БАҚ пен әлеуметтік желілерде танымал қазақстандық кәсіпкер Мұхтар Жәкішев ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің коттеджін сатып алғаны туралы ақпарат тарады. Мәсімовтің құны бір млрд тұратын үйі бұған дейін бірнеше рет аукционға шығып, өтпей қалған еді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жәкішев не дейді?
Мұхтар Жәкішев бұл жағдайға пікір білдірген.
«Жалған ақпарат және сандырақ», – деген ол бұл жаңалыққа қатысты.
Сондай-ақ, кәсіпкер Дубайдан құны 1,5 млн доллар тұратын пәтер сатып алғаны жайлы ақпарат та тарады. Пәтер аумағы - 240 шаршы метр, жеке бассейні мен фитнес орталығы да бар көрінеді.
"Бұл да сандырақ. Менің алты қызым бар, неге тек біреуіне алуым керек екен?" – деді ол.
Қайтарылған активтерді басқару компаниясының пікірі
Қайтарылған активтерді басқару компаниясы да бұл ақпаратты жоққа шығарды. Компания барлық актив тек E-Qazyna мемлекеттік порталы арқылы және қатаң ережелер бойынша сатылатынын мәлімдеді.
Мәсімовтің үйі туралы не белгілі?
Кәрім Мәсімовтің зәулім сарайын Қайтарылған активтерді басқару компаниясы бірнеше рет аукционға шығарған еді. Құны - 1,9 млрд теңге. Үй Астана қаласы Нұра ауданының Ерейментау -1 мекенжайында орналасқан.
Үйдің жалпы ауданы – 2877,7 шаршы метр. Тұрғын үймен қоса, жиһаз, электрон техника, өнер туындылары мен кәдесыйлар да сатылымға қойылды.