Жансейіт Түймебаев Еңбекші ауданы әкімінің есепті кездесуіне қатысты

Dalanews 25 янв. 2018 05:40 945

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жоспардан тыс Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ілиясовтың халық алдындағы есебіне қатысты. Жиынға сонымен қатар қала басшысы Нұрлан Сауранбаев пен жергілікті тұрғындар, ардагерлер мен мәслихат депутаттары қатысты.

Қаладағы №24 мектеп-лицейінің мәжіліс залында өткен есепті кездесуде аудан әкімі 2017 атқарылған негізгі басымдықтарға тоқталып, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыстар жайын баян етті. Ал тұрғындар облыс басшысының күтпеген жерден кіріп келгеніне риза болып, өздерін толғандырған мәселелерін  жеткізді. Еңбекші ауданы тұрғындарының басым бөлігі көпқабатты үйлердің ауласын жарықтандыру мен ойын алаңшаларын салу және кәріз жүйесі мен жол, жер телімі мәселесін көтерді.

Халықтың сауалдары мен ұсыныстарын мұқият тыңдаған облыс әкімі көтеріліп жатқан мәселер кезең-кезеңімен шешімін табатынын айтып, қаладағы коммуналдық мәселелерді ретке келтіру үшін облыстық бюджеттен бөлінетін қаржы жыл сайын артып келетінін жеткізді.

– Осында көтерілген проблеманың барлығы назарға алынып, тиісті жұмыстар атқарылатын болады. Өздеріңізге мәлім, бүгінде қала аумағына 70 мың гектар жер қосылып, Астана мен Алматы қалалары секілді көлемі ұлғайып отыр. Қала аумағы ұлғайған сайын коммуналдық мәселелердің артатыны да белгілі.  Ал барлық мәселе бірден шешіле қоймайды, оны білесіздер. Шаһар аумағын көріктендіріп, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық саласының жұмыстары жоспар бойынша істелініп жатыр. Алдағы уақытта қала аумағында 64 көше орташа жөндеуден өтетін болса, 36 көше күрделі жөнделеді. Ал онға жуық көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынады, – деді аймақ басшысы.

Бұдан бөлек, Ж.Түймебаев  аудан әкіміне тұрғындардан келіп түскен сауалдардың күрделілігіне байланысты  жіктеп, 3 күндік, 1 апталық, 2 апталық 1 айлық мерзімдермен орындалуы туралы кесте әзірлеуді тапсырды. Мұны бір Еңбекші ауданына ғана емес қаладағы өзге де аудан әкімдеріне жүктеп, оның орындалуын облыс әкімі аппаратының инспекторлары  бақылайтынын атап өтті.

Есепті кездесу аяқталған соң облыс әкімі аталған мектеп-лицейдің жұмысымен танысып, білім ордасындағы Саттар Ерубаев атындағы мұражайды аралап көрді. Сонымен қатар аймақ басшысы «Жас мемлекеттік қызметкер» жобасына қатысқан оқушылармен тілдесті.

 

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

Рекомендовать
Последние новости