Жамбылдағы трагедия: батырлардың ерлігі елеусіз қалған жоқ 

Dalanews 30 авг. 2021 15:03 1113

Еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан өрт сөндіру бөлімшелерінің мамандары Жамбылдағы трагедияда қаза тапқан әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алуда деп хабарлайды Dalanews.kz.

Осы орайда біздің редакция ажалмен арпалысқан батырларды қазақтілді аудиторияға таныс етіп, олардың бірқатарының өмір жолын тоқтала кеткенді жөн көрді.

26-шы тамызда Жамбыл облысының Байзақ ауданында оқ-дәрі қоймасы жарылды. Трагедия 14 адамның өмірін қиды, 100-ге тарта тұрғын жарақат алды. Ал жоғалған өрт сөндірушілерді іздеу жұмысы әлі жалғасып жатыр.

Апаттың алдын-алу үшін оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың көпшілігі жан тапсырды.

Dalanews.kz тілшісі есімі ел есінде қалуы тиіс батырларды қазақтілді оқырманға таныс етуді парыз деп тапты:

Елдос Сандыбаев, Жамбыл облысы, Тараз қаласы Төтенше жағдай департаментінің аға-өрт сөндіруші-құтқарушысы.



Елдос оқиға орын орнына алғашқы болып жетіпті. Төтенше жағдай қызметінде 2013 жылдан бері істейтін тәжірибелі маман қызметтік борышын өтеу кезінде көз жұмды.

Ол бұған дейін де бірнеше рет көзге түсіп, бейбіт тұрғындарды ажалдан арашалап қалған еді.

Облыстық Төтенше жағдай департаментінің мәлім еткеніндей осыдан екі жыл бұрын, көктем кезінде Тараздағы нөмір 3-ші өрт сөндіру бригадасының құтқарушысы Елдос қаладағы көпқабатты үйде тұтанған қызыл жалынды ауыздықтауға атсалысып, түтінге тұншыға жаздаған 5 адамды құтқарып қалады.


Есікті бұзып үйдегі екі әйел мен үш кішкентай баланы тілсіз жаудың тұтқынынан босатқан Елдос отбасында да, әріптестерінің ортасында сыйлы еді.

Облыстық Төтенше жағдай департаментінің басшылығы Елдостың өрттің алдын-алудағы қарым-қабілетін ерекше атап өтіпті. Айталық осыдан үш жыл бұрын Жамбыл ауданындағы тау бөктерлеп тұтанған өртті тежеуде Елдостың стратегиялық қырағылығы айрықша байқалған. Өрттің беталысын аңдаған Елдос жеке құрамды дұрыс бағытқа орналастырып, соның негізінде тілсіз жаудың Қырғызстан аумағына таралуын тоқтатқан.

...

Осы трагедияда қаза тапқан Тәңірберген Төребеков Тараздағы №1 өрт сөндіру бөлімінің сержанты еді. Осы саланың қазанында қайнап, қажыр-қабілетімен ерекшеленген құтқарушының жұмыс өтілі 20 жылға жуықтап қалған-тұғын.



Әріптестерінің айтуынша Тәңірберген қиындықтан қорықпайтын азамат, оттың ортасына қойып кетіп, талай азаматты тілсіз жаудан құтқарып қалғаны жұрттың жадында.

Осыдан үш жыл бұрын Тараздың қақ ортасындағы көпқабатты үй өртке оранып, 40-қа жуық тұрғын тілсіз жаудың тұтқынында қалады. Тәңірберген Төребеков бастаған өрт сөндірушілердің кәсіби біліктілігінің арқасында 55 шаршы метрді шарпыған өрт тез арада сөндіріліп, тұтас үйге таралуының жолын кеседі.

Төтенше жағдай департаментінің мәлім еткеніндей марқұм Тәңірберген Төребеков бастаған өрт сөндіруші құрам соңғы екі жылда 2 мыңнан аса тұрғынды тілсіз жаудан арашалап, талай алапат өртті ауыздықтаған.

...

Жамбыл облысы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ бастығының орынбасары 45 жасар Мейіржан Айманов та осы саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген маманның бірі еді. Марқұм зейнетке шығатын жасқа жақындап қалса да жұмысында қалуды жөн көрген. Көрген-білгенін жас мамандармен бөлісіп, оларға дұрыс жол көрсетуге тырысқан.



 

Жамбылдағы жарылыс кезінде тұрғындарды эвакуациялау туралы жедел шешім қабылдаған да осы Айманов болатын. Соның арқасында жарылысқа жақын жатқан елді-мекендерден 800-ге тарта тұрғын дер кезінде көшіріліп, аман қалды.

...

Еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан өрт сөндіру бөлімшелері бұдан бөлек Жамбыл облысы Төтенше жағдай департаментіне қарасты Өрт сөндіру басшысының орынбасары Александр Микропулоны,  Тараз қаласы 3-ӨСБ өрт сөндірушісі Арнұр Темірболатовты еске алып, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29-шы тамызды – Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған болатын. 


Ең бастысы батырлардың ерлігі елеусіз қалған жоқ.

Мемлекет басшысы оқиғаның бел ортасында жүріп, жан тапсырған өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды марапаттады. Жамбыл облысы ТЖД өрт сөндіру әрі апаттық-құтқару жұмысы бастығының орынбасары Мейіржан Аймановқа "қызметтік борышын өтеуде көрсеткен ерлігі үшін "Халық қаһарманы" атағы берілді.

Президенттің тағы бір қаулысы бойынша өңірдің Өрт сөндіру әрі апаттық-құтқару қызметінің кезекші маманы Александр Микропулоға I дәрежелі "Айбын" ордені берілді.

Жамбыл облысы ТЖД-ның өзге де қызметкерлері Тәңірберген Төребековке, Арнұр Темірболатовқа және Елдос Сандыбаевқа  III дәрежелі "Айбын" ордені тағайындалды.

Рекомендовать
Последние новости