Жақсылық Омар: «Алматы облысында инфекциялық аурудың алдын алатын дәрілік заттардың қоры бар»

Dalanews 08 июн. 2018 04:27 1108

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматы облысына арнайы ат басын бұрып, облыста орналасқан орталық аурухананың жай-күйімен танысып, менингококк дертімен ауырып жатқан науқастардың жағдайын білді.

Іс-сапармен келген Елжан Біртановқа Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар аймақта орын алған ахуал туралы және менингококк инфекциясының алдын алу жөнінде қабылданған шаралар туралы хабарлап, Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарындағы ауруханалардың жұмысымен танысты.

Атап өтейік, Талғар ауданында эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, менингококк инфекциясына қосымша инфекциялық төсек орындары қойылды. Іле ауданындағы және басқа орталық аудандық ауруханаларда осындай жағдайдың алдын алу үшін әр денсаулық сақтау мекемесінде қосымша 10 төсек орны бөлінді.

Аудандық ауруханаларды аралау барысында Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ атқарылған жұмыстар жөнінде толыққанды  ақпарат берді.

– Бүгінгі күнге дейін  облыс бойынша менингококк дертіне шалдыққан 4 өлім жағдайы тіркелді, оның үшеуі ересек болса, біреуі сәби. Біз менингококк  дертін тоқтату үшін қолдан келген  барлық жағдайды жасаудамыз. Аурудың алдын алу үшін Талдықорған аймақтық және Қаскелең қалалық жұқпалы аурулар ауруханаларында менингококк инфекциясы күдігімен келген науқастарға арнайы медициналық қабылдау бөлімдері жұмыс жасайды. Облыс көлемінде денсаулық сақтау басқармасының шақыртуымен Б.Н. Кошеров басқаратын Қарағанды Мемлекеттік медицина университетінің мамандары (ересектер мен балалар жұқпалы ауруларды емдейтін дәрігерлер, эпидемиолог) және арнайы психолог мамандар да жұмылдырылды, – дейді  Бауыржан Ысқақ.

Жалпы, облысымызда менингитке қарсы шаралар халықаралық талаптарға сәйкес жүзеге асуда.

– Қазір жағдайдың барлығы қатаң  бақылауда. Қоғамдағы алаңдаушылықты басу үшін, халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыстық медицина ұйымдарында  аталған аурудың алдын алу үшін оқыту семинарлары өткізілді. Медициналық ұйымдарда дәрілік заттардың қажетті қоры бар, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасында дерттен айығып келе жатқан науқастардың жағдайын көріп, ағайынды  Камал мен Мұстафа Мамаевтарға тез  сауығып кетуін тіледі.

Айта кетейік, олар менингококк инфекциясын жұқтырды деген диагнозымен ауруханаға жатқызылған. Ағайындыларға қатысты жедел емдеу шаралары қолданылған. Дәрігерлердің айтуынша, балалардың қазір жағдайы  жақсы, апта соңында олар ауруханадан шығарылмақ.

– Тәжірибелі қызметкерлеріңіздің арқасында жұмыстарыңыз оң  нәтиже беруде. Мен осы ауруханада 1994-1996 жылдары қызмет атқарған уақытта ғимарат жағдайы мүшкіл болатын. Ал қазір ол олқылықтардың орны толтырылып, барлық талаптарға сай жұмыстар атқарылуда, –деді Еңбекшіқазақ ауданының орталық ауруханасының жұмысына оң баға берген  министр Е.Біртанов.

Сонымен қатар министр жедел жәрдем жұмысындағы кемшіліктерді атап өтті.

– Төтенше жағдайда әрбір минут маңызды. Сондықтан тез арада жедел жәрдем көрсету керек. Бір аумаққа қанша жедел жәрдем көлігі бар? Халық тарапынан қанша қоңырау шалынады? Біз, ең алдымен, өмір мен өлімнің арасында  тұрған адамдардың жағдайы туралы ойлануымыз керек.Олар үшін жедел жәрдем қызметі халықтың мұң-мұқтажын тыңдап отыру үшін емес, мүшкіл жағдайда жатқан науқасты жедел жеткізу үшін арналғанын халыққа дұрыс түсіндіре білу керек. Мен жедел жәрдем  қызметінің талаптарымен таныстым, бұл жөнінде арнайы шыққан бұйрық қағазы да бар. Алайда ол талаптар орындалмаған, – деп қорытындылады денсаулық министрі.

Сондай-ақ Елжан Біртанов науқастардың денсаулығы үшін күні-түні күресіп жатқан ақ халаттыларға өз алғысын білдірді.

Балжан ҚАЙРАТҚЫЗЫ,

Алматы облысы.

Рекомендовать
Последние новости