“Жаман әкім тоздырады, жақсы әкім оздырады”: Депутат әкімдік жұмысын сынға алды

Қаракөз Амантай 31 янв. 2024 13:43 2300


Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров депутаттық сауалында ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелерді қозғай отырып, әкімдік жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.


Ол ауыл шаруашылығына байланысты берілетін статистиканың көп жағдайда шындыққа жанаспайтынын атап өтті.



"Статистикаға сүйенсек әрбір қазақстандық күн сайын жарты келі картоп тұтыну керек екенін білесіз бе? Ал бұл картоптың отаны Беларусь елінен бірнеше есе көп деген сөз. Статистикаға бекер сүйеніп отырған жоқпын. Себебі еліміз картопты 2 есе аз өндіреді. Дәл осындай жағдай басқа да салада кездеседі. Яғни, шынайы өмір мен ресми статистика сәйкес келмейді” - дейді депутат.



Осы тұста Қожаназаров әкімдік жұмысына қатты шүйлікті.


"Барлық деңгейдегі әкімдіктер, орталық мемлекеттік органдар жалған мәлімет беруді әбден үйреніп алды. Былай айтқанда, жеке қосалқы шаруашылықтардың көрсеткіштерін өз бетінше еселеп, статистиканы түрлендіре береді. Бұл үшін жауапкершілік мүлдем қарастырылмаған. Елді жаман әкім тоздырады, жақсы әкім оздырады деген халық даналығы бар. Әрине, әкімдердің арасындағы бәсеке деген жақсы. Бірақ әкімдер нақты атқарылған іспен, нәтижемен жарысып жатса, онда оны құптауға болады. Ал ойдан шығарған сандармен арзан ұпай жинау елге қажет емес", - деді Айдарбек Қожаназаров.


Депутат мұндай әрекеттер бюджетті жоспарлау кезінде қате шешімдерге әкелетінін жеткізді.



Рекомендовать
Последние новости