Мәжіліс депутаты Абзал Құспан премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, түзеу мекемелерінің жайын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"2023 жылы депутат болып сайланған сәттен бері еліміздегі барлық негізгі түзеу мекемесін аралап шықтым. Жуырда ғана Батыс Қазақстан облысындағы жағдаймен танысып қайттым. Айтарым жағдай ауыр емес, өте ауыр. Қылмыстық-атқару жүйесінің (ҚАЖ) созылмалы қаржыландырылмауына байланысты бұл саладағы негізгі міндеттер орындалуы қатерге ұшырап отыр", - деді ол.
Депутаттың сөзінше, 2025 жылға ІІМ ҚАЖ комитеті 151,4 млрд теңге сомасында шығын жоспарлағанымен, тек 88,3 млрд теңге мақұлданған. Бұл - 63 млрд теңге немесе 42% дефицит деген сөз.
"Ең осал бағыттардың қатарында арнайы контингентті азық-түлікпен, киім-кешекпен, коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету бар. Жағдайды одан әрі қиындатып тұрған – сотталғандар саны артуы (2024 жылы – 36 923, 2025 жылы – 40 364) және қызмет көрсету тарифтері көтерілуі", - деді ол.
Абзал Құспан бүгінде шұғыл түрде 14,1 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы қажет екенін айтты, оның ішінде:
- 8,7 млрд тг – тамақтандыруға (соның ішінде 2,3 млрд теңге берешекті өтеуге);
- 3,4 млрд тг – коммуналдық қызметтерді төлеуге;
- 2 млрд тг – киім-кешек және төсек-жабдық алуға.
"Сотталған шетел азаматтарын өз елдеріне қайтару мәселесі де әлі шешімін таппай отыр. Жыл басынан бері 1 000-нан аса шетелдік сотталғанның небәрі 45-і ғана елдеріне қайтарылған. Кейбір мемлекеттер өз азаматтарын қабылдаудан бас тартып отыр. Осы бағыттағы халықаралық келіссөздер мен ынтымақтастықты жандандыру қажет", - деді ол.
Оның сөзінше, елдегі түрмелердің инфрақұрылымы да мүлде ескірген.
"Қазақстандағы түзету мекемелерінің 75%-ы өткен ғасырдың 30–70 жылдары, тіпті кейбірі патшалық Ресей заманында, 200–300 жыл бұрын салынған. Бүгінгі талапқа сай келмейтін барақ үлгісіндегі түрмелерді камералық типтегі заманауи мекемелермен алмастыру – кезек күттірмейтін міндет. Барақта, 80–100 адам бірге тұратын ортада тәрбие жұмыстарын жүргізу мүмкін емес. Ондай жерде өзіндік қылмыстық субмәдениет қалыптасады. Осы ортада діни экстремизмнің де тамыры жайылып барады", - деді ол.