Жансейіт Түймебаев: "Өзбекстан - Орталық Азиядағы Қазақстанның ірі сауда серіктесі"

Dalanews 22 мая 2018 10:26 812

 Бүгін Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумы аясында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Өзбекстан Республикасының сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Адхам Икрамов пен Сыртқы сауда министрінің орынбасары Сохиб Сайфназаров бастаған делегацияны қабылдады.


Қасиетті Рамазан айында  алғашқы бірлескен іскерлік кеңестің бірінші кездесуі мен бизнес-форумның Оңтүстік жерінде өткізіліп жатқанына қуанышты екенін жеткізген облыс әкімі өзара іс-әрекеттер жақын болашақта өз нәтижесін береріне сенім білдірді.


«Біздің облыс Өзбекстанмен шекаралас, бұл аймақ үшін де бүкіл ел үшін де өте маңызды фактор болып табылады.




 Бұл өз кезінде экономиканың барлық салаларында екі жақты қатынастарды дамытуға үлкен мүмкіндіктер береді.




Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан мен Өзбекстан мемлекет басшылары 2018 жылды Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жариялады. Бүгінде біздің аймақ пен Өзбекстан арасында шекаралық ынтымақтастық дамып келеді.



2017 жылдың 15-16 қыркүйегінде Ташкентте Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумы өтті. Аталған жиынға Оңтүстік Қазақстан облысынан 150-ден астам мемлекеттік және жеке ұйымдар қатысты. Форум барысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен Ташкент, Сырдария және Джизак облысы әкімдерінің арасында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған болатын»,-деді аймақ басшысы.



Өзбек делегациясымен болған екіжақты кездесуде сауда-экономикалық қарым-қатынасты одан әрі дамытып, тауар айналымды арттыруға бағытталған бірлескен жүйелі жұмыстарды атқару жайы сөз болды.


Өз кезінде мәртебелі мейман АдхамИкрамов екі елдің ғасырдан бері жалғасқан достық қарым-қатынасы одан әрі  жандана түсетінін айтып, бүгінгі өтіп жатқан іскерлік жиында ОҚО кәсіпкерлері мен өзбекстандық бизнесмендер арасында сауда-экономикалық байланыс нығая түсетініне сенімді екенін жеткізді.



Өзбекстан - Орталық Азиядағы Қазақстанның ірі сауда серіктесі. 2018 жылдың бірінші тоқсанында елдер арасындағы сыртқы сауда айналым өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50 пайызға артқан. Ал жыл соңына дейін екіжақты сауданың көлемін 3 миллиард АҚШ долларына дейін арттыру жоспарлануда.




Сөз соңында облыс әкімі өзбек компанияларының Оңтүстік өңірінде бизнесті дамыту бойынша бастамаларына толық қолдау көрсетуге әзір екендігін айтты.



Айта кетейік, 11-12 мамыр күндері Шымкент қаласында «Оңтүстік Қазақстан-Өзбекстан» тоқыма өнеркәсібі өнімдерінің бірлескен көрмесі өткен болатын. Көрмеге тоқыма, киім және теріден жасалған өнімдер, фармацевтика, жиһаз, сувенирлер, спорттық тауарлар мен ойыншықтар өндіретін оңтүстікқазақстандық және өзбекстандық 60-қа жуық кәсіпорындар қатысқан.


Рекомендовать
Последние новости