Гүлнұр Оразымбетованы «Қазақстан» арнасының басшысы етіп тағайындау керек

Dalanews 05 апр. 2017 10:16 939

Қызық, иә. Бір үрдіс басталған бір кездері. Телеарналарға әнші-әртістерді  әкеп тықпалағанбыз. Әуелде бұл уақытша құбылыс па деп ойлаған едік. Олай емес екен. Қателесіппіз. Қазір оларды қуып шыға алмайсың. Еліміздегі телеарналарды билеп-төстеп алған. Қызық иә. Билік жеңіл-желпі дүниемен халықты қашанғы алдаймын деп ойлайды? 


[caption id="attachment_257027" align="aligncenter" width="508"] Думан Рамазан[/caption]

Қаламгер Думан Рамазанның жазбасы біле-білгенге таза сарказм. Әлеуметтік желідегі парақшасында жазушы күні кеше ғана "Таңшолпан" бағдарламасының директоры болып тағайындалған әнші Гүлнұр Оразымбетованы былайша айтқанда мақтамен бауыздапты. Басқасын білмейміз, бізге солай көрінді Ол не дейді сонда? Оқиықшы. 

Керемет таңдау! 


«Қазақстан» РТРК» АҚ-ның жаңа басшысы, саясаттанушы Ерлан Қарин мырза әнші Гүлнұр Оразымбетованы «Таңшолпан» бағдарламасының директоры қылып тағайындапты. Несі бар, өте керемет таңдау. Ерлан мырзаның қандай керемет таңдау жасағанына таң қалып отырмын.

Гүлнұр Оразымбетованың «Таңшолпанды» шырқ айналдыратынына сенімім кәміл. Енді көрермендер ылғи жақсы хабарлар көретін болады. Қазірдің өзінде «Таңшолпанда» керемет жаңалықтар, тың өзгерістер болып жатыр. Көрмейтіндер, түйені де көрмейді. Жүз сексен градусқа өзгерді. Іші күйгендер тұз жалай берсін, Бұрын оны ешкім де қарамаушы еді, өте нашар болатын. Ал Гүлнұр келгелі «Таңшолпан» жалпы халықтық бағдарламаға айналып келе жатыр. Өйткені, Гүлнұр Оразымбетованы өте білімді, өз ісінің білгірі, кәсіби маман деп есептеймін.

Оның қолынан бәрі келеді. Қызықсыңдар өздерің!..

Қызғаншақтар



Ал қазір талантты әншіні көре алмайтындар, қызғаншақтар, іші тарлар, топшылдар оны бұл қызметке лайық емес деп шуласып жатыр. Айтса, айта берсін! Қыртатындар қырта берсін! Ел не демейді! «Ит үре береді, керуен көше береді!»


Еш жасымаңыз, Гүлнұр! Құдай да адамға көтере алатын ғана қиындықты береді, сіз оны жеңіп шығады деген сеніммен! Қиындық түгіл, жауларыңызды да жеңіп шығарыңызға біз имандай сенеміз! Өйткені, сіз шынымен мықтысыз!

Ал көпшілікке айтарым, Гүлнұр өте талантты әнші. Ал талантты адам кез келген жерде талантты екенін дәлелдейді. Әлі Гүлнұр барлықтарыңның ауыздарыңды жабады, өз орнында отырғанын дәлелдейді.
Сондықтан біз Нұрлан Қоянбаев сияқты Гүлнұр Оразымбетова да өз орнында отыр деп есептейміз. Нағыз өз орнына енді келді. Білмесеңдер, біліп қойыңдар, оның орны – сахна емес, теларна!

Бұрынғы бұрынғы ма, талантының нағыз жарқырай көрінетін, қауыздай ашылатын кезі келіп тұр. Сондықтан оттайтындар оттай берсін! Құдай-ау, қазір кім не айтпай жатыр?! Олардың сөзіне құлақ ассаң өмір сүргің келмей кетеді. Қолыңнан келсе қоншыңнан бас. Мұрының барда жақсылап сіңбіріп қал!

«Әркім өз орнында отыру керек!» деген оттағандардың әңгімесі


Немене, етікшілерден, көлік жүргізушілерден, тігіншілерден журналист шықпайды деп кім айтты? Шыққанда қандай? Тіс дәрігері жүрекке ота жасай алмайды деп кім айтты? Әй, ол да жоғары оқу орнын бітірген кәсіби маман емес пе? Оның да дәрігер деген аты бар емес пе? Дәрігерден дәрігердің несі кем? Әй, ақымақтар-ай, ауыз өзімдікі екен деп көки бересіңдер ғой!

Өйткені, кез-келген адамның бойында талант бұғып жатады. Ал оны біреулер аша алады, екіншілері аша алмай қор болады. Сондықтан ондай жандарға да мүмкіндік беру керек!. Сондықтан Ерлан Қариннің бұл қадамын мен қос қолдап қолдаймын! Бұл тенденцияны ары қарай жалғастыра беру керек! Сонда ғана еліміз дамиды, гүлденеді.
Қазақ теледидарының да мәртебесі жоғарылап, керемет, ғажайып шоуларға, ән мен жырға, күлкіге қарық боларымыз анық!

Қайта мен өз тарапымнан мынандай ұсыныс айтамын: енді бір-екі айдан кейін Гүлнұр Оразымбетованы «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның басшысы етіп тағайындау керек! Ал бұған сіздер қалай қарайсыздар?

Рекомендовать
Последние новости