Жамбыл мұрасын жас ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек – Марат Сұлтанғазиев

Dalanews 25 февр. 2023 14:45 1091

Алматы облысында жыр алыбы Жамбылдың туғанына 177 жыл толуына орай «Ғасыр ғұмырлы ғажап ақын»  атты салтанатты шара өтті, – деп хабарлайды өңірлік баспасөз қызметі.

«ХХ ғасырдың Гомері», жыр дүлділіне арналған кештің шымылдығы, ғасыр ақынының ескерткішіне Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтың  гүл шоқтарын қоюынан бастау алып, соңы аймақ басшысының қатысуымен  Қонаев қаласындағы мәдениет үйіндегі үлкен мерекелік концертке ұласты.

Салтанатты шарада қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, жүрегінің түбінен қайнап шыққан асыл жырларымен, қалың жұртшылықтың махаббатына бөленген саңлақ туралы «Ұлы даланың жыр Жолбарысы» театрландырылған пролог сахна төрінде көрініс тапты.

Халық поэзиясының алыбы атанған Жамбылдың есімі әр адамның жадында жатталған. Ол расында, «өлең кірген түсіне – Жөргегінде мен болам», – деп өзі айтқандай, өмірге өлең болып туған сирек құбылыс.

Айтыс өнерінің майталманы Сүйінбайдың батасын алған, қазақ әдебиетінің классик жазушысы Мұхтар Әуезовтың өзі  «Жамбыл-ақыл ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау. Оның бір өзі әрі эпик, әрі айтыс ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны»  деп баға берген алып тұлғаның адамзаттың өмірінде алар орны айрықша.

Артында қалаған мұрасы талай жанға азық болып қалған дала дарынын ұлықтау бүгінгі ұрпаққа парыз.

Шарада өзінің құттықтау сөзінде облыс әкімі Марат Елеусізұлы ғасыр жасаған ақын жауһар жырларымен туған елінің қошеметіне бөленгенін тілге тиек етіп, Жамбылдың балалық пен даналықтың арасында өмірдің ақиқат шындығын, елінің асыл арманын, ізгі мұратын жырлағанын атап өтті.

– Елдікті, əділдікті, ерлікті дəріптеді. Сөйтіп өзінің мөлдір гауһар жырларымен өз халқының ыстық ықыласына бөленді.  Есімі əлемге аңыз болып тарады. Соңғы 2 жыл ішінде ақынның мұраларын насихаттайтын «Жамбыл əлемі» атты 30 томдық кітап жарық көрді. Танымал ғалымдардың еңбектерімен тағы 10 томдық жинақ оқырман қауымға жол тартқан болатын. 


Анкара қаласында «Жамбыл Жабаев» атты кітаптың тұсауы «Түріксой» ұйымының басқарма басшысы Санжар Мүлəзімұлының қатысуымен кесілген еді.  От ауыз орақ тілді ақынның мұралары болашақта тереңінен зерттеліп,  кейінгі ұрпаққа асыл қазына болып қалары сөзсіз. Біз Жамбыл Жабаевтың мол мұрасын тек мерейтойда ғана емес,  әр жыл сайын  жүйелі түрде жас ұрпақтың санасына сіңіруіміз қажет, – деді Марат Сұлтанғазиев.

Салтанатты жиында облыс әкімінен бөлек, ақын, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан  Оразалин мен белгілі жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жамбылтанушы, Алматы облысының «Құрметті азаматы»  Нағашыбек Қапалбекұлы да сөз маржанын терген тума таланттың ғазиз жырларына тоқталып, оның шығармашылығының маңызы туралы ой өрбітті.

Рекомендовать
Последние новости