Ж. Ерман Талғат Ермегияевқа араша түсті

Dalanews 11 апр. 2016 00:12 1060

Ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы» РҚБ басқарма төрағасы Жүрсін Ерман «ЭКСПО» ісі бойынша сотты болып жатқан Талғат Ермегияевке араша түсіп, оның әкесі, меценат Амангелді Ермегияевке үндеу хат жолдады.

Ақын өз үндеуін Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.

«Сіздің жалғыз балаңыз Талғат сотты болғаннан бері оның тағдырына айтыс ақындары қатты алаңдаулы. Себебі біз Сізді атамұра өнеріміз Айтысты ұлттық деңгейде риясыз қолдап, оның көшін өрге сүйреген меценат ретінде бағалаймыз.

Қазақстандағы ондаған айтыстарды қаржылай қолдап, айтысты Мәскеу мен Парижге апарып ұлт рухын асқақтатқан жанқиярлығыңызды Алаш баласы ұмытпайды. Сіздің темір тұлпарларыңыз талай айтыскерге қанат байлады. Жазба поэзияның Қ.Мырзаәлиев, Т.Молдағалиев, С.Иманасов секілді ондаған дүлділі Сізден ат мініп, бакиға риза аттанды.

Әбдімомын Желдібаев, Мұхамеджан Тілеуханов, Біләл Ысқаков сынды дарабоз күйшілер де темір тұлпардың тізгінін ұстады.

Қанша мүшәйра өткізіп, қанша кітап шығарып беріп, қайырым жасадыңыз. Қасым Аманжоловтың томдары, Казыбек бидің өз шапаны, Мәдидің ғажап тас бейнесі Сіздің қаржылай қолдауыңызбен ел игілігіне айналды.Тәттімбет мұрасы да консерваториядағы сынып пен қалың кітап болып қамқорлық көрді. Санап тауыса алмаймыз.

Ұлт руханиятына дәл Сіздей жүйелі әрі нақты көмек жасаған ешкім жоқ. Ол аз болса, "Отан" партиясына адамшылық келбет беріп, Елбасымен бірге партияның құрылымдарын ұйымдастырып, ғимараттар ашып, жергілікті ұйымдарын құруға қайрат жұмсадыңыз. Осының бәрі елге де, ЕЛБАСЫҒА да, партияға да аян. Балаңыз Талңат болса Лондон олимпиадасындк Қазақ Еліне ЖЕТІ алтын әперген, сол үшін Президенттен орден алған ақжолтай оғлан еді. Ондай халықаралық абырой қазақ басына енді қашан бұйырмақ?! Халықаралық додаларда спортшының қайратына қоса Спорт министрінің жеке іскерлігі де барлык мәселелерді шешуде қанша роль атқаратынын әлем біледі. Ол құпия емес. Талғаттан кейінгі министрлер мықты болса қайда жүр? Халық куә.

Ақындар айтпай жатқан жоқ. Астанадағы айтыста:

Ұяда үлгі көрген текті қыран

Тауыктың тарысына тамсанбайды.

«ЭКСПОНЫҢ» ақшасын жеу түгілі

Әкесінің дәулетін тауыса алмайды!, - деп бар дауыспен айтты гой Ақын.

Одан кейін де айтып жатыр. Бірақ, осы халық даусы Патшамызға жеткен жоқ қой. Жетсе, өз қолымен баулып өсірген ұланын озі буындырмас. Қазір бұқаралық ақпарат құралдары айтып жүргендей сонша қаржыны Т.Ермегияев өз бетінше жұмсамағанын халық та аңғарып отыр. Біздің қогамдағы жемқорлық жүйесінің схемасын окушы балалар да болжай біледі. Ол мемлекет басшысына да аян, ишаралап болса да айтып жүр ғой.

Сондықтан, кеше ғана билік партиясының тізгінін өз қолыңызға ұстатып, тәуелсіз Қазақстанды бірге құрысқан ұлт көсемі - Н.А.Назарбаевтың алдына Сіз баруға тиіссіз. Талғат әлдекімдер құсап елден қашқан жоқ. Елде. Мемлекет қаржысынан ауысқаны-түйіскені болса кайтарсын. Қателескен шығар. Жазған шығар, жаңылған шығар. Баласы үшін адам отқа да, суға да түспек. Елбасыдан кешірім сұраңыз. Қажет болса аяғына жығылыңыз. Ұғынар. Кешірер. Оның да өз баласы ғой. Баланың қапысын атасы кешер, данышпан қазақпыз ғой. Қанымызда кекшілдік жоқ, мейірбандығымыз өзгелерге үлгі болсын. Сабақ болсын. Елбасының қабылдауына бұрын сұранбасаңыз, енді сұраныңыз. Бұрын қабылдамаса, енді қабылдар.

Халыктың суйікті баласының басындағы осы бұлт сеиіліп, патшадан қайырымдылық табылса, қоғамның да арқасынан жүк түскендей болар еді. Азаматтарының баршасын соттай беретін қоғамда сүйкім қала ма? Жасыңыз ұлғайып, беліңіз бүгілген шақта Сізге Алла қуат, патшамызға сабыр берсін!», - дейді Жүрсін Ерман.

Рекомендовать
Последние новости