Жаңа Қазақстанның өз АЭС-і болуы керек - Тимур Жантикин

Dalanews 24 апр. 2023 07:00 1215

Елімізде АЭС салу қашан қолға алынады? Бізге қай мемлекеттің реакторын таңдау қолайлы? АЭС – энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ете ме? Көптің көңілінде жүрген осы және өзге сұрақтарды «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикинге қойдық.   

 Уран арзан бағамен шетелге кетіп жатыр 


– Тимур Мифтахұлы, елімізде АЭС салу мәселесінің өзектілігі артып отыр. Сіздіңше, АЭС-тің энергетикалық мүмкіндігі мен артықшылығы қандай?

– Негізі Балқаш маңайында салынатын АЭС құрылысының жобасы өткен ғасырда қарастырылған. Алғашқы жоба 1996-1997 жылдары қолға алынды. Сол кездің өзінде техникалық-экономикалық негіздемесі мен барлық есеп-қисабы жасалды.

АЭС бізге не үшін керек?

Біріншіден, өндірісті әртараптандыру керек болды. Өзіңіз білесіз, біздегі өндірістің көбі көмір станциясы арқылы жұмыс істейді. Тәжірибе көрсеткендей, бұл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуіне қажет болып саналады. Себебі, болашақта көміртегі компоненттерін қолдануға салынатын салық көлемі де артады. Оның үстіне бүкіл әлем жасыл экономикаға көшуді құптап отыр. Сондықтан бұл жүйеде мүмкіндігінше көміртегінсіз энергия көздерін дамыту көзделді.

Демек, электр энергиясын әртараптандыру мәселесі сонау 1996 жылы талқыға салынғанын айта кету керек. Мұның бәрі еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуден туған.


Екіншіден, Қазақстан көп жылдан бері уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында, ал уран қоры бойынша екінші орында. 2018 жылдан бастап уран сату көлемі бойынша да әлемде бірінші орынға шықты. Елімізде жыл сайын 20 мың тоннадан астам уран өндіреді. Бұл әлемдегі бүкіл уран өндірісі көлемінің шамамен 40 пайызы.



Міне, әлемдік уран өндірісінің осыншама бөлігі Қазақстанға тиесілі. Сондықтан бізде көмірге қарағанда уран энергетикалық қоры көп. Қазір уран арзан бағамен шетелге кетіп жатыр. Мұнымен қоса Өскемен қаласында ядролық отын өндірісі  бар. Кеңестік кезеңде бұл қаладағы нысан ядролық отын таблеткаларының 80 пайызымен қамтамасыз етті. Тіпті, сол уақытта әлемдегі қуатты өндіріс ошағына айналса да, кейін тоқтап қалды.

Былтыр Қытай нарығы үшін ядролық отын өндіретін өндіріс орны іске қосылды. Осы айтылған фактордың барлығы еліміздің энергетикалық саясатын дамыту керектігін айғақтайды.

Қазақстанның энергия жүйесін дамытуға байланысты концепция жасақталып жатыр. Мұның барысында электр генерациясының әр түрі ескеріледі.


Атап айтқанда, дәстүрлі энергия көздері – көмір, мұнай, газ түрінен бөлек, су электр станциясы мен жаңартылған энергия көздерін және бұған атом электр станциясын қосуға болады. Әрине, бұл факторлар ғылыми-техникалық әлеуетіміздің дамуын көрсетеді. Соның ішінде атом энергетикасы – айтарлықтай жоғары технологиялы өндіріске жатады. Соңғы кезде ядролық медицина, изотопты технология кең танымалдыққа ие. Тіпті, қазір ядролық медицина орталығы жақсы дамып келеді. Мұның бәрі атом энергиясын пайдаланумен тығыз байланысты.

– АЭС – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар нысан. Әрине, мұны өзіміздің мамандар басқаруы тиіс. Бұл салада білікті ғылыми мамандар жеткілікті ме?

– Әрине, маман жағынан мәселе жоқ, жеткілікті. Бізде үлкен Ұлттық ядролық орталығы, Ядролық физика институты бар. Мұнда атом энергетикасы бойынша мамандар дайындалады.

Сондай-ақ, елімізде атом энергетикасы мамандары үш жоғары оқу орнында даярланады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика факультетінде «Ядролық физика» деген мамандық бұрыннан бар.  Ал екі жыл бұрын осы оқу орнында Мәскеу инженерлік-физикалық инстиутының филиалы ашылып, атомдық реакторлар мамандығын даярлау қолға алынды. Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде, Л.Гумилеев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінде атомдық реакторлар және ядролық энергетика мамандығы бар.

Одан бөлек, жастар «Болашақ» бағдарламасымен «Атом өнер­кәсібі», «Атом ядросы және бөлшек­тер физикасы», «Техникалық физика» және «Ядролық инженерия» мамандықтары бойынша білім жинақтап келеді. Демек, бізде атом энергетикасын дамытатын мүмкіндік те, мамандар да жеткілікті.

Күн мен желдің энергиясы тұрақты емес


– Егер АЭС салынса, энергия саласында тәуелсіздікке қол жеткізе аламыз ба?

– Біздің алдымыздағы мақсат – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Егер қажетті, көп мөлшердегі энергия көзін дер уақытында тиісті жерге жеткізіп, елді түгел қамтып отырсақ, қауіпсіздікті сақтау деген осы.

Атом электр станциясы туралы айтқанда ол нысанның қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету маңызды. Яғни, біз экономикалық тұрғыдан жақсы көрсеткішке ие заманауи үлгідегі 3 және 3+ соңғы буын реакторын қарастырып жатырмыз. Бізге ұсыныс берген елдердің вендорын қарастырған кезде алдымен осы жағына баса көңіл бөлеміз. Себебі, бұл ең қажетті негізгі фактордың бірі.

– 2035 жылға қарай электр қуатының тапшылығы 30 пайызға артады деген болжам бар. АЭС салынғанға дейін қалай амалдаймыз? Бәлкім, балама энергия көздерін жаңғыртуға баса мән беру керек пе?

– Бұл сауалға энергетиктер нақты жауап беретін шығар. Бұл – бір. Екіншіден, баламалы энергия көздерін дамыту мәселесі бұған дейін де айтылып келді.



Алайда, баламалы энергия көздері – аса күрделі бағыт. Бұдан алынатын қуат көзі де тұрақты емес. Генерация да үздіксіз жұмыс істей алмайды.

Былайша айтқанда, күн, жел энергиясы ауа райының құбылмалығына байланысты. Мәселен, күн бұлтты болса, жел тұрмай қалса, не істейміз? Бұл кезде күн батареясы істен шығып қалады. Сондықтан энергия жинақтау қоры бірқалыпты болмайды.

Бір сөзбен айтқанда, мамандар  баламалы  энергия көздері өте қымбатқа түсетінін айтуда. Ал атом станциясы базалық генерацияны толықтай қамтамасыз етеді.


Қазіргі таңда газ станцияларын салу құрылысының жобасы қолға алынып жатыр. Мұнай, газды қолдану арқылы электр көзін өндіретін технологияға негізделген. Бұл АЭС-ке қарағанда әлдеқайда тезірек салынады. Сондықтан АЭС салынғанға дейін энергия тапшылығы мәселесінің орнын газ станциясы жаба тұрады. Ал Қазақстанның электр энергетикасы тұжырымдамасын жасақтап, қабылдаған кезде бізге қанша атом блогы керек, оның қуаттылығы қандай болуы тиіс, осы түйткілдің бәрін есепке алу қажет. Әзірше көміртексіз базалық жалғыз генерация – атом энергетикасы.

– Чернобыль мен Фукусимадағы қайғылы апатты тілге тиек ететін халықтың бойында әлі де үрей басым. Бұл көзқарасты қалай өзгертуге болады? Жалпы, АЭС қауіпсіз бе?

– Әрине. Оның қауіпсіздігіне күмән келтіруге болмайды. Әлгінде біз жоба бойынша тек 3 және 3+ соңғы буын реакторын ғана қарастырып отырғанымызды бекер айтқан жоқпын. Мұндай реактордың қауіпсіздік деңгейінің көрсеткіші жоғары әрі бұл энергоблоктардың апатқа ұшырауы сирек. Блокты пайдалануға бергеннен кейін 10 млн жыл ішінде бір оқиға болуы мүмкін.

Ал халықтың пікірі мен көзқарасын өзгерту түсіндіру жұмыстарының аясында жүзеге асады деп ойлаймын. Әрине, бізге осы тұрғыда қойылатын сандаған сұраққа барынша жан-жақты жауап беруге тырысамыз. Алайда, тұрғындар арасында түбегейлі қарсылық танытушылар жоқ. Біз үнемі сауалнама жүргіземіз ғой.

Соның нәтижесіне қарасақ, Қазақстан халқының басым бөлігі атом энергетикасын дамытуды қолдайды. Ал мұны әлеуметтік желіде қарсы пікір жазушылардың ойымен өлшеуге болмайды.


Сол баяғы Чернобыль мен Фукусиманы негізге алып, аттандай беретіндер көп. Біз барынша түсіндіріп, ашық болуға тырысамыз. Десек те әлеуметтік желідегі пікірлер тұтас халықтың ой-тұжырымы емес. Шын мәнінде, бұл саладан хабары бар, техникалық білімге жетік, сауатты мамандардың көзқарасы мүлдем басқа.

АЭС? Балқаштың суы тартылып қалмай ма?


 – Былтыр Энергетика министрлігі АЭС салатын аумақ ретінде Балқаш көлі маңындағы Үлкен ауылы таңдалғанын айтты. Алайда, мұны жергілікті тұрғындар қалай қабылдады?

– Меніңше, бұл аймақтағы халыққа бәрі түсінікті. Олар мұның сонау 1996 жылы қолға алынған жоба екенін жақсы біледі. Содан бері жобаның қашан басталатынын күтіп жүр десем артық айтқаным емес. Жергілікті жұрттың пікірін білуге барған журналистер мен блогерлерге де солай жауап берген. Алайда, блогерлер тарапынан «тұрғындар АЭС-тің салынуын күтіп жүр. Оларға жұмыс көзі табылса болғаны» деген пікірді естіп қалдым. Бұл олай емес. Себебі, техникалық білімі бар кез келген энергетика маманы атом станциясына қатысты мәселенің бәріне қанық. Біз олармен талай мәрте сөйлесіп, түсіндірдік. Қазір олардың тарапынан қолдау жақсы.

– Егер екі реакторлы реактор салынса, оған қажеті су көлемі қанша?    Осы тұрғыда Балқаш көлінің суы азайып, радиациялық қалдық мөлшері артады деген пікірге не дейсіз?

– Мұның бәрі жобада жан-жақты қаралады, есептеледі. Әрине, Балқаштың суына титтей де әсері жоқ. Айталық, Белоруссияда 1200 мВТ-тан тұратын екі реактор бар. Оған жылына тұтынатын су көлемі 63 млн текше метр. Яғни, қайтарымсыз шығын ретінде су буға айналып кетеді. Демек, судың  қайнап кетуі мүмкін емес. Мұның бәрі есептеулі.



Балқаш көлінде судың табиғи түрде булануы жылына 0,3 пайыз мөлшерде ғана. Демек, Балқаш көліндегі су көлеміне зияны тимейді.

Сондай-ақ, АЭС-те радиоактивті қалдықтар сыртқа шықпайды. Бірнеше контур болады. Сол контур бойында салқындатылады. Біз суды не үшін қолданамыз? Ең алдымен электр генератордан кейін тұратын конденсаторларды салқындату үшін. Контурдағы құбырмен жүретін су көл немесе тоғандағы сумен жанаспайды. Сондықтан «радиоактивті қалдықтар Балқаш көліне құйылады» деген пікір жаңсақ. Оның бәрі арнайы технология арқылы қадағаланады. Тіпті, қажет деп тапсақ, әлемде суды мүлдем қажет етпейтін  жобалар бар. Бірақ бұлардың бағасы қымбатырақ болады.

Вендор таңдау дилеммасы


 – Биыл қай елдің вендорын таңдау туралы шешім қабылданады делінді. Қазір осы тұрғыда төрт елдің мамандарымен келіссөз қалай жүріп жатыр? Негізінен қай мемлекеттің тәжірибесі көңілге қонымды?

– Әр реактордың артықшылығы мен кемшілігі бар. Бұған дейін Қытай, Корея, Ресей, АҚШ және Франциядан – 6 вендордан техникалық-коммерциялық ұсыныстар келіп түсті. Ядролық энергетикалық технологияларды салыстырмалы талдау мен бағалау үшін «Assystem» француз компаниясымен бірге МАГАТЭ құжаттарының ұсынымдары негізінде критерийлер жүйесі әзірленді. Жалпы шетелдік атомдық технологиялар вендорлары ұсынған заманауи реакторлардың 13 жобасы зерттелді. Соның нәтижесінде 4 жобаға арнайы сараптама өткізіп, шкала бойынша кемшілігі мен артықшылығын анықтап, қорытындыны жетекші мамандарға бердік.

Енді мұнымен әрі қарай үкімет айналысатын болады. Яғни, бұл жерде техникалық мәселемен қоса басқа да түйткілдер жетеді.


Мәселен, қазір әлемде геосаяси ахуал ушығып тұр. Біз таңдаған мемлекет реакторын елімізде сала ала ма, жоқ па, мұны да қарастыру керек. Салыстырмалы түрде алсақ, әлемнің біраз елінде АЭС-ты «Росатом» салып келеді. Олардың бағдарламасында маман дайындау жағы қарастырылған.

Сол сияқты Францияның жаңа реакторының артықшылығы көп, бірақ қымбат. Бұл жоба аясында да қосымша маман дайындау ескерілген.

Оңтүстік Кореяның АЭС салу мен оны іске қосудағы тәжірибесі мол. Бұл мемлекет Біріккен Араб Әмірлігіне соңғы заманауи үлгідегі АЭС салып берді. Қытайдың да АЭС құрылысы бойынша ауқымды жобасы көп. Мұнда реактордың түрі де баршылық. Олардың да ұсынысы қызықтырып отыр.



Бір сөзбен айтқанда, қай-қайсысының өз ерекшелігі бар. Сондықтан олардың әрқайсынын таңдау мүмкіндігі 25 пайыз. Қазір келіссөз жүріп жатыр. Кейбір параметрлерді әлі де анықтауға мәжбүрміз. Олар да АЭС құрылысына қанша ақша кететінін, қаржыландыру көзі қайдан келетінін, қалай төлейтінімізді сұрап жатыр. Біз бұл жобаны әзірге коммерциялық бағытта қарастырып отырмыз.

АЭС құрылысы жобасын іске асырудың бастапқы мерзімдеріне келетін болсақ, алдын ала болжам бойынша, 2023 жылы технологиялар жеткізушісі таңдалса, 2025 жылға қарай техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, мемлекеттік сараптама жүргізіледі. 2025 жылды АЭС салу туралы үкімет қаулы қабылдауы қажет.

2028 жылға қарай жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді және сараптама тағайындалады. 2034 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, 2035 жылға қарай АЭС пайдалануға беріледі. 2029 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып, жабдықтар жеткізіледі деген жоспар бар.

– Демек, АЭС-ке кететін 11-12 млрд АҚШ доллары өзін-өзі ақтай ма? Одан кейін энергия көзі арзандай ма, әлде керісінше қымбатқа түсе ме?

– Әрине, ақтайды. Біздегі электр қуатының тарифтік құны көрші жатқан елдермен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Бірақ өмір бойы бұлай бола бермейді. Себебі, елімізде соңғы отыз жылда бір энергия станциясын салмадық. Сондықтан АЭС салынса, энергия көзіне деген көзқарас өзгереді. Жұмыс істеп тұрған станциялардың тозығы жетіп, апатты жағдайда тұр.

Қыстыгүні халықты әбігерге салып, оны жөндеу жұмыстарына да көп шығын жұмсалды. Қазір жанармай бағасы да қымбаттап жатыр. Негізі бұл мәселеге Энергетика министрлігі жауап береді. Қандай тариф енгізіледі, құны қанша болады, шешім шығаратын солар.


Кейбіреулер қосымша көмір арқылы жұмыс істейтін станциялар салу керектігін айтады. Қазақстан «көміртек шығынын» төмендетуді қарастыратын Париж келісіміне қол қойды. Парник газдардың шығуына ең алдымен энергетика себепші. Сондықтан біз энергетиканы көміртексіз өндіріс жолына қоюымыз керек. Сонымен қатар көміртек салығы өсіп жатыр. Яғни, қаласақ та, қаламасақ та, біз энергетикада парник газдар – көміртек шығаратын секторды қысқартуымыз керек. Энергия қауіпсіздігін сақтаймыз десек, өзіміздің АЭС болуы керек. Себебі, 3+ буындағы реакторлардың жобалық мерзімі 60 жыл десе де, 80-100 жылға дейін жұмыс істейді. Яғни, жүз жыл бойы қауіпсіз энергия көзін тұтына аламыз.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Аяулым ШАЙМАРДАН 


https://dalanews.kz/kogam/88910-qaisar-askeri-patriottyq-oyyndarynyng-aq

 

 

Рекомендовать
Последние новости