Жамбыл Әмірбеков. Шық ғүмыры

Dalanews 19 дек. 2015 09:51 1092


  • Жамбыл

  • Қолымызға Жамбыл Әмірбековтің тақырыптас үш-төрт өлеңі тиді. Бұған дейін елдің көбі спорт шебері ретінде танитын Әмірбековтың жыр әлеміне үңілгенде біз мүлдем бөлек әсерге бөлендік. Қарапайым да шымыр ұйқастар, шынайы сезім иірімі, образды үйлесім - Жамбыл ақынның өзіндік үнін естіртіп, оның нәзік те сыршыл әлеміне бастамай тұрмайды. Өлеңді тапқырлықпен де, төселу арқылы да жазуға болады. Кейбір жырды оқысаңыз, мін таппайсыз. Поэзияға керектің бәрі бар, тек... шынайылық жоқ. Шеберлік пен қалыптасудың үздіксіз ағыны поэзияның ішкі қуатынан - шыншылдығы мен қарапайымдылығынан айырмай қоймайды. Қазір ондай өлең көп... Жамбыл ақынның өлеңі ондай емес, шыншыл да сыршыл, тіпті кейде балаңдығымен де өзгеше.


  • Шық ғұмыры

  • Естідім жүрек дүрсілін,
    Тұп-тұнық шықтың ақырын,
    Шиырып қиял ұршығын,
    Ширатып жатыр ақынын


  • Тозаңға былғап кірпігін,

  • Самалмен әлек тазалап.

  • Құйрықпен қаққан түлкі мұң,
    Шықты да жатыр мазалап.


  • Қас-қағым ғана ғұмырын,
    Көтермек көкке ұмтылып.
    Тартқылап өмір бұрымын,
    Күлімдеп қарап тұр тұнып.


  • Ойнаған өмір меңімен,
    Шіркін-ай неткен құштарлық.
    Сырласпақ болған менімен.
    Шықта жоқ екен іштарлық.


  • Тағдырмен тұрып алысып,
    Тартады мөлдір тегіне.
    Күн шығып еді сәл ысып,
    Бу болып кетті көгіне.


  • Аққу-арман

  • Пәктікті іздеп жүріп ғаламшардан,
    Түңіліп жүрсемдағы надандардан.
    Махаббатқа соншама дәті мықты,
    Аққуды бөлгім келмейт адамдардан.


  • Тек тазалық тілейтін Тәңірінен,
    Жаралғандай күн нұрының жарығымен.
    Қос аққудай өмірден өту арман,
    Жамандықты білмейтін жаны мүлдем.


  • О,сұлулық қанатына су сіңбеген,
    Сен менің жүрегімсің дүрсілдеген.
    Жұбын жазбай өтетін аққулардың,
    Бірлігіне жан бар ма сүйсінбеген.


  • Аққу,адам мен үшін бірдей ұғым,
    Мүмкін менің көп шығар білмейтінім.
    Аққу болып кетсем мен арманым жоқ
    Алдау менен арбауды білмейтұғын

  •  

  • Құйын

  • Жұлқынып жетті бір құйын,
    Тастақ жер шаңын үйіріп.
    Түйіліп түскен қырғидың,
    Екпіні кетті қиылып.


  • Қайырып еді шаштарын,
    Мəжнүн тал қалды қысылып.
    Желінін сыйпап қасқаның,
    Тартады жалын ышқынып.


  • Мəуелеп өскен шыбықтың,
    Белінен құшты бұралып.
    Білегін қысты құрықтың,
    Асауға салған бұғалық.


  • Торғайды аңдып отырған,
    Үкінің алды үрейін.
    Тұзды тер сіңген тоқымнан,
    Үркетін емес дүлейің.


  • Желдікті үрлеп қабысқан,
    Сілкіді қайыс жүгенді.
    Тізгініменен алысқан,
    Қайырды бəйге күреңді.


  • Қабағы тастай түйілген,
    Құлаттыдағы кетпенді
    Шөмейлі шөпке үйілген,
    Сіңді де кетті шеттегі.


  • Ерттедім мінер қасқамды,
    Шабандоз үміт қайдасың?
    Сіркіреп жаңбыр басталды,
    Асырып желден айласын.


  • Басылды күн де қайнаған,
    Су болып қалған балағы.
    Тағдырымменен ойлаған,
    Жастығым ба екен жаңағы?!..

  •  

  • Күн тұтылды

  • Қоп-қою тұман айналам,
    Естимін жылқы дүбірін
    Көбелектермен ойнаған
    Қозғаймын оттың түбірін.


  • Таң кеткен түннің түнегін,
    Батысқа қарай қуалап.
    Жарықта айдың жүрегін,
    Алғанмын қалай дуалап.


  • Сығалап іздеп бұлттардан,
    Таңданып маған тұр қарап
    Аяды менен шықтардан
    Мұңымды естіп мың қабат.


  • Нұрына бөлеп шуақтың,
    Жанымды тербеп мұңайған.
    Сылдырыменен бұлақтың,
    Сұрады мені Құдайдан.


  • Жақындай алмай сұр тұман,
    Қайырды бұйра кекілін.
    Күн күлді содан мұртынан,
    Əжімін сыйпап бетінің.


  • Əкетпек мені өзімен,
    Құнымды біліп жердегі.
    Сезімін ұқтым көзінен
    Елейтін емес өзгені.


  • Қысылып қалдым, расым,
    Ешкімге керек емес ем.
    Өлеңнің оқып дұғасын,
    Өмірге ғашық демесең.


  • Болады екен бұлайда,
    Жүр едім жұртқа еленбей.
    Изеді басын Құдай да,
    Əкетсең əкет дегендей.


  • Басымның сипап сорынан,
    Бетімнің сүртті тұз жасын,
    Ақырын тартып қолымнан
    Ұсынды бүршік сырғасын.


  • Тым ыстық қысты құшағын
    Тістеніп, еріп барамын.
    Жайында қалып құса-мұң,
    Иіскеп алдым анарын.


  • Не істер екен ғашық Ай
    Талықсып,балқып барады.
    Қызуы лаулап басылмай,
    Жұмылып кетті жанары.


  • Күн шымшып алды аямай,
    Есіңді жый деп езілген,
    Мен де оған тұрдым қарамай
    Шаттықты тығып көзімнен.


  • Жүзігін тастап алдыма,
    Моншақ жас жерге шашылды.
    Ұялып қашып барды да,
    Мойнына күннің асылды.


  • Жамбыл ӘМІРБЕКОВ


Рекомендовать
Последние новости