Жаңаөзенде мектеп түлектері жол апатына ұшырады. Құзырлы органдар жағдайға пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жергілікті Lada.kz басылымы мәліметінше, облыстық білім басқармасы 23 мамырда Жаңаөзен қаласында болған жол-көлік оқиғасына қатысты әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған "жол апатына мектеп бітіруші түлектер себеп болды" деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін айтқан.
Басқарма ақпаратына сүйенсек, Жаңаөзенде болған жол апатына Toyota Hilux, Toyota Land Cruiser 100 және Lexus LX 450 маркалы көліктер қатысқан.
Полицияның ресми ақпаратына сәйкес, Toyota Hilux көлігінің жүргізушісі (мектеп түлегі емес) алда келе жатқан Land Cruiser 100 көлігін басып озуға әрекет жасаған сәтте жол апаты болған. Соқтығыс нәтижесінде үшінші көлік Lexus LX 450 зақымданған, ал оның ішінде мектеп бітіруші түлектер отырған.
Оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеген.
"Жол апатына мектеп бітірушілер себепкер болды деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл оқиғаға қатысты ресми органдардың тексеру нәтижелері мен деректеріне ғана сенуді сұраймыз", – делінген Білім басқармасының мәлімдемесінде.