Жаңа Экологиялық кодекс елдегі парниктік газдар шығарындыларын азайтады

Dalanews 02 янв. 2021 14:57 1657

Еліміз парниктік газдардың шығымын азайтса қоршаған ортаның ахуалы мен халық денсаулығының жақсаруына әсерін тигізеді. БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы аға техникалық кеңесшісі Сәулет Сәкенов осындай пікірде.

Айта кетейік, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаңа Экологиялық кодексіне қол қойған болатын.

Сәулет Сәкеновтың сөзінше, Экологиялық кодексте басқа маңызды бастамалармен қатар парниктік газдар шығарындыларын реттеу жүйесі де ескерілген.

«Париж келісімі мен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясына сәйкес Қазақстанның парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша міндеттемелері бар. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Климаттық саммитінде сөйлеген сөзінде Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптық деңгейіне жететінін айтты. Бұл елдегі парниктік газдардың барлық шығарындылары оларды қысқартуға бағытталған жобалармен өтелуі тиіс дегенді білдіреді. Бұған ағаш отырғызу, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, энергия үнемдеу жөніндегі жобалар және тағы басқа шаралар жатады. Жаңа Экокодекстің қабылдануымен мұндай офсеттік жобалар көбейеді деп үміттенемін», - дейді Сәулет Сәкенов.

Бұдан бөлек, Экологиялық кодекске климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша нормалар қосылған.

«Себебі климаттың өзгеруін біз анық байқап жатырмыз. Дауылды, экстремалды-метеорологиялық құбылыстар көбейді. Мұның бәрі адамдардың денсаулығы мен өміріне әсер етеді. Сондықтан бұл шаралар өте маңызды. Бейімделу жүйесі арқылы елдің климаттың өзгеруіне дайындығын бағалап, әрі қарай тиісті шаралар қабылдауға болады. Оның ішіне қуаңшылықты, су ресурстарының азаюын, төтенше жағдайларды ескерту шаралары кіреді», - деді сарапшы.

С.Сәкеновтың сөзінше, ғалымдар мен үкіметаралық сарапшылар тобы парникті газдар шығарындыларының қоршаған орта мен адамдар денсаулығына зиянын тигізетінін дәлелдеген. Ал оның үлесі қысқарса ауадағы ластаушы заттар да автоматты түрде азайып, ахуалдың жақсарғаны бірден байқалады.

Айта кетейік, Экология министрлігі Экокодекс жобасын дайындау кезінде оны жұртшылықпен кеңінен талқылаған болатын. Заң жобасының басты жаңалықтарының бірі - «ластаушы төлейді және түзетеді» қағидаты. Бұл ластанудың алдын алу және бақылау жөніндегі шараларды, сондай-ақ қоршаған ортаға келтірілген залалды қалпына келтіру үшін жауапкершілікті меңзейді. Кодексте ең озық қолжетімді технологияларды енгізу шартымен бірінші санаттағы объектілер үшін кешенді экологиялық рұқсаттарға көшу, сондай-ақ жаңадан іске қосылатын кәсіпорындар үшін кешенді экологиялық рұқсатты міндетті түрде алу көзделген. «Бірінші санаттағы» ірі кәсіпорындарға қатысты қоршаған ортаға әсерді бағалаудан өту туралы талап та енгізілді. Бұдан басқа, жаңа Экокодекске сәйкес жергілікті атқарушы органдар экологиялық төлемдер есебінен түсетін қаржының 100%-ын табиғатты қорғау іс-шараларына бағыттауға міндетті. Құжатта халықаралық талаптарға сәйкес қалдықтарды азайту және өңдеу, оларды жіктеу туралы нормалар да жазылған. Заңсыз қалдық алаңдарын жою үшін қоқыс шығаратын көліктерге GPS-датчиктерді міндетті түрде орнату да ескерілген.

 

Рекомендовать
Последние новости