Ыстамбұлдағы жер сілкінісіне байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады,- деп хабарлайды Dalanews.kz.
Түркия билігінің ақпараты бойынша 23 сәуірде Ыстамбұл маңында магнитудасы 6,2 балл жер сілкінісі болып, артынан афтершоктар жалғасып жатыр.
"Қазір Түркия аумағындағы Қазақстан азаматтарынан Ыстамбұл қаласындағы ҚР Бас консулдығына өтініштер түскен жоқ. ҚР Сыртқы істер министрлігі Түркия билігімен және Қазақстанның Түркиядағы дипломатиялық өкілдіктерімен бірлесіп ахуалдың дамуын қадағалап отыр. Ыстамбұл қаласындағы ҚР Бас консулдығының консулдық есебінде 1137 Қазақстан азаматы тіркелген. Отандастарымызды сабырлық және қауіпсіздік шараларын сақтауға, сондай-ақ, жергілікті билік органдарының нұсқауларын мүлтіксіз орындауға шақырамыз", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, Ыстамбұлда 23 сәуірде жергілікті уақыт бойынша 12:49-да жойқын жер сілкінісі тіркелді. Түркияның төтенше жағдайлар басқармасының (AFAD) мәліметінше, жерасты дүмпулері Ыстамбұл, Текирдаг, Ялова, Бурса және Балыкесир провинцияларында сезілген.