"Жауаптары бір-бірімен сәйкес келмейді". Мемлекеттік айыптаушы Шерзат ісіндегі куәгердің жауабына күмән келтірді

Қаракөз Амантай 28 апр. 2025 13:16 840

Бүгін, яғни 28 сәуірде Шерзат Болат ісі бойынша сотта куәгер Эльмира Нұрбековадан жауап алынып жатыр. Осы тұста, мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай куәгердің жауаптарының арасында қарама-қайшылықтардың барын алға тартты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Cіздің тергеу кезінде берген жауабыңызбен осы кезекті жауаптарыңызбен сәйкес келмейді. 2024 жылдың 5 қазанында сіз тергеушілерге бала жерге құлап, қан-қан болғанын, ал Абзал пышақпен баланы арқа жағынан ұрғанын көргеніңізді нақты айтқан едіңіз. Осы жауабыңызды қолдайсыз ба?", – деп сұрады Дана Сәрсенбай.

Ал куәгер Нұрбекова өз жауабында: 

"Ол кезде нақты есімде жоқ, мен орысша-қазақша араластырып жауап бергенмін", - деп жауап берді.

Мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай куәгердің тергеу кезінде нақты жауап бергенін атап өтіп, сөзін жалғастырды.

"Тергеп-тексеру кезінде сіз бәрін түсініп, нақты жауап бергенсіз. Қазір сотта келгенде қазақша түсінбедім деп отырсыз. Хаттама бойынша сіздің барлық жауабыңыз сол күйінде жазылған", – деп қосты Дана Сәрсенбай.

Эльмира Нұрбекова өз жауабында тергеу кезінде "шок" күйінде болғанын және екі күн бойы тергеушілермен жұмыс істегенін мәлімдеді.

"Біз екі күн тергеу изоляторында болдық. Шаршадық, тамақтанбадық, су да ішпедік. Не айтқаным есімде жоқ, сол кезде тек үйге қайтуды ойладым", – деп түсіндірді ол.

Айта кетейік, бүгінгі ашық сот отырысында Шерзат Болаттың ісінде куәгер ретінде танылған Эльмира Нұрбековадан жауап алынып жатыр.

Куәгердің айтуынша, сотталушылардың бірі оны арнайы кафеге шақырған. Алдымен олар сол жерде бас қосқан, кейін дүкен маңына бет алған. Бұған дейінгі сот тыңдауында Нұрбекова қақтығыс кезінде жігіттерді сабырға шақырып, жанжалды тоқтатуға тырысқанын мәлімдеген еді.

Сот барысында жәбірленушілердің адвокаты Мейірман Шекеев Эльмира Нұрбековадан Шерзат Болаттың пышақ жарақатын қай жерден алғанын және оны қайдан білгенін сұрады. Адвокат куәгердің тергеу кезінде қазақ тілінде жауап бергенін, ал сотта орыс тілінде түсінік беріп отырғанына да назар аударды. Ол тергеу мен соттағы куәгер жауабының айырмашылығына күмәнмен қарады. 

Еске сала кетейік, 10 сәуірде Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты сот процесі басталды.

Сотта прокурор күдіктілердің есімдерін атады:

Шынасыл Абзал Нұрғалиұлы

Сакиев Равил Магомедович

Белғожаев Шыңғыс Айдосұлы

Азкентай Дархан Байылханұлы

Тоқтаубаев Нұрбол Мұратбекұлы

Ілиясов Нұрқияс Төлекбекұлы

Тоқтаубаев Азамат Маратбекұлы

Қалиахмет Дидар Еркінұлы

Ысқақ Думан Қайдарұлы


Рекомендовать
Последние новости