңсіздік ушығады. Нәтижесінде бұл мемлекеттің орнықтылығына әсер етуі мүмкін. Сондықтан Мемлекет басшысы осындай түйткілдердің алдын алу, болдырмау, мәселені шешу мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын енгізді. Мәселенің мән-жайын білмейтін адам заманауи жабдықтармен жарақталған әсем де сұлу, жайлы мектептерде білім алу осы саладағы реформаларды түбегейлі шешеді деп жансақ түсінуі мүмкін. Әрине, соңғы үлгідегі мектептер құрылысы қажет, бірақ онымен тек бәсекеге қабілетті білімнің материалдық базасы ғана шешіледі Ал, Президенттің Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзіндегі жалпы ұлттық құндылықтар: тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық ерекше атап көрсетілді. Осылайша «Жайлы мектептегі» білім мен тәрбие берудің бағыт-бағдарын және жаңа жұмыс мазмұнын, мақсат-міндеттерін, тұтастай жүйесін айқындап берді. Олай болса, осы маңызды міндеттерді шешуге республиканың орта білім жүйесі қаншалықты дайын деген сұрақ туындайды. Ол үшін тәуелсіздік жылдарындағы білімнің жай-күйіне тоқталған орынды сияқты.
Тәуелсіздіктен кейінгі республикада білім беру жүйесінің даму кезеңдері:
1991-1994 жылдары: Ұлттық білім беру жүйесінің негіздері қаланды, отбасылық тәрбиенің ұлттық жүйесі зерттелді, білім беру саласындағы заңдық және нормативтік база құрылды.
1995-2000 жылдары: Мемлекеттік стандарттар мен бағдарламалар әзірленді, ақпараттандырудың бірінші кезеңі жүзеге асырылды.
2001-2004 жылдары: Жаңа оқулықтар шығарыла басталды, 12 жылдық оқытуға көшу бойынша эксперименттік нұсқалар енгізілді.
2005-2010 жылдары: Білім саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламалары іске асырылды, ақпараттандыру бағдарламасының үшінші және төртінші кезеңдері жүргізілді.
2010-2015 жылдары: Білім беруді жаңғырту бойынша іс-шаралар қолға алынды, 12 жылдық білім беруге көшу жұмыстары белсенді түрде жүргізілді.
2015-2019 жылдар: Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты енгізілді, білім беру жүйесін жетілдіру бойынша жаңа міндеттер қойылды. Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, Білім және ғылым министрлігі өз жұмысын алты бағытта жүргізді. Дәлірек айтсақ,
Білім берудің инфрақұрылымын дамыту, әсіресе ақпараттандыру саласында: Ақпараттық технологиялардың білім беру жүйесіне енгізілуі мен кеңінен қолданылуы маңызды, бірақ бұл бағытта жеткілікті жетістіктерге қол жеткізілмеді.
Үш тілділікті дамыту: Үш тілде білім беру саясатын іске асыру қажет, бұл білім алушылардың көп тілдік қабілетін арттыруды мақсат етеді.
12 жылдық оқытуға кезең-кезеңмен көшу:
- 2017 жылы – 1-сынып
- 2018 жылы – 2, 5, 7-сыныптар
- 2019 жылы – 3, 6, 8, 10-сыныптар
- 2020 жылы – 4, 9, 11, 12-сыныптар
Бұл бағыттағы жұмыстар басталды, бірақ жоспарланғандай толық орындалмады.
Жеке меншік және мемлекеттік секторлар үшін тең жағдай жасау: Жеке секторда оң нәтижелер байқалмады, ал мемлекеттік секторда білім сапасының төмендеуі байқалды.
Білім беру ұйымдарының қаржы-шаруашылық қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету: Бұл шаралар орта білім мекемелерінде жемқорлықтың көбеюіне алып келді.
Ғылымды қаржыландыру қағидаларына көшу: Қазақстанның білім беру реформалары тәуелсіздіктен кейінгі кезеңдерде, яғни 1991-2019 жылдар аралығында, негізінен кеңестік білім беру жүйесінен бас тартып, ұлттық мектептің жаңа моделін қалыптастыру мен әлемдік білім жүйесіне кірігуге бағытталды. Бұл реформалар орта мектептерді 12 жылдық білім беру жүйесіне көшіруге қатысты болды. Алайда, еліміздегі орыс тілді және қазақ тілді мектептерді бір жүйеге келтіру мәселесі, сондай-ақ ұлттық мектептің біртұтас жобасын жасау ісі әлі күнге дейін толық шешімін тапқан жоқ.
12 жылдық білім беруге көшу жөніндегі реформаларға қыруар қаржы жұмсалғанымен, бұл реформа толық жүзеге аспады. Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде білім саласын 14 министр басқарды, орта есеппен әр министр екі жылға жетер-жетпес уақыт қызмет етті. Барлық министрлер еліміздің білім саласына өз реформаларын ұсынғанымен, олардың тиімділігіне қатысты ешкімнің сұрауы болмады.
Бұл реформалар білім жүйесінің негізін және мектеп оқушыларының психологиялық көзқарастарын түбегейлі өзгертті. Батыстық оқу жүйесінен көшіріліп, еліміздің білім жүйесіне енгізілген реформалар жүйелі білім негізін қамтамасыз етпеді. Мектеп оқушыларының жас ерекшеліктерін ескере отырып, өзін қоршаған табиғи және қоғамдық ортаны танып, тұлғалық көзқарасын қалыптастыру үшін берілетін білім жүйелі болуы керек. Алайда, реформалардың бірде-біреуі бұл қарапайым қағиданы ескермеді.
Білім саласы экономиканы және еңбек нарығын дамытуға қызмет етуі керек. Қазіргі таңда бұл принципті әлем елдерінің көпшілігі мойындайды. Алайда, білім беру саласында бұл мақсатқа жетудің екі түрлі амалдары қарастырылады, соның нәтижесінде әлем елдері білім беру жүйесін екі топқа бөлуге болады.
Бірінші топтағы елдер біліктілігі жоғары мамандар даярлауға баса назар аударады және ел ішіндегі элиталы мектептердің дамуына басымдық береді. Бұл елдер экономикасын дамытуда негізінен жоғары білікті мамандарға, яғни жеке тұлғалардың ақыл-ойы мен қабілетіне сүйенеді. АҚШ және дәстүрлі капиталистік жүйедегі елдер осы топқа жатады.
Екінші топтағы елдер сапалы білімнің жалпы халыққа қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Бұл елдер білім алудың тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету арқылы әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға ұмтылады. Соңғы жылдары ерекше дамып келе жатқан Азия елдері мен Қытай осы топқа жатады.
Сарапшылардың пікірінше, білімнің тиімділігі бойынша соңғы жылдары жүргізілген зерттеулер екінші топтағы елдердің таңдаған бағыттарының дұрыстығын көрсетіп отыр. Жаңа технологиялардың қарқынды дамуы және әлем елдеріне кеңінен таралуы жеке маманның ғана емес, қоғамдағы әр адамның білімді және бәсекелестікке қабілетті болуын талап етеді.
Білім саласында мектептердің бір ғана типті болуын жариялай отырып, біздің Қазақстанымыз да осы екінші топтағы елдер арасындағы орнын одан әрі бекіте түсті деп есептейміз.
Қазіргі жағдай
Ұлттық құндылықтарды интеграциялау: Президенттің сөйлеген сөзінде көрсетілген жалпы ұлттық құндылықтарды білім беру жүйесіне енгізу, патриотизм, әділдік, заң мен тәртіпке бағыну, еңбекқорлық және жаңашылдықты дәріптеу маңызды.
«Жайлы мектеп» жобасы: Мектеп инфрақұрылымын жаңарту, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, оқушылардың жайлы оқу шарттарын жасау мақсатында жүзеге асырылып жатыр.» Жайлы мектеп" жобасы аясында бірқатар нақты жұмыстар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда заманауи талаптарға сай келетін жаңа мектептер салынып, пайдалануға беріліп жатыр. Бір ғана мысал, Президент тапсырмасына сәйкес, Қызылорда облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектеп салынады. Жоба құны – 98 млрд теңге. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, өңірде өткен жылы ұлттық жоба аясында басталған 10 мектеп биыл қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Биыл 11 оқу орнының құрылысы басталды. Үкімет ағымдағы жылы 200 мың оқушы орны тапшылығын жоюға күш салмақ. Жайлы мектеп кең, жарық және қауіпсіз болады, қажетті оқу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етіледі.
Қазіргі мектептерді жөндеу: Бар мектептерді жаңғырту және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар мектептердің инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған.
Оқу құрал-жабдықтарын жаңарту: Мектептер заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі, мысалы, интерактивті тақталар, компьютерлер және зертханалық жабдықтар.
Санитарлық және қауіпсіздік стандарттарын жақсарту: Мектептерде санитарлық-гигиеналық жағдайлар мен қауіпсіздік стандарттары жаңартылып, оқушылар үшін қолайлы орта жасалады.
Көпфункционалды кеңістіктер: Мектептерде спортзалдар, шығармашылық студиялар және басқа да көпфункционалды кеңістіктер құрылып, оқушылардың барлық бағыттағы дамуын қамтамасыз ету көзделген.
Жасыл аймақтар: Мектеп аумағында жасыл аймақтар мен демалыс орындары құрылып, экологиялық таза орта жасауға көңіл бөлініп келеді.
Бұл шаралар оқушылардың білім алу сапасын арттыру және оқу процесін қолайлы ету мақсатында жүзеге асырылып отыр. Қорыта айтқанда, ұлттық құндылықтарды негізге алған «Жайлы мектеп» жобасы мен білім беру реформаларының оң нәтижелері үшін жүйелі және кешенді шаралар қабылданып жатыр. Біз бұған қуанамыз. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы –Әділетті Қазақстан құрудың стратегиялық негіздерінің бірі, білімді ұлт кепілі.
Абай Жомартұлы, ардагер-ұстаз
Қызылорда қаласы